Сап-сары боп теңіздей толқып жататын Сарыарқаның солтүстік қиырында ғайыптан тайып түсіп қалған бір шөкім көгілдір жақұттай көкөрім Көкшетаудың солтүстік күнбатыс беткейіндегі Айыртау алқабы – сан ақындардың жырына арқау болған ғажайып өлке.
Күз еді. Қоңыр күз болатын. Ала жаздай жүрекше жапырақтары самал желмен тербеліп, дархан даланың жырын оқыған ақ қайыңдар қоңыр күздің салқынымен сәл сарғыш тарта бастаған шақ. Ерсілі-қарсылы жүрген көп көліктің табанымен әбден тапталған алқаптардың арасындағы жалғыз аяқ жолмен бозбала келе жатты. Иығында комбайнның әлдебір сайманын салған қабы бар. Күннің алапат ыстығы қайтқан, жанға жайлы қоңыр күз болса да, жаяу адамның жүрісі аса өнікті емес. Иығынан басқан қосалқы бөлшек әлдебір темір емес, тіршіліктің зілмауыр салмағы тәрізді еңсесін төмен тартқысы келеді. Әйтсе де жаратылысынан қайтпас қайсар, қажырлы бозбала кең адымдап, барар жеріне тез жетпек.
Қара маймен баттасқан жамаулы көнетоз көйлектің сау жері жоқ. Тер сіңген. Еңбектің тері, бейнеттің тері. 1926 жылдың 24 мамырында Айыртау ауданына қарасты Жұмысшы ауылында дүниеге келген Тұрлыбек Әбілпейісов замана запыранын ерте жұтып, білім қуа алмай қалды. Бар болғаны бесінші сыныпты аяқтады.
1941 жылы шалғайда, бірақ сұмдық өрті тым жақын, жаныңды күйдіріп, жүрегіңді удай ашытатын соғыс жүріп жатты. Алыста, тым алыста. Ал қайғысы мен қасіреті тап жаныңнан табылатын, жаныңнан ғана емес, кеудеңдегі жұдырықтай жүрегіңнің ішіне қоныстанған алапат қайғы болатын. 14 жасынан бастап қан майданға аттанған әкелер мен ағаларға тиесілі ұжымшардың шаруасына білек сыбана кірісті. Осы күні еске алып, ой елегінен өткізіп отырса, пешенесіне жазылған пенденің сыбағасы бес батпан екен. Өгіз айдады, соқамен жер жыртты, маңдайдан терін сорғалатып жүріп шөп шапты. Ат тырнауыштың басына мінді. Қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей жатып, атан жілік азаматтардың өзі әрең атқаратын еңбектің бір пұшпағын илесті. Лобогрейкамен астық бастырды, оған үш пар өгіз жегетін. Күні бойы зілқара тас лобогрейканы сүйреткен үш өгіз екінді ауған кезде бүйірлері солықтап, қажып бітетін. Ал Тұрлыбек шаршауды білмес еді. Өйткені оның өн бойынан еңбекке деген құштарлық, айрықша қажыр-қайрат құйылып жататын. Он сегізге толған шағында Бурабайдың баурайындағы Қотыркөл селосындағы республикалық механизация мектебін бітірді. Содан кейін комбайншының көмекшісі болып жұмыс істей бастады. Комбайншы Иван Ситниковтың қарамағында екі жыл жүріп, сол кездегі техниканың тілін бір адамдай игеріп шықты. Қамсақты МТС-нің директоры Талғат Тегісов ағасы танапта тыным таппайтын Тұрлыбектің айрықша қажыр-қайратына тәнті болатын. Сол тәнтілігі шығар, екі жылдан кейін жеке комбайнға ие болды. Ол кездегі комбайн С-1, «Сталинец» деп аталады. Бір маусымдағы жоспары 180 гектар жердің астығын бастыру. Бірінші жылы жалғыз комбайнмен 1 200 гектар жердің астығын бастырып шықты. Жеті есеге жуық. Демек жалғыз өзі бір бригаданың жұмысын атқарды деген сөз.
