Жақында Астанада ауыл мектептерінің оқушылары арасында жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша республикалық олимпиада өтті. Сол білім додасында қарқаралық 11-сынып оқушысы Айдана Төлеген жеңімпаз атанды.
Тұңғыш рет өткізілген білім сайысын Оқу-ағарту министрлігі мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды. 9-11 сынып оқушыларының білімі сынға түскен байқауға ауылдардан 1088 үздік оқушы қатысты. Аймақтық кезеңнен үздік шыққан оқушыларды республикалық олимпиадаға «Сарыарқа дарыны» қосымша білім беру ғылыми-практикалық орталығының әдіскері Әсел Рамазанқызы бастап барды.
Республикалық бәйгеде Қарқаралы ауданы Бесоба ауылы №8 тірек мектебінің (ресурстық орталық) 11-сынып оқушысы Айдана Төлеген география пәні бойынша үздік шығып, бірінші орынды иеленді. Қазыларды озық білімімен тәнті еткен ол бағалы сыйлықпен марапатталды. Бұған қоса, Семейдегі Шәкәрім университетінің білім грантына ие болды.
Айдана – алғыр оқушы. «Дауыс» дебат клубының үздік спикері, аудандық пән олимпиадаларының, оқушылардың облыстық ғылыми-практикалық конференциясының жүлдегері. Мектебінің мақтанышы. Оның осындай жетістікке жетуіне әкесі әрі жетекшісі, Бесоба мектебіндегі география пәнінің мұғалімі Мақсат Рысбаевтың сіңірген еңбегін де атап өткеніміз жөн. Мақсат Төлегенұлы да – үздік ұстаздардың бірі. Ұстаздық жолда үлкен жетістіктерге жеткен.
Зерек шәкірт келешекте ІТ саласының маманы болғысы келеді. Қазірдің өзінде грант иегері атанған алғыр оқушының арманы орындалады деген сеніміміз бар.
Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы,
Бесоба ауылы