• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тұлға 23 Қаңтар, 2024

Шалқар шабыт иесі

320 рет
көрсетілді

КСРО халық әртісі, композитор Сыдық Мұхамеджанов – шығармаларынан ұлттық музыканың исі аңқып тұратын дарындардың бірі. Туындыларының әуені бай, ұлттық нақышы басым, бояуы қанық. Сондықтан оның ән-романстары, хорлары мен симфониялық шығармалары халықтың құлағына жағымды, жүрегіне жылы тиеді.

Сыдық 1924 жылы 5 тамызда Қарағанды облысының Шет ауданында, Үлкенбұлақ ауылында дүниеге келген. Оның му­зы­каға қабілеті жас кезінен-ақ бай­қалады. Алғаш рет қазақтың ән-күйлерін өз әкесі, домбырашы әрі қобызшы Мұхамеджаннан естиді. Анасы Ақборық та әнші болған деседі.

Қаршадайынан қабілеті бай­қалған Сыдық Алматы му­зы­ка училищесіне оқуға тү­сіп, оны бітіргеннен кейін Мемле­кет­тік консерваторияның ком­­по­зиторлық бөліміне, Е.Бру­си­ловскийдің сыныбына қа­­был­данады. Жас талант кон­сер­ваторияда оқып жүріп, «Шол­­паным», «Ауыл түні», «Жыл­қышы әні» сияқты әндер шы­ғарумен қатар, скрипка үшін соната, қобызға арналған пьесалар, хорлар мен драма спек­такльдеріне музыка, қазақтың халық аспаптары оркестріне ар­нап «Балқадиша» вариациясын, «Қыз қуу» симфониялық суреттемесін, «Домбыра туралы баллада», «Шаттық отаны» сим­фониялық поэмаларын жазды. Композитордың атын шығарып, көпшілікке танымал еткен осы соңғы поэмасы болды. Оның не­гізіне күй ырғағы алынғанмен, ол – қазақтың дәстүрлі күйлерінен түбірімен өзгеше жанр. Бір кезде М.Төлебаев халық аспапта­ры оркестріне арнап музыка жазуды құптап, қуаттап: «ғажайып республикалық халық аспаптары оркестріне (жетекшісі – Ш.Қажығалиев) арнап жазудан бас тартқан біздің жас авторларымыз кешірілмес қате жасайды деп ойлаймын. Өйткені шығармашылықтың бұл саласы фольклордан кәсіби өнер­дің күрделі формаларына өтетін жол», деген еді. Бұл поэма – сол М.Төлебаев айтқан «ұлттық му­зыканың кәсіби үлгіде» дамуы­нан туған симфониялық күй. Осы шығармамен қазақ музыка­­сын­да жаңа жанр туды деу­ге бола­ды. Алайда Сыдық тың­нан жол сал­ған жоқ. Өйткені оған дейін «Біржан –Сара» опе­расында «Соқыр Есжан» кү­йін классикалық тұрғыда өң­деп жаз­ған М.Төлебаевтың үл­гісі бар болатын. Бұдан ке­йін Е.Рах­мадиевтің әйгілі «Дай­рабай»,«Құдаша-думан», М.Маң­ғы­таевтың «Концерттік күй», Т.Қажығалиевтің «Қыз қуу», т.б. шығармалары дүниеге кел­ді. 1953 жылы Бухарестегі Бүкіл­дүниежүзілік фестивальге бар­ған Құрманғазы оркестрінің бағ­дарламасына М.Төлебаевтың «Венгр тақырыбына жа­зыл­ған «Фантазиясы», Е.Бруси­лов­скийдің «Румын әуендері», М.Глин­каның «Вальс-фанта­зия­сы», И.Брамстың «Венгр би­лері», румын композиторы Г.Ди­никудің «Хора стаккато» шы­ғармаларымен қатар «Шаттық отаны» атты симфониялық поэма да енгізілді. Кейін бұл шығармаға Жамбыл атындагы Мемлекеттік сыйлық берілді. Жас композитор үшін бұл үлкен табыс еді.

