• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Қаңтар, 2024

Сотқа да сабыр керек

4832 рет
көрсетілді

Қазақта «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» деген сөз бар. Бұл сот үрдісінде де кездесіп жатады. Мысалы, бір адам ашу үстінде сотқа арыз беріп, кейін ақылға салып безбендей келе бастапқы ойынан бас тартады.

Кез келген қателікті кеш те болса түзеткенге не жетсін? Айталық, отбасылық дау сотта қаралып, некені бұзу жөніндегі шешім шығып кетті делік. Бұл осымен бәрі бітті деген сөз емес. Кеш те болса ақылға келіп, ағаттықты түзетуге, отбасын сақтап қалуға қашан да жол ашық.

…Бұдан бес жыл бұрын Жәнібек пен Жайнагүл­ден бақытты жан жоқ еді (Кейіпкерлердің аты-жөні өзгертіліп алынды). Ендігі өмірін мәңгі бірге өткізуге серт байласқан. Көңіл жарасып, отау құрды. Тату-тәтті тұрмыс кешіп, бес жылда үш перзент дүние есігін ашты. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Кейде ашу үстінде ауыр сөздер де айтылды. Бірақ шектен шығатын, кешірілмейтін ештеңе жоқ еді. Мәселе кешегі жүрек қалауына, үш перзентінің тағдырына тірелгенде екеуінің де қайтымы тез еді. Жас отбасының ісіне, әсіресе қайын жұрт жағының араласуы кейде мәселені ушықтырып, үйдегі ұрыс-керістің басталуына себеп болып жатқан кезі де аз емес. Түсіністіктің тіні босаған кезде қызғаныштың қызыл иті де бас көтеріп қалатын. Кезекті ала құйын сәттің бірінде жас келіншек қаладағы төркініне тартып отырды. Отбасының сақталуын көксеп, артынан жұбайының сабылғаны еш нәтиже бермеді. Жайнагүл ажырасу жөнінде сотқа арыз беріп тастаған.

Сот бұл отбасының тағдырына тым қатаң қарады. Жас жігіттің отбасын сақтап қалуға ты­рыс­қан әрекетіне, татуласуға заң шеңберінде жазбаша алты ай мұрсат сұрағанына да қарамастан қалалық сот «Бірыңғай сот тәжірибесін» желеу етіп, арада бір ай өткен соң отбасын ажырату жөнінде шешім қабылдап жіберген. Сөйтіп №2 Орал қалалық сотының шешімімен талап арыз қанағаттандырылып, неке бұзылды.

Амалы құрыған азамат Батыс Қазақстан облыс­тық сотына шағымданды. Ол өзінің апелляциялық шағымында арада ортақ үш бала бар екенін, келіспеушілік кездейсоқ себептен болғанын, өзінің отбасын сақтап қалуға әрекеттеніп жүргенін айтып, қалалық сот шешімінің күшін жоюды сұрады.

Азаматтың айтқаны шындыққа сай болып шықты. Сот алқасының мәжілісі қарсаңында Жайнагүл де өз арызынан бас тартатындығы және азаматтық істі қысқартуды сұраған жазбаша арызы түсті. Жас жұбайлар өздерінің татуласқанын мәлімдеп, сот шешімін бұзуды сұрады.

Екі жақтың түсініктемесін тыңдап, іс материалын тексере келе Батыс Қазақстан облыстық соты­ның азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Орал қа­ласы №2 сотының шешімінің күшін толық жойып, Елекешевтер отбасын ажырату жөніндегі азаматтық іс бо­йынша сот өндірісін қысқартты. Істе тігулі «Неке туралы» куә­ліктің түпнұсқасы талапкерге қай­тарылып берілді.

Осыған ұқсас жағдай Әлмұхамбетовтер отбасында да болды. Орал қаласы №2 сотының шешімімен жас жұбайлар арасындағы неке бұзылды. Бұлар да үш баланың ата-анасы. Данагүл ажырасуға бірден қарсы болды. Тіпті сотта да ажырасуға келісім бергісі келмеген. Бірақ ашу үстінде жаз дегесін келісемін деп жаза салған. Ал сот жас жұбайлардың татуласуына заң шеңберінде уақыт бөлместен, бір айдан кейін некені ажырату туралы шешім шығарып жіберген.

Данагүл кейін жағдайды ақылға салып, өзінің апелляциялық шағымында қалалық соттың шешімін бұзып, жаңадан шешім шығаруды талап етті. Сот алқасы басталар алдында жұбайы Нұрхан сотқа жазбаша арыз беріп, екеуінің татуласқанын, өзінің де ажырасудан бас тартатынын және істі қысқартуды сұраған.

Екі жақтың уәжін тыңдаған сот алқасы бастапқы талаптан бас тартудың заңға қайшы еместігін, ешкім­­­нің құқығы мен заңды мүддесіне нұқсан келмейтінін ескере келе отбасын сақтау қажет деп шешті.

Адам тағдыры – аса күрделі, астары мен иірімі тұңғиық құбылыс. Оның бірыңғай сот тәжірибесіне көнбейтін де қисындары болуы ықтимал. Қоғам, таным, құндылық өзгеріп жатыр. Күтпеген жағдай болуы мүмкін. Сондықтан судья істі қараған кезде бірыңғай қалыпқа сала бермей, оның астарына жіті бойлап, адамгершілік тұрғысынан әбден таразылағаны жөн. Некеден ажырату жөніндегі істер соны аңғартады.

 

Нұргүл ҚАНАТБАЕВА,

Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз хатшысы