• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өндіріс 24 Қаңтар, 2024

Жаңа зауыт жобасына қол қойылды

349 рет
көрсетілді

«Еуропалық құбыр жүйелері» ЖШҚ Ақтауда тұрғын үй-коммуналдық секторында қолдануға арналған «Аrmpex pursystems» брендімен алдын ала оқшауланған икемді құбырларды өндіруге қызығушылық танытып отыр. Айтуларынша, бұл өнімнің негізгі техникалық артықшылықтары – жоғары температураға төзімділігі 115°C дейін және 1,6 МПа дейінгі қысымда жұмыс істеуі.

«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының аумағында салынып, осы жылдың соңына таман пайдалануға беруді көздеп отырған «Маңғыстау облысында жылумен жабдықтау, ыстық сумен жабдықтау және өнеркәсіп үшін икемді полимерлі алдын ала оқшауланған құбыр­лар шығаратын зауыт салу» жобасы аясында «Еуропалық құбыр жүйелері» ЖШҚ Маңғыстау облысының әкімдігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

– «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында өн­дірісті оқшаулау бірнеше өзекті міндеттерді шешуге көмектеседі. Экономикалық тұрғыда бұл бізге импортты отандық өніммен ауыстыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ біз шетелдік компаниялардан өнімді сатып алудан гөрі өзіміз өндіруге және қайта өңдеуге көшеміз. Жаңа жоба өңірлік дамуға үлес қосып, сала үшін кадрлар даярлау мүмкіндігін ашады. Басты артықшылықтың бірі – жаңа жұмыс орындарын құру. Болашақ кәсіпорнымыз 50 тұрақты жұмыс орнын ашуға ниетті. Өндірісті оқшаулау жергілікті шағын және орта бизнес үшін мультипликативті және қосымша пайда әкеледі деп үміттенеміз. Бұл – жергілікті бизнес үшін нақты перспектива, – деген Директорлар кеңесінің мүшесі – «Еуропалық құбыр жүйелері» ЖШҚ коммерциялық директоры А.Арутюнов жобаға инвестиция салуға дайын екендерін жеткізді. Жобаны жүзеге асыру үшін «Еуропалық құбыр жүйелері» ЖШҚ бастапқы кезеңде 5 миллион доллар қаражат бөлуді қарас­тырып отыр.

Дәстүрлі болат құбырлармен салыстырғанда кем дегенде 50 жылдық ұзақмерзімді кепілдік және салқын­датқыштың гидравликалық өткізгіштігінің жақ­саруы, абсолютті кедір-бұдырлықтың төмен­ді­гі, сондай-ақ бітелу мен шөгінділердің жиналу қаупінің болмауы сияқты сипаттамалары бұл өнімге басымдық береді. Зауыттың өндірістік қуаты жылына кемінде 200 км құбыр өнімін құрайды. Жоба авторларының сөзіне сенсек, жаңа технологияларды қолдану кезіндегі жылу желілері мен ыстық сумен жабдықтаудың шығындарын болат құбырларын салуға кететін шығындармен салыстыруға болады. Ұзақмерзімді перспективада қолданылатын құбырлар апаттық режімдердің және құбырлардың жарылуына байланысты оқиғалардың болмауы есебінен пайдалану шы­ғын­дарын барынша азайтуға мүмкіндік береді, бұл қала және өңір тұрғындары үшін жылу энер­гия­сының тарифтеріне пайдалы әсер етеді екен.

– Технологияның ерекшелігін ескере оты­­рып, жоғары сапалы өнім өндірумен айналысатын зауыт белгіленген мерзімде пай­далануға берілуге тиіс. Маңғыстау облысының әкімдігі қолданыстағы заңнама шеңберінде жер учаскесін беру, «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының аумағында қажетті инженерлік коммуникацияларды жүргізу үде­рі­сіне жәрдемдесуді қоса алғанда, әлеуетті инвесторға жан-жақты қолдау көрсетуге да­йын. Жобаны іске асыру Ақтау қаласының тұр­ғындарын сапалы жылу энергиясымен және ыстық сумен қамтамасыз етуге, энергия тиім­ділігі мен энергия үнемдеуді арттыра оты­рып, энергия шығындарын төмендетуге ба­ғыт­­талған, – деді Маңғыстау облысының әкімі Н.Ноғаев.         

Маңғыстауда екіжақты жобаларға талай қол қойылып қуантқан, бірақ бүгінде отандық өнімді көл-көсір өндіріп жатқандары шамалы. Бұл жоба да жоғалып кете ме, жоқ әлде өнімді кәсіпорын бола ма, ол жағын уақыт көрсетеді.

 

Маңғыстау облысы