Вейпке бөккен ортаның болашағы тұтас қоғамды алаңдатып отыр. Үдере ушыққан бұл келеңсіз үрдісті тек заңмен тоқтатудан басқа амал да жоқ. Күрделі мәселенің шешімі Парламентте айтылды. Осы аптада Мәжілісте қабылданған заң жобасына сәйкес вейптерді әкелуге, өндіруге, сатуға, таратуға тыйым салынады. Бұл заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі.
Адам денсаулығына, әсіресе, жасөспірімдердің келешегіне кесірін тигізетін заттардың барлығының ар жағында мүдделер шайқасы жүретіні мәлім. Мәселен, кейінгі жылдары электронды темекі төңірегіндегі тартыс толастамай тұр. Кейінгі кездері жасөспірімдер арасында электронды темекі шегу белең алып барады. Ал оны табу да, сатып алу да қиын емес, аттап бассаң, алдыңнан шығады. Мұның кәдімгідей үлкен мәселеге айналғанын «Вейпсіз жастар» әлеуметтік жобасы аясында «Қазақстанның балалар қоры» ҚҚ жүргізген сауалнама айғақтады. Мәселен, 21 жасқа дейінгілер апта сайын вейп сатып алатын болса, бұл көрсеткіш Алматыда – 80,5%, Астанада – 83,3%, Өскеменде 15,4%-ды құрап отыр.
Осы арада мәселенің келесі бір қырына тоқтала кеткен жөн. Өйткені «вейпке қарсы шығушылар темекі өндірушілердің мүддесін көздейді» деген пайым ғана емес, елімізде бұл тиімсіз тыйым ретінде қабылданып, оған қарсы петиция 100 мыңдай қол жинағанын ұмытпау керек. Сондықтан Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа қазан айында Парламент алдында неліктен вейпингке тыйым салуды ұсынатынын түсіндіруге тура келді.
Қысқасы, қарсы тараптың уәжін алға тартпас бұрын «Вейпсіз жастар» әлеуметтік жобасы 2023 жылдың көктемінде вейп пайдалануды шектеу мақсатында басталып, оны Ішкі істер және Денсаулық сақтау министрліктері, Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті қолдады. Сонымен қатар сарапшылардың да мақұлдауына ие болды.
«Балалар мен жасөспірімдердің вейпингіне қатысты қауіп-қатерге қарсы тұру үшін нақты жүйелі әрекеттер қажет. Жоба аясындағы жұмыс бірнеше бағытты қамтыды: сауда нүктелерімен ақпараттық жұмыс; Ішкі істер органдарымен бірге қолданыстағы заңнаманың сақталуына қатысты вейп-дүкендерге мониторинг; жасөспірімдерге, ата-аналар мен мұғалімдерге арналған білім бағдарламалары, ақпараттық науқан», дейді «Қазақстан балалар қоры» ҚҚ директоры, Халықаралық балалар қорлары қауымдастығының вице-президенті Эльвира Ватлина.
Жоба аясында ішкі істер органдарымен бірге вейп-шоптарға 36 рейд жүргізіліп, 21 жасқа дейінгі адамдарға вейп сату туралы талаптарды бұзғаны үшін 14 әкімшілік хаттама жасалған.
«Жасөспірімдер вейпингіне көзді жұмып қарау, мәселе ретінде елемеу қоғам үшін қымбатқа түсуі мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Осы қауіпті құбылыспен күресу үшін шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдау қажет, жалғыз тыйым салу бұл іске көмектеспейді». Меніңше, вейптерге тыйым салудан өзге, сатылымдарға мемлекет және қоғам тарапынан бақылау жүйесін жолға қою қажет. Өйткені тәжірибе көрсетіп отырғандай, тыйым салу осы тауарлардың «қара нарығының» қалыптасуына әкеліп, вейптер сөре астынан, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы сатыла береді», дейді Ішкі істер органдары қызметінің мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің мүшесі, заң ғылымдарының докторы Қуат Рахымбердин.
Мәселен, Алматыдағы «Вейпсіз жастар» жобасының үйлестірушісі Марат Сайбеков 21 жасқа толмағандар арасында вейптерге қолжетімділік мәселесі бүкіл елімізге тән дейді: «Біздің қала вейп-дүкендерге толып тұр әрі саңырауқұлақ сияқты көбейіп келеді. Шағын орта бизнесіне тексеруге қатысты мораторийдің күшін жоюы мәселені түбегейлі шешпейді. Сол себепті пайдаға құныққан сатушыларды анықтау үшін құқық қорғау органдарымен бірге вейпшоптарға рейдтерді жалғастырамыз».
«Жастар арасында шылымқорлық мәселесін жалпы жұрт болып бірікпесек, оны ауыздықтау мүмкін емес. Вейптерді сатуға толық тыйым салудан да басқа, балалар вейпингі проблемасымен жүйелі күресу және вейптерді сатуға тыйым салуды бақылау үшін үкіметтік емес ұйымдарды, мемлекеттік құзырлы мекемелерді, бұл жағдайға бейжай қарамайтын азаматтарды тарту қажет болады», дейді Астана қаласындағы Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы филиалының заңгері Артур Алхастов.
Ал енді «вейпке қарсы шығушылар темекі өндірушілердің мүддесін көздейді» дейтін тарап не дейді?
Еліміздің вейпингке толық тыйым салғысы келетіні мәлім болғанда, оған қарсы петицияға ұйытқы болған Tastau.qaz қоғамдық қозғалысының өкілі Татьяна Фоминованың пікірінше, вейптерге тыйым салу бастамашыларының табанды ұмтылысы темекі өндірушілердің мүддесін көздейді. Өйткені егер ересек темекі шегушілерде таңдау болмаса, олар темекі түтінімен улануды жалғастыруға мәжбүр болмақ. Т.Фоминованың айтуынша, елде жасөспірімдерге электронды темекі сатуды шектеудің тиімді тетіктері қарастырылған. Бар-жоғы осы тетіктің дұрыс жұмыс істеуін қадағалап отырса, болғаны. Өйткені бұл өнім бастапқыдан-ақ жасөспірімдер мен жастарға бағытталмаған. Ол тек темекіге балама ретінде ересек темекі шегушілерге арналған. Сондықтан ЕАЭО бойынша көршілердің тәжірибесін ескере келе кәмелетке толмағандарға алкоголь мен темекі сату қадағаланатындай, вейп сатуға бақылауды күшейту керек, ал тыйым салу бірқатар себепке байланысты жұмыс істемейтін көрінеді.
«Вейптерге тыйым салу контрабанданың, сапасы күмәнді өнімдер саудасының өсуіне, сондай-ақ никотинді өнімдер өндірісін, тасымалдануы мен сатылуын бақылаудан шығарады. Тиімсіз тыйымдарға қарсы петициямыздың 100 мың қол жинауы кездейсоқ емес екенін атап өткім келеді. Бұл – қоғамның саяз тыйым шараларынан шаршағанын көрсететін алғашқы әлеуметтік маңызды петициялардың бірі. Вейптерге тыйым салудың бастамашылары темекі өндірушілердің мүддесі үшін жұмыс істейтіні анық. Вейперлердің басым көпшілігі айналып келгенде темекіге қайта оралатыны түсінікті. Бір ғана мысал келтірейін: былтыр билік түтінсіз қыздырылған темекіге акцизді көтерген кезде, тек бір өндірушіде темекі сатылымы бірден 25%-ға, ал екіншісінде 30%-ға өсті. Осы өндірушілер вейптерге салынатын тыйымды тағатсыздана күтіп отырғанын айтпаса да белгілі», деп Т.Фоминованың байбалам салғаны есімізде.
Сол сияқты KazSpirits қауымдастығының басшысы Дмитрий Жуков Қазақстандағы кәсіби қауымдастықтар бірнеше жылдан бері вейптерді сатуды заңнамалық деңгейде қатаң реттеуді ұсынып келе жатқанын, осы арқылы өнімді жасөспірімдерге сатуды әлдеқашан тыюға болғанын алға тартты.
Сонымен, көкейкесті мәселені Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың: «Ересектің аты – ересек. Ал балалар көп нәрсені түсінбейтіндіктен, денсаулығына ненің қауіпті екенін алдын ала саралай алмайтындықтан, оларға қатаң тыйым салу шаралары бар. Денсаулық сақтау министрлігі – жазалаушы немесе бақылаушы орган емес. Вейптерге келсек, оған кальян сияқты тыйым салу тиімді жұмыс істемейді. Бүгінгі ғылым вейптердің жасөспірімдерге төндіретін үлкен зардабы бар екенін, өкпесін зақымдайтынын көрсетіп отыр. Вейпте химиялық заттар көп, олардың қайсысы қай ағзаға нендей зиян келтіретіні әлі толық зерттелмеген», деген сөзімен қорытындылауға болады.
АЛМАТЫ