Дирижер Ш.Қажығалиев пен композитор С.Мұхамеджанов­тың ізгі сыйластыққа, шығармашы­лық достыққа айналған алғаш­­қы таныстығы сол жылдары бас­талып еді. Музыка жайындағы бір әңгіме кезінде Шәкең әнші дауысына арнап концерт жазу жөнінде Сыдыққа ой салады. Мемлекеттік сыйлықтың бірнеше дүркін лау­реаты Н.Д.Шпиллер және тама­ша әнші Д.Я.Пантофель-Нечец­кая орындаған Р.Глиэрдің жеке дауысқа жазған «Концертін» тыңдауға кеңес береді. Шәкең­нің бұл ұсынысы тамыры халық­тық музыканың топырағында өнген әуенге жаны бай композитор­дың көңіліне қона кетеді. Көп ұза­май Жарылғапбердінің «Ардақ» әнінің негізінде сопрано дауысына арналған тамаша «Концерт» дүниеге келеді.

1958 жылы аталған «Кон­церт» Мәскеуде өткен қазақ әде­биеті мен өнерінің онкүндігінде үлкен табысқа ие болды. Кейін бұл шығарма Б.Төлегенова­ның орындауында Ш.Қажығалиев­тің дирижерлігімен Армения мем­лекеттік симфониялық ор­кес­трі­нің сүйемелдеуінде таспаға түсіп, Бүкілодақтық радионың алтын қорына қосылды. Әнші дауысы­на жазылған «Концерт» қазақ музыкасы тарихында осы жанр­дағы тұңғыш, әрі күні бү­гінге дейін жалғыз туынды болып отыр.

С.Мұхамеджановтың шы­ғар­ма­­шылығына зейін қойып қарасаңыз, оның қазақ музыка­сын­дағы көптеген жанрға тұң­ғыш қалам тартқан композитор екенін аңғарасыз. Оның дом­быра мен халық аспаптары ор­кестрі үшін, қобыз бен халық аспаптары оркестрі үшін жазған «Концерттері» бұған дәлел. Оған дейін композитор Л.Хамидидің домбыра-прима аспабына жазған «Концерті» ғана бар еді. Домбыра мен қобызға арнайы жазылған кішігірім дүниелерден басқа кесек туынды жоқ болатын. Үстірт ойлаған адамға композитор атақ қуып, әр жанрда тұңғыш бо­луға тырысқан сияқты көрінеді. Алайда олай емес. Үлкен өнер иесі қазақ музыкасындағы кенже қалған жанрды дамытуда ке­йінгілерге үлгі көрсетіп, із қал­дыруды мақсат тұтты. Мұн­дай мақсат ұлтының өнерін өр­кен­детсем деген азаматтық ойдан туады. Сонымен қатар бұл өзіне оңтайлы жанрда ғана жазып қоймай, композитордың кез келген жанрды меңгеріп кете алатын шығармашылық қуа­тын, суреткерлік өресін, дарын дең­гейін білдірсе керек.

Ұлт өнерінде күлдіргі опера жоқ еді. Сыдық бұрынырақ­та өзі музыкасын жазған «Беу, қыз­дар-ай» комедиялық спекта­к­лін негізге алды. Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітов бірігіп жаз­ған ­спектакль сюжеті күлдіргі опе­раға сұранып-ақ тұр еді. Кө­ңіл­ді ырғаққа, күлкілі көріністер­ге, әзіл әуендерге толы опера көрер­меннің көзайымына айналды.1964 жылы операның премьера­сы алдында театр­да қойылымды тал­қылау бол­ды. Мәжіліске өнер адамдары: композиторлар, әнші­лер және ақындар қатысты. Кон­сер­ваторияның студенті мен де отырдым. Әртүрлі пікірлер айтылды. Қазақстанның халық әр­тісі Қанабек Байсейітовтің сөзі есімде қалыпты. «Кейбір композиторларымыз күрделі гар­мо­нияға әуес. Оны жұрт түсінсе жақсы. Сыдықтың музыкасы әуен­ділігімен, саздылығымен ерек­­шеленеді. Сосын да құлаққа жа­­ғымды, жанға жақын, халыққа түсінікті», деген еді өнер тарланы. Композиторға берілген әділ баға, замандастарының пікірі бүгін де маңызын жойған жоқ. Осыдан 60 жыл бұрын сахнаға шыққан қазақтың тұңғыш күл­діргі операсы «Айсұлудан» кейін бұл жанрға қалам тартқан ешкім болмады.

