• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Экономика 24 Қаңтар, 2024

Макроэкономика сауалнамасының нәтижесі

93 рет
көрсетілді

Таяуда еліміздің Бас қаржы реттеушісі – Ұлттық банк сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген макроэкономика сауалнамасының нәтижесін жариялады.

Сауалнамаға қатысқан нарық­тың кәсіби өкілдері, зерттеу инс­титуттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктерінің ішкі және әлемдік нарықтағы ахуалдың дамуына қатысты дербес пікірлері, бағалауларына шолу жасалды. Осылайша, 2024-2025 жылдар аралығында мұнай бағасы қалпында сақталып, ме­дианалық күтулерде Brent мар­калы мұнайдың бағасы орта есеп­пен барреліне 80 АҚШ дол­ларын құрайтындығын, ел эко­номикасының өсіміне қатысты 2024-2025 жылдарға арналған болжамдар сәйкесінше, 4,5% және 5% деңгейінде сақталып, 2026 жылға ІЖӨ 4,2%-ға ұлғая­тындығын айтады. Талдаушылар осы жылы инфляция болжамын 8%-дан 7,5%-ға дейін біршама жақсарғандығын, 2025 жылға қарай 6,9% болуы мүмкін деп отыр. Сонымен қатар биылғы жылға базалық мөлшерлеме 12%-дан 13,5%-ға дейінгі аралықта, 2025 жылы 10% деңгейінде сақ­та­лады деп болжайды.

Ал Қаржыгерлер қауымдас­тығы ұсынған мәліметтерге қара­ғанда, сарапшылардың төрттен үш бөлігі, яғни 94%-ы қаңтар айының 19 күні өткен монетарлық саясат отырысында базалық мөл­шерлеменің төмендеуі ықти­мал­дығын дәл болжаған. Соны­мен қатар қауымдастық осы айдағы кей­бір индикаторларға қатысты қаржы нарығының кәсіби қа­тысушыларының кезекті сауал­намасын ұсынып, Brent маркалы мұнайдың құны, ресей рубліне қарсы АҚШ долларының құны, ұлттық валютаға қарсы АҚШ долларының құны, инфляция, ішкі жалпы өнім мен Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі бойынша ойларын зерделеген.

Мамандар ақша-несие шарттарын қалыпқа келтіру биылғы жылы елдегі және көптеген сауда серіктестеріндегі инфляциялық қысымның тұрақты төмендеуі аясында жалғасатындығын ай­тады. Елімізде қаржылық жағ­дайларды жақсартуда ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда, бюджеттік ынталандыруда және энергия ресурс­тарына берілген жоғары бағамен қатар экономиканың өсімін қол­дайды. Қауымдастық бір жыл­дан кейін мұнай бағасының және ОПЕК+ шикізатын өндіруді одан әрі түзетуге және пайыздық мөлшерлеменің жаһандық тө­мендеуімен байланыстырып, валюта нарығы ақпан айының басында USD/KZT бағамы бір доллар үшін 457,4 теңге деңгейінде болады деп болжанып отыр. Бір жылдан кейін USD/KZT теңгелік активтердің төмендеуі (пайыздық мөлшерле­мелер), импорттың өсуі (инфра­құрылымдық жобаларды іске асыру) және сыртқы борыш бойынша ірі төлем­дер (24-25 жылдары Қаржы ми­нистрлігінің еурооблигациялары бойынша төлемдер) аясында бір доллар 484,1 теңгеге дейін өсу ықти­малдығын ескертеді.