Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіндегі сұхбатында халықты мазалап жүрген көптеген көкейкесті мәселеге жан-жақты жауап берді. Соның бірі – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі, оның ішінде атом электр стансасын салу жөніндегі мәселе. «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, атом энергиясын игерудің пайдасы да, қауіп-қатері де жеткілікті. Чернобыль мен «Фукусима-1» атом электр стансаларындағы апат, Семей, Невада, Лобнор сияқты ядролық сынақ полигондарының зардаптары, дамыған елдердегі атом электр стансаларының радиоакативті отын қалдықтарын зарарсыздандыру мәселелері...
Мұның барлығы атом энергиясына қатысты қоғамдағы қарама-қайшы ой-пікірдің туындауына ықпал етері сөзсіз. Сондықтан Мемлекет басшысы Жолдауында АЭС құрылысына қатысты мәселені жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынды. Әрине, бұл тұрғыда энергетика қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүдде емес, нақты қажеттілік пен мүмкіндіктер тұрғысынан қарастырып, ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн. Президент те осыны айтты. Яғни АЭС салу тек энергетикалық қауіпсіздік емес, экологиялық қауіпсіздік, ғылыми-техникалық саясат, дамыған елдердің геосаяси мүдделерімен де астасып жатыр. АЭС салатын мердігер компания қайсы елге тиісілі болатыны да аса маңызды. Осындай өзекті мәселелердің барлығын кешенді талдап, жалпылап қорытып, жеті рет өлшеп, бір рет кесу үшін референдум болғаны жөн. Президентіміз айтқандай, АЭС саламыз ба, салмаймыз ба – мұны халық шешеді.
Дегенмен кім де болса қолында барды ұқсатып, ұтымды пайдаланғысы келері сөзсіз. Дүниежүзілік ядролық қауымдастық («World Nuclear Association») мәліметі бойынша, әлемдік уран өндірісінің үштен екісі негізінен Қазақстан, Канада және Намибия сияқты үш елге тиесілі. Оның ішінде Қазақстан 2022 жылы әлемдік нарықтағы уранның ең көп бөлігін өндірген (әлемдік үлесі 43%), одан кейін Канада (15%) және Намибия (11%). Ал әлемдегі табиғи уран қоры мол елдердің алғашқы бестігі мынадай: Аустралия – 28% (1 692 700 тонна), Қазақстан – 15% (906 800 тонна), Канада – 9% (564 900 тонна), Ресей – 8% (486 000 тонна), Намибия – 7% (448 300 тонна). Көріп отырғанымыздай, бейбіт атом энергиясын игеруде еліміздің әлеуеті орасан зор. Мәселе сол әлеуетті қауіпсіз және орнықты дамудың талаптарына сай жүзеге асыра білуде болып тұр.
Атом электр энергиясына қажетті уранның мол қорына ие бола тұра Қазақстанның энергетикалық жүйесі кейінгі жылдары өткір тапшылықты сезініп отыр. Энергетика министрлігі 2023 жылы 6 миллиард киловатт/сағатқа жуық электр энергиясының тапшылығы болғанын хабарлады. Сәйкесінше қазір бұл көрсеткіш тәулігіне 1 гектоваттан асады. Министрліктің мәліметінше, 2029 жылға қарай энергия тұтыну 20 пайызға артады, ал өндіріс тек 17 пайызды құрайды. Президентіміз 2021 жылғы Жолдауында да еліміз 2030 жылға қарай энергетикалық тапшылықты өткір сезінетін болады деген болжам жасап, одан шығудың бірден-бір жолы бейбіт атомды игеру екенін ескерткені есімізде.
1996 жылдан бастап бүкіл энергожүйенің бірыңғай жүйелік операторы болып «KEGOC» АҚ («Kazakhstan Electricity Grid Operating Company») электр желілерін басқару жөніндегі отандық компания анықталған. Еліміз бойынша барлығы 207 әртүрлі меншік нысанындағы электр стансасы бар. Бірақ олар тұрғын үй құрылысының қарқыны жоғары, халқының саны артып жатқан қалалармыз үшін жеткіліксіз. Қазақстанда энергия өндірудің 60 пайызы әлі күнге дейін көмір отынға тәуелді болып отыр.
Egov порталындағы қолжетімді ашық ақпаратқа сәйкес электр энергиясын өндірудегі мемлекеттің үлесі 48 пайызды құрайды. Оның шамамен 30%-ын – «Самұрық Энерго» АҚ, 6%-ын – «Қазатомөнеркәсіп» МАЭК, 4%-ын – Өскемен және Шүлбі ГЭС-тері, 2%-ын – «Астана-Энергия» АҚ, 6%-ын басқалары өндіреді. Ал жекеменшік компаниялар отандық энергияның 52%-ын өндіреді екен.
