• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Құқық 25 Қаңтар, 2024

Басты міндет – кадр сапасын жақсарту

135 рет
көрсетілді

Ішкі істер министрлігінде орталық аппарат­ қыз­мет­тері мен аумақтық департаменттердің, қала­лық басқармалар мен аудандық полиция бөлім­де­рі­­нің бастықтары, Ұлттық ұланның өңірлік қол­бас­­шы­­лықтары басшыларының қатысуымен оты­рыс өтті.

Министр, полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденов қызметкерлерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ведомство алқасында ішкі істер органдарының алдына қойған негізгі міндеттерін жеткізді. Министрдің орынбасарлары өткен жылғы жұ­мысты қорытындылап, өздері жетекшілік ететін бағыттар бойынша 2024 жылға арналған жос­парларымен бөлісті.

Отырыс барысында министр қылмыстың жекелеген түрлерінің өсуі байқалатын және оларды ашу деңгейі төмендеген өңірлік полиция департаменттерінің жұмысын сынға алды. Әріптестеріне алдағы аттестация туралы ескертіп, биыл министрлік кадр сапасын арттыруға ден қоятынын айтты.

– Негізгі міндетіміз – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Заң және тәртіп, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік, жазаның бұл­тартпастығы бірінші орында тұруы керек. Сондықтан жасақтардың жүйелі жұ­мысын ұйымдастырып, көшелер мен аулаларды барынша қамтуды, мектептер мен жоғары оқу орындарында профилактикалық жұмысты күшейтуді тапсырамын, – деп атап өтті министр. Сондай-ақ ол аумақтық полиция департаменттерінің бастықтарына азаматтарды жеке қабылдап отыруды, олардың конституциялық құқықтары мен тергеу мер­зім­де­рінің сақталуын қамтамасыз етуді, көші-қон саласына пат­рульдік, учаскелік инспекторлар мен жедел қыз­меткерлерді жұмылдыруды тапсырды.

Жиында ІІО қызметтері мен бөліністеріне тағайындалған жаңа басшылар таныстырылды. Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша Ішкі істер министрінің бұйрығымен қызметті күшейту үшін Кри­миналдық полиция депар­таментінің басшысы лауазымына полиция полковнигі Қанат Нұрмағамбетов таға­йындалды. Бұған дейін ол министрліктің Ұйымдас­қан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басшысы болған.

Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы лауа­зымына әділет полковнигі Теңізжан Жәнібеков таға­йындалды. Ол бұрын Шым­кент қаласы мен Түр­кістан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің басшысы қызметін атқарған. Бұрын ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары болған полиция полковнигі Сарқытбай Құсайынов Жетісу облысы ПД басшысы лауазымына тағайындалды.