Әр елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын еңбек миграциясына қарап бағалауға болады. Бізге еңбек мигранттары Өзбекстан, Қырғызстан секілді көрші, одақтас мемлекеттерден келіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, тағысын тағы бірнеше салада еңбек етсе, ал еліміздің жастары Оңтүстік Кореяға, Еуропаға жол тартады.
Еңбек миграциясы қалай реттеледі?
Былтыр тамызда жарияланған ашық дереккөзге үңілсек, жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен елімізде 14 702 шетел азаматы еңбек етіпті. Мұның ішінде құрылыста жұмыс істеуге 5 181 адам (35%) келген. Ауыл, орман және балық шаруашылығына – 1 919 адам, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазуға – 1 340 адам, өңдеу өнеркәсібіне – 1 147 адам, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметке 829 жұмысшы тартылған. Демек бос жұмыс орындары бар. Кейінгі жылдары құрылыс компаниялары маусымдық жұмыстарға жақын елді мекеннен жергілікті тұрғындарды тарта бастады. Бұл да – саяси салмағы бар бастама. Бізге келетін еңбек мигранттарының көшін Қытай, Өзбекстан, Түркия, Үндістан секілді елдер бастап тұр. Бұл тізімге заңсыз жұмыс істеп жүрген мигранттардың енбегені түсінікті. Еңбек көші-қонын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қадағалап отырады. Министрлік ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында жыл сайын шетел мамандарын тартуға квота белгілейді. Мысалы, былтыр 22 260 жұмысшыға квота бөлінген.
Әрбір мемлекет еңбек көші-қонын реттеп, бақылап отыруға мүдделі. Соған қарамастан елге заңсыз жұмыс істеуге келетін мигранттар бар. Олар қандай да бір келеңсіздікке тап болса, еңбек шарты жасалмаған соң жұмыс берушіден құқына сай өтемақыны талап ете алмайды. Өкінішке қарай, еңбек нарығының осындай көлеңкелі тұстарына шетел асқан қазақ жастары да басынан кешеді. Ұлыбритания, Корея, Түркия, БАӘ, АҚШ сияқты әлемнің көптеген еліне барып, жұмыс істеп жүрген ел азаматтары баршылық. Қолдан келсе, жұмыс күші ретінде емес, таңдаған мамандығы бойынша еңбек етуді дұрыс көретіндер де бар. Кейінгі жылдары Ұлыбритания еңбек нарығындағы түрлі өзгеріске байланысты ТМД иммигранттарына бөлінетін квотаны көбейткен. Тәуекелге бел буып, жарты жылда тәуір табыс табуды ойлағандардың бірі мұратына жетсе, екінші жақта белгісіз компанияларға сеніп, жер сипап қалғандар да кездеседі.
Ұлыбританиядағы бау-бақша шаруашылығына еңбек етуге барған Гаухар Жолшыбекова шетелдік компанияның сілтемесіне өтініш қалдырып, көп күтпей жұмысқа шақырылыпты. Көп құжат жиып әуреленбеген.
– Құрбымның ұсынысымен Англияға баратын болдық. Ешкімге ақша берген жоқпыз. Тікелей жұмыс берушімен байланыстық. Ондағы жұмыстың жеңіл емес екенін түсініп барғанбыз. Расымен де, біз барған Кент деген аймақта жұмыс оңай болмады. Райхан өсімдігін жинадық. Шыдамай, үйіне қайтқан қыздар көп. Біз де екі ойлы болып жүрдік. Кейін бір айлық табысым 1 млн 200 мың теңге шамасында шыққан соң, қаламын деп шештім. Әйтпесе, өзіміздегі, елдегі алқапта жұмыс істесең, күніне 5 мың теңге аласың. Ал онда күніне 50-60 мың теңгенің шамасында табыс тапсам, сағатына 5 мың теңгеден шығып тұр. Мамырда барып, қазанның ортасында қайттық. Менің білуімше, Ұлыбританияға Қазақстан азаматтары тек кейінгі жылдары, квота көбейгеннен кейін барып жатқанға ұқсайды. Қысқасы, ай сайын теңгеге шаққанда миллионнан кем алмадық. Сапар барысында Лондонға, Шотландияға жолымыз түсті. Ұшақтары біздегіден әлдеқайда арзан шықты. Мен де Англияда қарға қуып, құлпынай теріп жүргендерді естігенмін. Біз өзімізше «тұзы жеңілдер қарға қуып жүрген шығар» деп бір күліп алғанымыз бар. Әйтпесе, өзім жұмысқа барғанда 90 кило болсам, қайтқанда салмағым 65 келіге түсіпті, – деп Англиядағы күндері туралы әңгімеледі Г.Жолшыбекова.
Бұрын Астана қаласында пәтер жалдап жүрген кейіпкеріміз алты айлық жұмыстан кейін қаладан бір бөлмелі жатақхана алыпты. Елге келген бойда несиелерін өтеп, қалған табысын пәтерге жұмсаған.
Виза туралы ақжолтай хабар
Жуырда Оңтүстік Кореяда жұмыс істеуді көздегендер арнайы еңбек визасын алуы мүмкін деген хабар тарады. Бірақ бұл – виза мәселесі шешілді деген сөз емес. Жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Корея Республикасы Еңбек және жұмыспен қамту министрлігінің өкілдері онлайн-форматта келіссөздер жүргізіп, Қазақстанды Оңтүстік Кореяның «Employment permit System» жүйесіне (EPS) енгізу мәселесін талқылаған. Бұл Қазақстан азаматтарына Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмысқа орналасуға, сондай-ақ тең еңбек жағдайлары мен құқығын қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Елімізде EPS орталығын ашу мүмкіндігін талқылай отырып, тараптар жемісті және сындарлы өзара іс-қимылға, сондай-ақ еңбек көші-қоны шеңберінде екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін білдірген. Демек асығуға ерте, нақты шешімі шықпаған. Біз Оңтүстік Кореяда бірнеше жыл жұмыс істеп, оған қоса былтыр Англияға нәпақа табуға барған Гүлдана Демеубаевамен пікірлесіп, көптің көкейіндегі сұрақтарға жауап алуға тырыстық.
– Жолдасым екеуміз 2017 жылы Оңтүстік Кореяға жұмыс істейміз деп бардық. Оған дейін елдегі екінші деңгейлі белді банкте жұмыс істеген едім. Жалақы – аз. Оның үстіне несие алғандар берешегін уақтылы өтемесе, біздің бонустарымызды қысқартып тастайды. Оңтүстік Кореяға барарда несиеміздің үстіне тағы несие қосып алдық. Содан айымыз оңынан туып, шекарадан өттік. Кореяда таныстарымыз күтіп алып, көп ұзамай зауытқа орналастық. Виза алдық. Кәнігі зауыттағы қара жұмысқа кірістік те кеттік. Таңғы сегізден кешкі сегізге дейін тыным таппаймыз. Алғашында Кореяға не үшін келдік деп маза қашқанмен, қолымызға жалақымыз тигеннен кейін қаламыз деп шештік. Көзді ашып-жұмғанша 4 жыл өте шықты. Мен елге оралдым, күйеуім тағы бір жыл сонда қалды. Шүкір, табысты болып оралдық. Зәулім үй салдық. Жолдасымыз екеуміздің жеке-жеке көлігіміз де бар, – дейді Г.Демеубаева.
Гүлдана Оңтүстік Кореядан келгенде тағы бірнеше жерде жұмыс істеген. Мамандығы бойынша несие беретін мекемеде де еңбек еткен. Бірақ жалақы – аз. Болмаған соң Англияға шақырған жұмысқа өтініш қалдырып, күтпеген жерден тағы шетел асқан. Гүлдана Демеубаева Корея, Англиядағы жұмыс жеңіл болмағанын айтады. Екі елде де қара жұмысқа сырттан келгендер тартылады екен. Өздері басшылықта немесе есеп-қисаппен айналысатын жағында жүреді.
Иә, заңнан аттамай, еңбек визасымен шетелге жұмысқа барып-келген әлеумет баршылық. Дегенмен еңбек күші ретінде шетел асқанның барлығын жайлы орын, жеңіл жұмыс күтіп тұрған жоқ. Шетелде жұмыс істеуді ойлағандар алдымен құжаттарын реттеп, асықпай шешім қабылдағаны дұрыс. Өзге елге қонақ болып барып, жалданып, заңсыз жұмыс істегеннен осы ұйғарым әлдеқайда тиімдірек әрі қауіпсіз. Қош, шетелге көбіне жастар, экономикалық белсенді азаматтардың баратынын ескерсек, бұл өзгеріс елдегі еңбек нарығына қалай әсер етеді деген тағы бір сауал туады. Осы сұрақты әлеуметтанушы Бақыт Әлмұратовқа қойып көрген едік.
