Ішкі істер министрлігінде орталық аппарат қызметтері мен аумақтық департаменттердің, қалалық басқармалар мен аудандық полиция бөлімдерінің бастықтары, Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтары басшыларының қатысуымен отырыс өтті.
Министр, полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденов қызметкерлерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ведомство алқасында ішкі істер органдарының алдына қойған негізгі міндеттерін жеткізді. Министрдің орынбасарлары өткен жылғы жұмысты қорытындылап, өздері жетекшілік ететін бағыттар бойынша 2024 жылға арналған жоспарларымен бөлісті.
Отырыс барысында министр қылмыстың жекелеген түрлерінің өсуі байқалатын және оларды ашу деңгейі төмендеген өңірлік полиция департаменттерінің жұмысын сынға алды. Әріптестеріне алдағы аттестация туралы ескертіп, биыл министрлік кадр сапасын арттыруға ден қоятынын айтты.
– Негізгі міндетіміз – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Заң және тәртіп, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік, жазаның бұлтартпастығы бірінші орында тұруы керек. Сондықтан жасақтардың жүйелі жұмысын ұйымдастырып, көшелер мен аулаларды барынша қамтуды, мектептер мен жоғары оқу орындарында профилактикалық жұмысты күшейтуді тапсырамын, – деп атап өтті министр. Сондай-ақ ол аумақтық полиция департаменттерінің бастықтарына азаматтарды жеке қабылдап отыруды, олардың конституциялық құқықтары мен тергеу мерзімдерінің сақталуын қамтамасыз етуді, көші-қон саласына патрульдік, учаскелік инспекторлар мен жедел қызметкерлерді жұмылдыруды тапсырды.
Жиында ІІО қызметтері мен бөліністеріне тағайындалған жаңа басшылар таныстырылды. Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша Ішкі істер министрінің бұйрығымен қызметті күшейту үшін Криминалдық полиция департаментінің басшысы лауазымына полиция полковнигі Қанат Нұрмағамбетов тағайындалды. Бұған дейін ол министрліктің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басшысы болған.
Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы лауазымына әділет полковнигі Теңізжан Жәнібеков тағайындалды. Ол бұрын Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің басшысы қызметін атқарған. Бұрын ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары болған полиция полковнигі Сарқытбай Құсайынов Жетісу облысы ПД басшысы лауазымына тағайындалды.