Маңғыстау облысында жастар, әсіресе мектеп оқушылары арасында көркем және эстетикалық гимнастикаға қызығушылар саны артып келеді. Қазіргі таңда аталған спорт түрімен мыңнан астам бала шұғылданады. Облыстық көркем және эстетикалық гимнастика федерациясының жуырда ғана тағайындалған президенті Аида Садатқызы «Меловой» спорт кешеніне барып, жаттықтырушылардың жұмысымен танысып, жаттықтырушылар мен спортшыларға жылы лебізін білдірді.
«Гимнастика табандылықты талап етеді. Спорттық жолыңда кезіккен кедергілер мен қиындықтарға мойымау керек. Республикалық, халықаралық байқауларда өнер көрсету үшін үздіксіз даярлық, жүйелі жаттығу қажет. Алдағы Шымкент қаласында өтетін Қазақстан чемпионатында жеңіс тілеймін», деді Аида Садатқызы.
Бибігүл Ерназарова облыстық федерацияда 2016 жылдан бері қызмет етеді. 9 жасынан бері гимнастикамен айналысатын тәжірибелі спортшының жаттықтырушы ретінде еңбек өтілі 30 жылға жуықтайды.
«5 жастан бастап қыздар кіші, орта және үлкен топтарда жаттығады. Жас ерекшелігіне қарай жаттығу уақыты 1–4 сағатқа дейін созылады. Жарыс алдында дайындықты күшейтеміз», дейді ол.
2024 жылы наурызда Маңғыстау облысында көркем және эстетикалық гимнастикадан республикалық жарыс өтеді. Аталған жарыста облыс біріншілігінде іріктелген әр разрядтан 3 топ, 5 спортшы облыс намысын қорғайды.
Өздері үшін барлық жағдай жасалған спорт кешенінде балғын гимнастар қауырт дайындыққа кіріскен.
Маңғыстау облысы