• RUB:
    4.99
  • USD:
    489.36
  • EUR:
    533.45
Басты сайтқа өту
Сатира 25 Қаңтар, 2024

Біз де жекешелендік

168 рет
көрсетілді

Қостанайдағы Дәмер ағамның үйінде отырып, ол кісінің:

– Жеңгеңді жекешелендіріп алдым, – дегенін естіп, ішіп отырған тамағыма қақалып қалғаным бар.

– Бір сен емес, алғаш естіген жан атаулы осы кейіпті киген, – деп көкем мән-жайды түсін­дірген болды. – Қолымнан келгені сол... ба­жайлап қарасам мына заман тек жеке­мен­шіктен тұрады екен. Өз басыма жеке­шелендіретін бірде-бір зат бұйырмапты. Ең аяғы үй, қора-қопсы, аз-маз мал атаулыны «төріңізден көріңіз жақын» деген мәнде сөз айтқан соң, қолдағы келін-балаға басыбайлы өткізіп бергенбіз. Содан «бүйректен сирақ шығарып», басқа біреудің меншігіне өтіп кете ме деген қауіппен мына қара кемпірді жекешелендіріп алдым, – деп қарқылдап кеп күліп, оның мөр басылған, куәландырған қатырма қағаздарын алдыма жайып салды.

Көзім жұмылып, аузым аңқиған маған: «Баяғыда-ақ сөйтуім керек екен» деп алып, жекешеленген жеңгемнің жай-жапсарын айтқанда кәдімгідей көзім ашылып, бірден мен де неге ғана сөйтпеске деген ой келді.

Сөйттім де мен көкемнің жөн-жобасын тәптіштеп сұрап біліп, бірден меншіктеп беретін мекемеге тарттым.

Ондағылар: «Естімеген елде көп... деген, қатынын жекешелендіруге келген сізді көрдік» деп таң-тамаша болып, райымнан қайтпас мені білгендіктен: «Жеңгемізді жекешелендіру үшін ол кісіні дүниеге әкелген әке-шешесінің жазбаша куәландырған рұқсаты керек» дегені.

Салып ұрып атам мен енеме келіп, мән-жайды айтып едім, екеуі де «Астапыралла!» деп жағаларын ұстап, маған аса мән бере бажайлап қарап, «ауру-сырқаудан» дін аман-есен екенімді біліп, енем көрші бөлменің есігін жауып алып, қызымен телефонда сәл-пәл күбірлескен болып келіп:

– Ал балам, жекешелендіру үшін сен бізге... – деп алып, көки-сөкиді көктетсін келіп. Көки-сөкидің үлкені – мына отырған үйлеріне күрделі жөндеу өткізуім керек екен... Кенже баласының үйлену тойын түп-түгел мойныма алуым керек екен...

...Ашуға булығып үйге келсем қатын:

– Не, жолың болмады ма? – деп ыржияды.

– Атаңа нәлет сен де табалап отырмысың! – деп алара қарап едім:

– Оу, көкіме, көзіңді аш. Не, жекешелендіру оңай деп пе едің? Мүлік, зат емес, бақандай адамды жекешелендірмек.Тағы да ашуланады, бақырып-шақырады. Тәубеңе кел! Менің құнымды білесің бе өзің? Отасқан отыз жыл­дағы отыңмен кіріп, күліңмен шыққан маңдай терімді бағала. Бір емес, бақандай бес баланы тоғыз ай көтеріп, толғатып, жеткізіп, есейт­кен­дегі еңбегімді ескердің бе?.. – деп тереңнен тар­тып тебіренген кемпірді әзер деп тоқтаттым-ай.

– Қойдым кемпір! Бүйткен жекешелендіру бар болсын, – деп сабырға шақырып едім:

– Қоймаймын! Осыны біліп, Дәмер қайын ағадан естіп, менде әрекет жасап... сені мен жекешелендіріп алғанмын... әке-шешеңді ертерек жұтып қойған өзіңнен көр. Ондағылар сенің әке-шешеңнің қайтыс болғандығы жөніндегі анықтаманы талап етіп, апара қалып едім, сені маған басы бүтін жекешелендіріп берді... – дейді.

«Сасқан үйрек артымен сүнгиді» деуші еді:

– Әп, бәрекелді, оң болған. Бізді біреулер жекешелендіріп алмай тұрғанда мұнымыз жөн болған, – деппін.

 

Берік САДЫР