Биыл ұлт ұйытқысы – Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтеді. Еліміз қазір жауапты трансформация – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру кезеңінде тұр. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайға қоғамдық диалогтің біртұтас институционалдық моделін қалыптастыруды, жалпыұлттық құндылықтар, руханият, бірлік, жаңа әлеуметтік этика, жаңарған менталитет бастамаларын жүзеге асыруды жүктегені белгілі.
Елдегі саяси-экономикалық реформалардың идеологиялық өзгерістермен бірге жүруі – жалпы қоғамдық жаңғырудың негізі. Қазір әлемде халықаралық жағдай күн сайын құбылып жатқанына куә болып отырмыз. Әр ел өз мүддесін жоғары қоятыны түсінікті. Сондықтан да әрқайсысы өз өктемдігін, өз ұстанымын тек саясат, экономикада емес, руханиятта да өз талабына икемдеуге тырысып жатқанын көкірегі ояу, көзіқарақты көпшілік біліп отыр. Өркениеттер, идеялар мен ұстанымдар қақтығысы кезінде өскелең ұрпақтың адаспауы, қоғамның ұлттық құндылықтарды дұрыс бағамдауы аса маңызды. Ұлттық құрылтайдың қоғамды ұйыстыру миссиясының түп негізі – осы.
Еліміз сапалы деңгейде біртұтас болуы қажет. Бұл жерде, әрине, сенім – шешуші фактор. Билік пен халықтың өзара байланысы мен сенімін күшейту бағытында елде қолға алынған институционалды өзгерістер оң нәтижесін бере бастады.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы билік пен қоғам арасындағы диалог пен консенсус арқылы өзара байланыстың жаңа үлгісін қалыптастырып келеді. Дегенмен жылдар бойы қалыптасқан «әдетті» жеңу екі жақ үшін де оңай болмаса да, кейінгі жылдардағы өзгерістерді көрмеу мүмкін емес.
«Ұлттық Құрылтайдың отырыстары идеология саласындағы мәселелерді, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісін, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту жайын талқылайтын тиімді пікірталас орнына айналды. Бұған дейін жаздыгүні шақырылып келе жатқан Құрылтайдың отырысын биыл сәл ертерек, көктемде өткізетін шығармыз», деді Президент «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында.
2023 жылдың екінші жартысында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты ұлттық құндылықтар жүйесін қайта жаңғырту мәселелеріне ойысты. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Түркістанда сөйлеген сөзінен басталды. Жиында Президент негізгі идеологиялар тізбесі: тәуелсіздік пен отансүйгіштік, бірлік пен тұрақтылық, әділеттілік пен ынтымақ, заң және тәртіп, сенім және жауапкершілік, мәдени білім және кәсібилік, еңбекті атап айтты.
Мемлекет басшысының бастамасымен ежелгі заманнан бүгінге дейінгі көптомдық тарихтың әзірленуі – өскелең ұрпаққа мемлекетіміздің терең тамырын таныту, ұлтты ұйыстырып, ел мүддесін бағамдату. Жастардың қызығушылығын ояту мақсатында отандық кітап өндірісіне, әдеби шығармашылыққа қолдау көрсетіп, осы бағытта арнайы заңнамалық өзгерістердің қолға алынуы да – Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелердің жүйелі шешім табуының көрінісі.
Ұлттық құрылтайдағы бастаманың бірі – креативті индустрияны дамыту арқылы ұлттық болмысымызды айшықтау, әлемге отандық жаңа брендтерді таныту. Қазір креативті индустрияға қатысты арнайы заң жобасы талқыланып жатыр. Сенаттағы заңды талқылау жұмысына азаматтық қоғам өкілдерінің белсене араласуы, қоғам мен биліктің бірлесе жұмыс істеуі қуантады.
Ал «Quryltai» мобильді қосымшасы іске қосылғалы платформа арқылы азаматтар көкейінде жүрген мәселелерге қатысты ойлары мен ұсыныстарын жолдап, мемлекеттік шешім қабылдауда қоғамға қозғау салды.
«Хабар» және «Qazaqstan» телеарналарындағы арнайы бағдарламалар да қоғамдағы өткір мәселелер мен аймақ тұрғындарын алаңдатқан тақырыптарды көтеріп, Ұлттық құрылтай мүшелері мен билік өкілдерінің халықпен бірлесе ортақ шешім іздеуіне мүмкіндік беріп отыр.
Заң мен тәртіпті сақтау, әйелдер мен балалардың құқын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу, бұзақылық пен мәдениетсіздікке қарсы тұру мәселелері бойынша біраз қоғамдық талқылау өтті. Бұл қоғамда жеке және қоғамдық мәдениеттің жаңа нормаларын қалыптастыру мен сақтау сұранысының артып келе жатқанын көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, билік те, азаматтық қоғам өкілдері де заңды өзгерту немесе жаңа институттар құру жеткіліксіз екенін түйсінді. Әрине, қоғамдық сана эволюциясын алып, жеделдету мүмкін емес. Бұл – біртіндеп, табиғи түрде жүретін үдеріс.
Сондықтан «еститін мемлекет» қағидаттары билік пен қоғам арасындағы диалог пен консенсус арқылы өзара іс-қимылдың жаңа үлгісін қалыптастырды деп айта аламыз. Міне, дәл осы қағидаттар президенттік реформалардың негізін құрады. Өңірлер мен сала өкілдерінен құралған Ұлттық құрылтай аясында билік пен қоғамның өзара іс-қимылының бірегей тетігіне айналды. Бірлікті сақтау, жасампаздықты дамыту және жаңа әлеуметтік этиканы қалыптастыру – қазір күн тәртібінде тұрған басты мәселелер.
Бибигүл ЖЕКСЕНБАЙ,
Сенат депутаты