1960 жылы Мәскеуде Сы­дық­тың «Ғасырлар үні» оратория­сы орындалды. Хор мен сим­фо­ния­лық оркестрге арналған көп бөлімді күрделі шығарманың өне бойынан халық әні «Елім-айдың» әуені мен елім деген ердің асқақ рухы сезіліп тұрды. Бұл – қазақ музыкасындағы тұңғыш оратория еді. Көп ұзамай Ғ.Жұбанова­ның «Дала шұғыласы» ораториясы жарық көрді.

Сыдықтың ән-романстары­ның өзі бір төбе. Оның әндері әсем сазды, кең тынысты, әуенді болып келеді. «Қырманға кел, қал­қатай», «Тербеледі тың дала», «Жарқырайды Теміртаудың от­тары» әндері кезінде еңбек гим­ніне айналды десек дау туғызбас. Оның Абай сөздеріне жазған «Қақ­таған ақ күмістей кең маң­дайлы», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл», «Өзгеге, көңілім, тоярсың», «Жарқ етпес қара көңілім» сияқты он бес шақты романы – ерекше құнды дүниелер. Композитор Абай өлеңдерінің табиғатын танып, даналық философиясын ойлы да, терең әуендермен жеткізе білген. Сыдық романстарының әуезді нақышы мен қоңыр үні Абай әндерімен үйлесіп жатады. Композитор Абай сөздеріне жазған әндері мен романстары негізінде «Абай мен Әйгерім» деген радиоопера да жазды.

Қазақстан композиторлары­ның қаламынан туған симфо­ниялық шығармалар баршы­­лық. Е.Брусиловский бірнеше сим­фония, М.Төлебаев «Қазақ­стан», Е.Рахмадиев «Аман­гел­ді», «Тол­ғау» симфониялық поэмаларын, Қ.Мусин, Ғ.Жұба­нова, Т.Ба­зарбаев, М.Сағатов бір­­ді-екілі симфония жазды. ­Сим­­фония жанрында өндіріп еңбек еткен Е.Брусиловский, со­сын кө­лемді төрт симфония жаз­­ған С.Мұхамеджанов болды. Оның «Дауыл» атты алғашкы симфо­ниясы 1968 жылы жазылды. Бұл шығармада халқымыз­дың тарихы, заман ағысының иірім­деріндегі ел тағдыры сурет­тел­ді. Сол жылдар туралы дири­жер Шамғон Қажығалиев: «Сы­­дық өте сезімтал, тәрбиелі, абзал жан еді», деп есіне алады:

1968 жыл болатын. Оның «Дауыл» атты бірінші симфо­ния­сын дайындап жүрген кезім (бұл кезде Шамғон симфония­лық оркестрдің бас дирижері). Сим­фонияның қалың партитура­сын таңертең – жұмысқа, кешкі­сін – үйге, күнде тасимын. Соны білетін ол таңертең мені үйдің маңында күтіп тұрады. Сосын қолымдағы ауыр партитураны алып: «Шәке, саған оркестрмен жұмыс істеу керек. Қолың талмасын, мен көтерейін», дейді. Жұмыстан бірге қайтамыз. Сим­фония туралы көп сөйлесетін едік. Ақыры оның алғашқы симфониясы сәтті орындалып, композитор да, көрермен де өте риза болды» деп, еске алады. Компо­зитор көптеген драмалық спектакльдер мен кинофильмдерге му­зыка жазды. Ол көлемді үш опе­раның авторы. «Айсұлудан» кейін «Жұмбақ қыз», «Ақан сері – Ақтоқты» операларын жазып, тарихи оқиғаларды музыкасына арқау етті. Кейінгі кезде ол «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» операсын қолға алған екен.

Бұл сюжетке опера жазуды кезінде М.Төлебаев та бастаған болатын. Сәтті басталған опера аяғына жетсе, «еуропалық Ромео – Джульетта сюжетінен кем бол­майды» деп үміттенген композитор арманына жете алмай кеткен еді. Сыдықтың да бастаған операсын аяқтауға өмірі жетпеді. Өкінішті-ақ.

Алайда Сыдық Мұхамеджа­нов – қазақ музыка өнерінде өз үнін, өз келбетін танытып, артында өшпес із қалдырған композитор. Оның музыкасы уақыт өткен сайын егемен елінің рухын асқақтатып, туған халқының рухани қазынасына айналып келеді.

 

Тілеуғазы БЕЙСЕМБЕК,

Қазақстан композиторлар одағының мүшесі