Жазушы Төлен Әбдіктің «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» атты хикаятын оқымаған жан кемде-кем шығар, сірә. Шығармада Қожабек қария ел-жұртқа жастайынан аты шығып, енді үйленгелі жүрген баласынан аяқ астынан айырылып қалды. Артында тұяқ қалмады. Бір әулеттің тұқымын бір өзімен біржола тоқтатты да кете барды. Қайғыдан қан жұтқан қарияға ұлының бірге оқыған жолдасы одан бала қалғанын айтады. Хабарды естігеннен кейін қартта дегбір қалмады. Бір күні кемпіріне «сұраған біреу-міреуге дәрігерге кетті дерсің», деп қалаға ұрпағын іздеп жолға шығады. Қысқасы, оқиға осылай өрбиді. 1983 жылы хикаят желісімен «Өтелмеген парыз» атты көркем фильм түсірілді. Режиссері – Серік Жармұхамедов, сценарийін Смағұл Елубай жазды.
Смағұл ағаның айтуынша, аталған туындының желісімен фильм бекер түсірілмеген. «Жазушы Төлен Әбдіктің бір ерекшелігі – шығарманы қазақы тақырыпқа жазса да, оны адамзаттық деңгейде көтере біледі. Әке мен баланың арасындағы моральдық-этиканы түсіну әрқилы. Сол кезде де әкесі иманды, адамгершілікті ойласа, баласы дүниеге қызығып, нәпсіге еріп, қыз-қырқынды қуалап кететін, сөйтіп жүріп, адамның тағдырына қиянат жасайтын жастар көбейген еді. Маған осы шығармада моральдық-этикалық мәселені көтеруі ұнады. Содан сюжетті дамытып, киноға лайықтап, өзгерістер енгіздім. Мұнда ұлттық құндылықтан алыстап бара жатқан жастар мәселесі көтерілген», деді ол.
Сондай-ақ белгілі қаламгер фильмді түсірер алдында бір қызық жағдай қалыптасқанын айтты.
«Дәл сол жылдары аға режиссерлеріміз өмірден өтіп кетті. Солардың ізін баса келген Сатыбалды Нарымбетов үлкен фильм түсірмеген кезі еді. Жас режиссерлер әлі қалыптаспаған. Сценарий дайын. Бірақ оны кімге ұсынарымды білмедім. Ол кезде Қазақ КСР кинематорграфия жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Олжас Сүлейменов, бас редакторы Ғаділбек Шалахметов болатын. Сценариді олар да ұнатты. Содан «Қазақфильм» киностудиясының дубляж бөлімінде бас редактор болып істейтін Серік Жармұхамедов кино түсіргісі келеді дегенді естідім. Бұл фильмді қазақтың табиғатын, тілін білетін адам түсіруі керек. Ал қалада туған режиссерлердің одан хабары аз. Бір күні Секеңнің өзімен жолығып, «Осы сценариді түсіруге қалайсыз», деп ұсындым. Ол бірден ұнатты. Басшылардың да оны түсіруге рұқсатын алдық. Сөйтіп, фильм өмірге келді. Бас кейіпкер Қожабек қарияны – Әнуар Молдабеков ойнады. Оны киноның басты табысы деп айтар едім. Шынымен де, Әнуар ұлы актер еді. Қарттың рөлін ғажап сомдады. Бұл актердің де өз өнеріндегі бір асу болды деп ойлаймын. Фильм жарыққа шыққаннан кейін көрермендер өте жылы қабылдады», деді жазушы.
Фильмге Әнуар Молдабековтен бөлек Досхан Жолжақсынов, Әлия Мұратбаева, Күләй Мұратәлиева, Жамбыл Құдайбергенов, Жанат Чайкина, Гүлнар Досматова секілді елімізге танымал актерлер түсті. Олардың бәрі де өз рөлдерін сәтті ойнап шықты. Көркем туындының басты ерекшелігі – ұлттық бояуы. Әр кейіпкердің бойынан қазақы болмысты көресіз. Фильмнің тілі таза, көркем. Әсіресе Қожабек қартты сомдаған Әнуар Молдабековтің киімі, қимылы, қозғалысы, сөйлеген сөзі, тіпті насыбай атуына дейін қазақ қариясының шынайы бейнесін көз алдымызға әкелді. Қарттың баласынан айырылған сәтте киіз үйдің шаңырағына қарап, «Шынымен-ақ шаңырағым қаңырап бос қалғаны ма?», деген ауыр күрсінісі де жүректі солқ еткізеді.
Кинода көрермен есінен кетпейтін айшықты көріністер көп. Мәселен, қарияның көз алдынан ұлының бала күніндегі «Көке» деген дауысы кетпейді. Осы бейнефильмнің бір ауыр жүгін көтеріп тұрған секілді. Сондай-ақ мұнда адамгершілік, имандылық, ар-ұждан мәселесі ғана емес, кеңестік кезеңнің зымиян саясатының кесірінен, әсіресе 70-80-жылдардан бастап қазақ жастарының өз қағынан жеріп, тамырынан ажырап, ең ақыры өз баласына өз есімін қою секілді дәстүрімізге жат қылықтардың белең алғаны сөз болады. Оны режиссер астармен баяндайды. Оған мысал ретінде мына эпизодқа назар аударыңыз. Қожабек қарт кештетіп қаладағы баласының досы Нұрланның үйіне келді. Нұрлан жүріп жүрген қызымен киноға баруға дайындалып жатады. Үйге қонақ келгеннен кейін ол киноға барудан бас тартады. Сол кезде оның құрбысының үйден ашуланып шығып кетуі де көп жайтты аңғартады. Қария ұлының досынан «Кішкентайың бар ма?», деп сұрағанда оның: « Жоқ, мен әлі үйленген жоқпын. Жаңағы қыз анда-санда келіп-кетіп тұрады. Қазіргі әйелдер бұрынғыдай еркектерге бағынышты емес. Өздері би, өздері қожа. Еркін тұрып, еркін жүргісі келеді», деп жауап береді. Сол кезде қарттың: «Е, «заманы бөлектің амалы бөлек» деген осы да. Шырағым-ай, бәрі де еркек жазғанның өзінен ғой», дейді ойланып. Осы көріністегі сөздер бүгінгі уақытты да дәл бедерлейді. Кинода осындай ұтымды детальдарға тәнті боласыз.
Фильмнің соңында Қожабек ақсақал баласының басына келіп: «Бұ не қылғаның, жарығым-ау. Бәрі қолыңнан келгенде қиянат қылмау қолыңнан келмегені ме, жарығым-ау. Құдайдан көрген зәбір тірліктің заңы шығар, адамнан көрген зәбір қымбат, жарығым-ау. Соны неге түсінбедің?», деп ұлының құлпытасын сипап, кемсеңдеп жылайды. Туындының негізі түйіні осы. Сол арқылы режиссер бұ дүниенің қиянаты о дүниеге кетпейтінін емеурінмен жеткізеді.
Қазір елімізде жылына қаншама көркем фильм түсіріледі. Оның ішінде көрермен көңілінен шыққандары да жетерлік. Алайда осы туындыларға ортақ бір кемшілік бар, ол – ұлттық бояу жетпейді. Ал «Өтелмеген парыздың» жарыққа шыққанына 40 жылдан аса уақыт өтті. Сонда да оны ел қызыға көреді. Өйткені мұнда өмір мен қазақтың болмысы шынайы бейнеленген.