Қаңтар айындағы ұлттық бірыңғай тестілеу басталғалы бері 15 мыңға жуық талапкер тест тапсырды. Оның 67 пайызы – қазақ тілінде, 32,9 пайызы – орыс тілінде, ал 13 оқушы ағылшын тілінде сынақтан өтті. Қаңтар ҰБТ-сы қазір қалай өтіп жатыр? Алғашқы сынақтың аралық қорытындылары қандай?
Қазіргі таңда мектеп бітіруші түлектер жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ-ны бес рет тапсыратыны белгілі. Соның алғашқысы – қаңтар айындағы сынақ. Талапкерлер бұл жолғы сертификатпен мемлекеттік грантқа қатыса алмайды, бірақ шектік балдан асса, ақылы оқуға түсуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар тестілеудің қалай өтетінін көріп, ауанын сезініп, білімін бір пысықтап алуға таптырмас сәт.
– Қаңтар айындағы ҰБТ-ның бірінші аптасы аяқталды. Тестілеу 10 ақпанға дейін жалғасады. Тестілеуге қатысуға 136 мың өтініш келіп түсті. Олардың басым бөлігі, атап айтқанда, 19%-ы «Математика-Физика» пәндер комбинациясын, 14%-ы «Биология-Химия» комбинациясын таңдаған. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-Физика», оны 22 адам тапсырған, – деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Грантқа ынталы әр талапкердің мақсаты жоғары балл алу екені анық. Ал жоғары ұпай алу үшін әрине, жоғары деңгейдегі дайындық керек.
– 11-сынып оқушылары қаңтар айындағы сынақтың нәтижесінде білім деңгейін біліп, тестілеудің қандай болатынын сезінеді. Түлектердің көбі бұл жолғы тестілеуден кейін бірден ес жиып, дайындыққа білек сыбана кіріседі. Мұғалім ретінде айтарым, ҰБТ тапсыру жылдан-жылға жаңа форматқа ауысып, академиялық адалдық жақсы сақталып, жаңа деңгейге көтеріліп келе жатыр. Қаңтар айындағы тестілеу – оқушыларды нағыз ҰБТ-ға тыңғылықты дайындалуға серпін береді. Сондықтан оқушыларыма «Көп алсаң тасыма, аз алсаң жасыма» деп жиі айтамын, – дейді Астана қаласындағы JUZ40 EDUCATION білім беру орталығының мұғалімі Нилюфар Қалменова.
Сонымен қатар алғашқы сынақты тапсырып шыққан оқушылардың да пікіріне құлақ салдық. Олар камераның алдында бірінші рет тапсырғандықтан қатты қобалжығандарын жасырмады. Тіпті дайындықты 11-сыныпта бастағандықтан, өтпеген тақырыптардың сұрағынан мүдіргендерін де ашық айтты. Бірақ бұл тестілеу келесі ҰБТ-ға жүйелі түрде жақсылап дайындалу керектігін анық ұқтырды десті олар.
Ал дайындаламын деген оқушыға мүмкіндік көп. Атап айтсақ, 2024 жылғы түлектерге білім беру орталықтарының қолдауымен тегін онлайн сабақтар жүргізіліп жатыр. Бұл сабақтар білім беру орталықтарының YouTube арналарында тікелей эфирде өтіп, сақталады. Талапкерлер кез келген уақытта оларды қайта қарай алады. Ал енді біліміне емес, смартфонға сенген оқушыларға тәртіп қатал. Қазірдің өзінде 12 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 5 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды.
Айта кетейік, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда талапкердің нәтижелері жойылады.
Бекзат ҚҰЛШАР,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті