Алматыдағы Ұлттық кітапхананы оқырман қауым еліміздің мәдени ордасы ретінде жақсы біледі. Ұлы Абай ұлағатына сай «білмекке құмар» замандастардың, әсіресе жастардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Бізде кітап оқумен қатар озық тәжірибелер негізінде келушілердің өзара кең пікір алмасуына қолайлы жағдай жасалған. Ашық қорлардың және заманауи технологиялардың арқасында адамзаттық ақылдың мол қазынасы қолжетімді.
Зиялы қауымның қатысуымен әдебиет пен мәдениет, білім мен ғылым жайында басқосулар өткізу жақсы дәстүрге айналды. Мұндай кездесулерде мемлекетіміздің бүгіні мен ертеңіне қатысты жұртшылықты толғандырған мәселелер де қозғалады. Өткір сауалдарға биліктің дер кезінде құлақ асып, қоғамның толыққанды жауап алуы ел тұрақтылығының кепілі екені белгілі. Бұл Мемлекет басшысының ұстанымына сай «еститін мемлекет» құрғанда ғана мүмкін болмақ.
Ел Президентінің жыл беташарында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында көкейкесті мәселелер ашық әрі жан-жақты сөз болды. Ол халқымыздың бүгінгі барының бағасын пайымдап, ертеңгі дамуының көкжиегін айқындап берді. Шынында да, біздің бұрын кім болғанымыздан қазір кім екеніміз, ең бастысы, болашақта кім болатынымыз әлдеқайда маңызды. Сондықтан «өткенді аңсаумен өмір сүрмей», болашаққа қоян-қолтық қадам басуымыз қажет.
Қазір күн тәртібінде халқымыздың ұлттық құндылықтарды жоғары қоятын жаңа сапасын қалыптастыру міндеті тұр. Баршаға ортақ іске белсенді атсалысу кітапханашылар қауымдастығы, оның ішінде Ұлттық кітапхана ұжымы үшін де абырой. Бұған республика бойынша кітапханашы мәртебесін көтеріп, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға байланысты кейінгі жылдары қабылданған шаралар жігерлендіреді.
Егемен елімізде былтырғы 24 қазанда бірінші рет атап өтілген Кітапханашы күні – сол қамқорлықтың дәлелі. Өйткені даму мен тұрақтылықтың іргетасы – сауатты қоғам. Біз осыны ескере отырып оқырман қатарын көбейтуді тұрақты назарда ұстап келеміз. Оларға сапалы да үлгілі қызмет көрсетудің оңтайлы әрі тиімді жолдары ұжымдық жоспарда айқын көрсетілген. Осы сан-салалы жұмыста еліміздің бірлігі мен ынтымағын нығайтуға қызмет ететін шараларға да баса көңіл бөлінеді.
Бұл айтылғанға көз жеткізу үшін кітапханада ұйымдастырылатын танымал тұлғалармен кездесулерге, ел өміріндегі айтулы оқиғаларға арналған ғылыми конференциялар мен әдеби кештерге, жаңа шығармалардың тұсаукесерлері мен түрлі тақырыптағы кітап көрмелеріне қатысу жеткілікті. Жас ұрпақтың бойына адамзаттық құндылықтарды сіңіру – күнделікті қызметіміздің бір саласы. Жастарға отаншылдық пен ұлттық салт-дәстүрлерге құрмет рухында тәлім-тәрбие берудің әдіс-тәсілдері ұдайы жетілдіріліп келеді. Дүние жүзі халықтарының 123 тіліндегі 7 миллионнан астам кітап қоры – білім мен ғылым, парыз бен парасаттың ой салып, өнеге тұтар қазынасы. Мұнда оқырман кітап атты ойлы әрі сырлас достар тауып, бұл оның кемел тұлға болып қалыптасуына көмектеседі.
Әсіресе ұлттың ұлы тұлғалары әл-Фараби мен Абайдың асыл мұрасына арналған және шет мемлекеттердің елшіліктерімен бірлесе отырып ашылған ғылыми-әдеби орталықтар кітапқұмарлардың жиі бас қосатын орнына айналды.
Мемлекет басшысы сұхбатында ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізетінін атап өткен. Өскелең ұрпақтың өзінің шығу тегін, ұлттық тарихын оның барлық күрделілігі мен тереңдігінде түсінуі өте маңызды. Біздің көпғасырлық тарихымыз, бай материалдық және рухани мәдениетіміз жас ұрпақтың жүрегінде мақтаныш пен патриотизм сезімін, Отанға адал қызмет етуге деген ұмтылысын оятуға арналған.
Биыл ғұлама Қаныш Сәтбаевтың туғанына – 125, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеевтің туғанына – 120, балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың, даңқты батырлар Әлия Молдағұлова, Рақымжан Қошқарбаев, Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толады. Осы мерейлі даталарға орай Ұлттық кітапханада ұлт тарихындағы белгілі тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына, қызметіне арналған кітап көрмелері, еске алу кештері, әдеби кештер, дөңгелек үстелдер өткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосовтың туғанына 125 жыл толуына арналған республикалық конференция өтпекші. Ораз Жандосов – Ұлттық кітапхананың тұңғыш директоры. Ол кітапхананың қалыптасуына зор үлес қосқан, Қазақстан туралы, қазақ тіліндегі барлық баспа басылымын жинақтау туралы мәселе көтерген. Кітапхана бүгінгі күнге дейін қазақ халқының және Қазақстанның басқа этностарының жазба мәдениетін жинақтап, сақтаушы мемлекеттік ұлттық қазына қызметін атқарып келеді.
Осындай халқымыздың біртуар тұлғаларын еске алып, олардың мұрасын қазіргі жастарға, өскелең ұрпаққа паш ету, ата дәстүрлеріміз бен ана тілімізді ұлықтап, жас ұрпақтың бойында ұлттық мақтаныш пен елдік сезімдерін ояту – абыройлы парыз. Халық ауыз әдебиеті мен атақты ақын-жыраулардың асыл мұрасын, қазақтың тілі мен тарихын, мәдениеті мен әдебиетін дәріптейтін іс-шаралар үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды түгендеуге септігін тигізеді. Бір сөзбен айтсақ, сан ғасырлық тарихы бар рухани және салт-санамызды қалпына келтіруге бағытталған іс-шараларға қатысушылар мұндай басқосуларды қоғамда адамгершілік құндылықтарын орнықтырудың тиімді жолы ретінде қабылдайды. Озық дамудың сауатты қоғам мен ойлы ұлттың ғана сыбағасы екенін әрқашан есте ұстаған абзал. Жыл басы – Ұлыстың ұлы күнін атап өту де ұлттық болмысымызды тереңірек танытып, кітапхана қызметінің мән-маңызын арттыра түсері сөзсіз.
Бақытжамал ОСПАНОВА,
Ұлттық кітапхана директоры