Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ тапсыратын 16 жастан асқан және 16 жасқа толмаған түлектерден қандай құжат сұралатынын айтты, деп жазады Egemen.kz.
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше 16 жасқа толған ҰБТ тапсырушыдан бір ғана құжат талап етіледі. Ол тұлғаның жеке басын куәландыратын - жеке куәлік (паспорт). Бітіруші құжатын eGov, Kaspi.kz және Halyk қосымшалары арқылы электронды форматта да ұсынуға құқылы.
Ал ҰБТ тапсыру кезінде 16 жасқа толмаған түлек туу туралы куәлік және көлемі 3х4 түрлі түсті фотосы бар мектептен анықтама алып келу керек.
«Құжаттармен қоса, тестілеуге қатысушылар өздерімен бірге қалам, қажет болған жағдайда су бөтелкесі мен шоколад кіргізуге рұқсат етіледі. Басқа заттардың барлығына тыйым салынған және оларды алып кіруге тырысу тестілеу ережелерін бұзу болып саналады. Жұмыс үшін парақтар емтихан орнында ұсынылады», деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Орталық тест тапсырушы ҰБТ тапсырғанда ыңғайлы әрекет ету үшін еркін киім киюге тыйым салынбайтынын да еске салды.