Өкінішке қарай, еліміздегі жасыл энергетиканың үлесі өте аз. Астанада өткен «ЕХРО-2017» көрмесінің тақырыбы «Future Energy» («Болашақтың қуаты») болғанымен отандық баламалы жасыл энергия өндірісі баяу дамып отыр. Премьер-министр Әлихан Смайылов 2022 жылы 6-20 қарашада Мысырда өткен Климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық конференцияның (COP27) әлемдік көшбасшылар саммитінде «Бүгінде Қазақстандағы «жасыл» энергияны өндірудің жалпы үлесі шамамен 3%-ға тең. Бұл ретте оның өндірісін 2030 жылға қарай 15%-ға дейін, қосымша 7ГВт дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Осы жылға қарай көміртегі шығарындыларын кем дегенде 15%-ға төмендету күтілген», деген болатын.
«QazaqGreen» жасыл экономика жөніндегі ақпараттық порталының мәліметіне сүйенсек, елімізде қуаты 2388 МВт жаңғырмалы энергия көздерінің 130 нысаны жұмыс істейді. Олардың ішінде: қуаттылығы 957,5 МВт жел электр стансаларының 46 нысаны, қуаты 1149 МВт күн электр стансаларының 44 нысаны, қуаты 280 МВт болатын 37 гидроэлектрстанса имараты, қуаты 1,82 МВт болатын 3 биоэлектр стансасы бар.
Астананың өзіне табиғи газ кейінгі жылдары ғана жетті. «Сарыарқа» магистралды газ құбырының құрылысы 2018 жылы басталғаны белгілі. 2021 жылы Мемлекет басшысы Қазақстан көгілдір отынмен 53 пайызға қамтамасыз етілгенін, тек 6 аймақ газдандырылғанын айта келе Үкіметке елімізді газбен толық қамтамасыз етуді тапсырғаны есімізде.
Электр энергиясының тапшылығына халық саны мен урбанизацияның қарқыны ғана емес, қосалқы факторлар да ықпал етіп отыр. Қазақстанда өнеркәсіп орындары электр энергиясының 58%-ын, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласы – 22%-ын, көлік саласы – 3%-ын, құрылыс саласы – 1,5%-ын, ауыл шаруашылығы саласы 1%-ын тұтынады. Бүгінгі таңда отандық 19 жылу электр орталығы техникалық жай-күйі өте ауыр жағдайда тұр, инфрақұрылымының 80%-ы тозып кеткен. Оларды жөндеуге 182 млрд теңге жұмсау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар электр энергиясын тиімді әрі үнемді қолдану мәселесі де өте өзекті. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметі бойынша еліміздегі электр энергиясының шығыны 14%-ға тең. Бұл – электр стансасынан тұтынушыға дейінгі аралықта, яғни желі бойында немесе ескі технология мен тозған инфрақұрылым кесірінен ізім-қайым жоғалып кететін энергия. Бұған қоса электр энергиясының желілеріне заңсыз қосылу және ұрлау мәселелері де толық шешімін таппаған. Әсіресе кейінгі жылдары криптовалюта өндіретін астыртын майнингтік фермалар электр энергиясын өте үлкен көлемде ұрлайтын «паразит» тұтынушыға айналып отыр. Еліміздің Қаржылық мониторинг агенттігі 2022 жылы отандық бірнеше белгілі кәсіпкермен және бұрынғы шенеуніктермен байланысы бар 51 заңсыз майнингтік ферманы анықтап, оларды электр желісінен ажыратып, қызметін тоқтатқан. Бұған қоса 55 майнингтік ферма өздерінің заңсыз қызметтері әшкере болғандықтан, ерікті түрде жұмысын доғарды.
Қысқасы, Қазақстандағы АЭС салынуының тағдыры жалпыхалықтық референдумда шешілетіні анық. Сәйкесінше бұл бастаманың дамуында екі түрлі сценарий болмақ. Біріншісі – халық қолдаса, АЭС салынады. Мұндай жағдайда ұлттық мүдделерімізді ескеріп, барынша қауіпсіз, бағасына сапасы сай келетін ұтымды нұсқаны, ғылыми-техникалық әлеуеті жоғары, сенімді әріптес әрі адал мердігер болатын мемлекетті таңдай білу міндеті туындайды. Одан кейін, әрине, АЭС-тің қауіпсіз қызметін қамтамасыз ететін отандық ғылыми-техникалық кадрлар мен тиісті инфрақұрылымды дамыту мәселесі тиісті шешімін табуға тиіс. Яғни болашақта ешкімге жалтақтамай, АЭС-ке «өзіміз би, өзіміз қожа» бола білуіміз керек. Екінші – референдум нәтижесінде АЭС салуға халық қарсы болса, бейбіт атом энергетикасын дамыту мүмкіндігі шектеледі. Мұндай жағдайда еліміздің энергетикалық жүйесін жаңғырту, инфрақұрылымды жаңалау, жаппай энергия үнемдеу, қалпына келетін баламалы қуат көздерін (негізінен су, жел, күн энергияларын) пайдалануды ынталандыру, жеке тұрғын үй секторына қатысты балама энергия көздерін субсидиялау жүзеге аспай қалады. Біз үшін маңыздысы – мәселеге кешенді қарап, лайықты қорытынды шығару.
Сейілбек МҰСАТАЕВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, саяси ғылымдар докторы