– Сол уақытта гектарынан 7-8 центнер ғана өнім алатын едік, – деп еске алушы еді Тұрлыбек Әбілпейісов, – өйткені агротехникалық шаралар кейінгі уақыттағыдай жеріне жеткізіле жүргізілмеді ғой. Рас, жеріміз жақсы болатын. Кәдімгі шыбық шаншысаң, ағаш өсіп шығады дейтіндей қарабұйра топырақ. Шоқ-шоқ аққайыңдардың ортасы. Сайын даланы дүр сілкіндіріп, тың келген уақытта екі комбайнға иелік еттім. Комбайндарымыз С-6. Оны С-100 тракторына тіркейміз. Екі көмекшім бар. Біздің колхозда сол кезде екі трактор болды. Біреуі – шынжыр табанды НАТИ, екіншісі – доңғалақты СХТЗ тракторы. Доңғалақты трактордың қуаты шамалылау, комбайнды тарта алмай қалады. Орта бункер астық жинасақ, соның өзін ауырсынады. Егін орағы қызып тұрған шақ еді. Ұжымшар басқармасынан екі пар өгіз сұрап алып, тракторды қосып сүйреттім. Комбайнды тракторға тіркедік, тракторды өгізге тіркедік. Ол уақыттағы техниканың қауқары осындай еді ғой. Бірде күн ауған шақта алқап басына салт атты орыс жігіті келді. Әңгімесінен ұққаным, ауданнан келген уәкіл екен. Тілдесе келе бар жағдайымды сұрады. Әлден уақытта көкшіл көзін өңмеңіңнен өтетіндей етіп қадап тұрып:
– Сен оқу білесің бе? – деп сұрады.
– Білемін, – депті Тұрлыбек аға.
– Білсең қарашы, комбайнның қабырғасында не деп жазылған. Тайға таңба басқандай етіп «Сталинец» деп жазылған емес пе? Сен күн көсеміміздің аты берілген, қасиетті есімі жазылған комбайнды өгізге сүйретесің. Мұның қалай? Мен де тілім жеткенінше күзгі орақ кезінде әр сәттің қасқалдақтың қанындай қымбат екендігін айтып жатырмын. Сталиннің есімін қорлаған мені ит жеккенге айдатпақшы болып уәкіл кетті. Уәкіл ұзап кеткен соң қаңтарылып қарап тұратын мамыражай уақыт емес, жаңағыдай комбайнды тракторға, тракторды өгізге тіркеп, жұмысқа кірісіп кеттік. Кейін колхоз басқармасы Кенже Кәрібаев осы жайды еске алатын. Әйтеуір, жердегі уәкілге қарағанда, Жаратқанның көзі түзу болып, «Сталинец» комбайнын өгізге тіркеп қорлағаным үшін жауапқа тартылмай, аман қалдым.
Даңғайыр диқан Тұрлыбек атаның еміс-еміс есіне түсетін, үзік-үзік естеліктеріне қарағанда, сол кездегі Қамсақты МТС-ына 18 ұжымшар қараған екен. Он сегіз болғанымен, шоқ жұлдыздай ғана шағын-шағын ауылдар. Мәселен, Тұрлыбек Әбілпейісовтің кіндік қаны тамған «Жұмысшы» ұжымшары небәрі отыз түтіннен тұратын. Астын сызып айта кететін бір жайт, сол уақыттағы адамдардың еңбекке деген құштарлығы. Дәл бүгінгідей еңбектің зейнетін көріп жүрмесе де, қарны тойып ас ішпесе де, өңі жарқырап жөндем киім кимесе де, бейнеттен бас тартатын бірі жоқ. Ал еңбектің өтеуі ретінде еңбеккүн берілетін. Оның өзі жылдың аяғында. Әркімнің атқарған шаруасына орай, еңбеккүннің есебінен бидай бөлінеді, ал ақша дегенді ұжымшар мүшелері қолына ұстап көрмеген.
Сол еңбектің бәрі алдымен, ақық дән өсірген егістік алқаптарда өткерілетін. Алғашқы жылдары гектар берекесі 7-8 центнерден аспаса, уақыт өте келе, егіншілік мәдениеті жетілгеннен кейін кей жылдары 25-28 центнерден алып жүрді. Бір жылы 41 центнер өнім алып, айды аспанға бір-ақ шығарғандары бар. Қазақстанның мол астығы күллі кеңес одағында аңыз болып өрнектеліп, ән болып шырқалған шақ. Сол кезде Тұрлыбек атаның бригадасында еңбек еткен Нұркен Сыздықов, Серік Әшімов, Андрей Гейневерг тәрізді азаматтардың миллиардта үлкен үлесі бар. Бір кезде алқап басында күнді түнге, түнді күнге ұластырып, табаны тастан таймайтын тарланбоздай құлшына еңбек еткен әріптестерін, бригаданың әр мүшесін, олардың өзіндік ерекшелігін, кескін-келбетін, мінез-құлқын сағынады, осы күні қайран жүрек. Молотов атындағы ұжымшардың басқарма төрағасы Сырымбет Букин деген азамат болды. Екі иығына екі кісі мінгендей зор денелі, пейіл-ниеті де қуатқа толы ірі денесіне сай, кесек бітімді басқарма жан алысып, жан беріскен қауырт науқандық еңбек кезінде басқарма екенмін деп қарап тұрмай, механизаторларға көмектесетін. Жадында жатталған бір көрініс басқарманың адам айтса сенгісіз алапат күші. Әлденеше адам көтере алмайтын комбайн бөлшектерін жалғыз өзі көтеріп қоя беретін. Міне, осындай өз заманының өзгеден артық туған аптал азаматтары ел байлығын еселеуге ерен еңбегін сіңірді. 1959 жылы бригадир болып тағайындалған Тұрлыбек Әбілпейісовтің бригадасында отыз адам еңбек етті. Осы отыз адам 3 927 гектар жерге егін егетін. Әр жылдары 12-15 центнерден өнім алып жүрді.