– Елдегі жастардың, әсіресе экономикалық белсенді азаматтардың шетелге жұмыс күші ретінде баратынынан хабардармыз. Мұның барлығын мемлекет реттеп отырады деген күннің өзінде, шетел асқандар шамадан тыс көбейсе, елдегі еңбек нарығына әсер етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр Жолдауда жастарды жұмыспен қамтуға көбірек көңіл бөлу керек екенін айтады. Неге? Себебі халықтың үштен бірі – жастар. Жастар – күш. Экономикалық белсенді, өндірісте алдыңғы қатарда жүретін де – осы жастар. Неге елде жұмыс істегісі келмейтін жастар көбейіп барады? Біріншіден, оларда тәжірибе аз. Төмен жалақыға еңбек еткісі жоқ. Бізде Оңтүстік Корея, АҚШ, Еуропа елдерінде барып жұмыс істеп жатқан жастар көп. Онда жоғары жалақы ұсынғанымен, жұмыс жеңіл емес. Жазғырмаймыз, не де болса адал табыс тауып жүр. Әрине, жастар шетелге еріккеннен емес, жалақының аздығынан әлеуметтік жағдайын тіктей алмаған соң барады. Жоғын түгендегісі келеді. Иә, елімізде жастарды қолдау мақсатында іске асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар бар. Кәсіпкерлікті қолдау саясаты, қайтарымсыз несие дейміз. Бәлкім, осы ауқымды жұмыстар өз деңгейінде орындалып жатса, шетелге баратын жастар азаяр ма еді? Мемлекеттің қаржысы кез келген жастың қолына тие бермейді. Екінші деңгейлі банктерден жоғары пайызбен несие алып іс бастау қиын, – дейді Б.Әлмұратов.
Шетке кететіндердің артуы қалыпты ма?
Бақыт Әлмұратов шетелге жұмыс істеуге барып, ол жақтың жаңа технологиясын, білімін меңгеріп келген жастардың аз екенін айтады. Иә, жастар шетелдің озық технологияларын игеріп жатса, елдің экономикалық-инновациялық жағынан дамуына үлес қосатыны – белгілі жайт. Ал экономист Сапарбай Жобаевтың пікірі халықаралық сарапшылардың пайымымен үндес. Ол еңбек көші-қонындағы өзгерістерді қалыпты құбылыс деп санайтынын айтты.
– Елімізде жұмыссыздық мәселесі күрделі. Көрші Өзбекстан, Қырғызстанға қарағанда жағдайымыз тәуір. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің ішінде төмен емеспіз. Бірақ еңбек нарығында шешілмеген мәселелер бар. Мұны екіге бөліп қарастыруға болады. Бірінші, бізде ресми жұмыссыздық деңгейі – 5 пайыз шамасында. Жұмыс күші 9,5 млн адам десек, соның ішінде шамамен 500 мың адам ресми жұмыссыздар санатында деуге болады. Екінші, бізде 2,5 млн-ға жақын адам өзін өзі жұмыспен қамтамасыз еткен. Олар маусымдық жұмыстарға араласады. Сәйкесінше, өзін өзі жұмыспен қамтитындар да жұмысы барлардың тізіміне қосылады. Тағы бір жайт, ауылда 10-20 қой, сиыры бар адам еуропалық көрсеткіштер бойынша жұмыссыздар қатарында болмайды. Ал бізде олар – жұмыссыздар санатында. Жастар Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Ресейге маусымдық немесе басқа да жалақысы көп жұмысқа барады. Бұл – әлемдік үрдіс. Бұдан қорқудың қажеті жоқ. Тек еңбек қауіпсіздігі мәселесіне көбірек назар аударғанымыз дұрыс. Шетелге кететін жұмысшылардың көбі жоғары білікті мамандар болып есептеледі. Қайбір жылдары білікті ұшқыштардың шетелге кеткен кездері болған. Сол секілді дәрігер, ақпараттық технологиядан хабары бар, дизайнер сынды басқа да мамандар шетелге барып жұмыс істеуі мүмкін. Менің ойымша, шетелде еңбек етуді ойлаған біліктілігі жоғары, әлемдік компанияларда жұмыс істегісі келген жастарды қолдау керек, – дейді С.Жобаев.
Экономист шетелге маусымдық жұмыстарға баратын ел азаматтарының қауіпсіздігін, әлеуметтік жағдайы мен денсаулығын сақтандыратын келіссөздердің көбірек болғаны дұрыс дейді. Кешегі Оңтүстік Кореямен жүргізіліп жатқан келіссөздерде осы мәселе қаралып, пысықталып қалар. С.Жобаев маман тапшылығы байқалған салаларға жастарды бейімдеуге, ынталандыруға көңіл бөлу керек екенін еске салып, ауыл жастарының жұмыссыздығына ойысқан еді. Жер мәселесіндегі жүйесіздікті реттеп, ауыл жастарының да егін егіп, табыс табуына мүмкіндік қарастыру керектігін айтып қалды. Байқасақ, шетелге жұмыс күші ретінде жалданып баратын ағайынның ахуалы туралы айтқанда елде шешімін таппаған бір емес, бірнеше мәселенің шеті көрінеді екен. Мұны оңтайлы шешуге келгенде алдымен, мемлекеттің жұмыспен қамтуға, кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жобалары мүлтіксіз орындалса, нәпақа іздеп шетел асқан азаматтарымыз азаяр еді.