• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 22 Қаңтар, 2024

Мемлекет басқару – жауапты іс

152 рет
көрсетілді

Еліміздің бас басылымында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мазмұнды сұхбаты жарияланды. Сұхбатта еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, мәдени-рухани саладағы жетістіктер айтылып, Қаңтар оқиғасына айқын баға берілді. Президенттік мерзім хақында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау жөніндегі пікір де ашық айтылды.

Қазіргі қоғамды мемлекеттік қызметшілердің ұстыны, іс-әрекеті ойландырады. Мемлекет басшысы осы орайда: «Олар білімді, білікті ғана емес, сөзі мен ісі үйлесетін, тиянақты, тәртіпті арлы адам болуы шарт», деген ұстанымын білдіріп отыр. Ал жас мемлекеттік қызметшілер туралы «Жас басшыларға көбіне тәжірибе жетіспейді. Менмендігі және өзіне деген сыни көзқарастың әлсіздігі, кейде олардың өз қарым-қабілетін жоғары деңгейде көр­сетуіне кедергі келтіреді», деп әділ бағасын берді. Сондықтан бүгінгі жас басшылар «Теориясыз практика соқыр, ал практикасыз теория ақсақ» деген ғұламалар қағидасын ұстанғаны жөн.

Сұхбатта «Біздің халық аса да­нышпан» деп жалған кеуде соғатындардың бар екеніне өткір сын айтылды. Шындығында, өткен тарихтағы жетістіктерімізді санамалай бермей, бүгінгі креативті технологияға ілесе білуіміз қажет. Президенттің «Жаңа жыл мен үшін қастерлі мереке емес. Өзі­міз­дің төл жаңа жылымыз – әз Наурызды естен шығармаған жөн», дегені отаншыл, патриот екенін байқатады.

Мемлекет басшысының ел бас­­қаруға қатысты айтқанын түйін­дер болсақ, қазақ халқында «Хан азса, халық адасады. Халық азса, хандыққа таласады» деген қанатты сөз бар. Осы тұрғыдан айтқанда, мемлекет басқару оңай емес, жауап­ты іс дегенге тоқта­ғы­мыз келе­ді. Ал іс басындағы Президент мем­­лекеттік билікті де аздырмай, бұқа­ра­ны да тура жолдан адастырмай, әді­летті қоғам мен адал адамды қалып­тас­ты­руға үн­деп отыр. Бұл – бүгінгі қоғам үшін қажетті қадам.

 

Айдар САБЫРОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің доценті

 

Атырау облысы