– Мамыр айының 25-іне дейін бидайды сеуіп бітіруші едік, – деп еске алатын даңғайыр диқан. – Одан соң майлы дақылдарды егеміз. Өз танабымыздағы бар шаруаны тап-тұйнақтай етіп атқарып болған соң, көрші шаруашылықтарға көмекке барамыз.
Сол жылдары «Көрші танабы – өз танабың» деп күллі республикаға үндеу жариялаған Тұрлыбек Әбілпейісовтің бастамасы жер-жерде қолдау тауып жатты. Аламан бәйгеде алдына қара салмаған Айыртаудың һас тұлпары Құлагердей еңбек бәйгесінде өзгеден оқ бойы озып шыққан даңғайыр диқанның бағалы бастамасын Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Оразбек Қуанышев қолдап, облыстық партия комитетінің бюро мәжілісінде үндеуді бекітіп, еңбегіне табыс, бастамасына береке тілеген. 1978 жылы елдің атын аспандатқан атақты миллиардтың шалқыған теңіздей берекесіне Тұрлыбек Әбілпейісовтің жетекшілігіндегі бригаданың да қосқан үлесі мол. Бұл жайында Социалистік Еңбек ері, Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімов «Диқанның ірі табысы» атты мақаласында былай дейді: «Көкшетау облысының Лавров кеңшарының бригадирі, Социалистік Еңбек ері Тұрлыбек Әбілпейісов 12 комбайнмен 2 119 гектар алқапты 8 жұмыс күні ішінде бастырып шығып, әр гектардан 21 центнерден өнім алды. Бұл – ерен еңбектің нәтижесі».
Баяғыда Л.И.Брежневтің қолынан алған сағатына қарап қойып, өткен өмір іздерін ойша шолып отырған Тұрлыбек ақсақал өскен ортасын сағыныштың сары жібімен әдіптеп сабақтайтын еді.
– Әкей марқұм өте еңбекқор адам еді. Қарап отыру дегенді білмейтін, әрі қолынан келмейтіні жоқ. Оқымағанымен, тоқығаны мол. Даланың жырын, еңбектің сырын жадында жаттаған, көкірегінде тоқыған адам болатын. Егіннің, жердің, малдың тілін білетін. Одан қалды көктемірді нанша илеп, неше қилы зат жасайтын, ағаштан түйін түйетін, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда он саусағынан өнер саулап тұрған ұста еді. Ол заманда ел іші киімге жарыған ба? Көк сауырлап мәсі тігетін. Киюге ыңғайлы, жүруге жеңіл етік тігетін. Мал терісінен былғары әзірлейтін. Қайыңның қабығынан қарамай, қарағайдың тамырынан дәрі қайнататын. Бізді де өзіне жетпесек те, жетеқабыл етіп тәрбиеледі. Айыртау өңірі Мұсабай баласы Әбілпейістің кісілік келбетін, шеберлігін әлі ұмытқан жоқ. Ал шешем Бәтен Оспанқызы үй шаруасымен айналысты. Әкей 1982 жылы 91 жасында өмірден озды.
Қазақ тек туралы әңгімені тегін айтпаған. Социалистік Еңбек ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, т.б. орден, атақтармен марапатталған Тұрлыбек Әбілпейісовтің жұлдызды шағы 1956 жылы жарқырап туған. Сол жылы ол аңызға бергісіз 14 456 центнер астық бастырды. Бір емес, әлденеше вагон, вагон емес, тұтас эшелон. Сол жылы Еңбек ері атанды. 1980 жылы жер өңдеудегі жоғары мәдениеті жетілген ұжым атын алды. 32 жыл бойы бір ғана бригаданы басқарып, еңбек еткен даңғайыр диқанның сол кезде атағы шыққаны, абыройға ие болғаны ақиқат. Еткен еңбек, төккен тер зая кеткен жоқ.
Ұлы өмірдің ағысы тәрізді Жұмысшы ауылын жиектеп Қамысақты өзені ағады. Тайшаптырым жерде Жаман Жалғызтау. Тау қиясында төңіректі өткір жанарымен шолған қарт қыран. Әне бір жерде қыран ұясынан түлеп ұшқан балапандары темір топшыларын қағып, қияға самғап барады. Осы көріністегідей әйгілі атамыздың еңбек жолы ұрпағы арқылы жалғаса береді.
КӨКШЕТАУ