Жамбыл өңірінің экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында біршама жұмыс атқарылып жатыр. 2023 жылдың қыркүйек айында өңір тізгінін қолға алған Ербол Қарашөкеев бірнеше айдың бедерінде шетелдік әлеуетті инвесторлармен кездесіп, инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың жолдарын пысықтады.
Дерекке сенсек, 2023 жылы облыс бойынша жалпы құны 75 млрд теңгені құрайтын 13 жаңа өндіріс ошағы іске қосылыпты. Салыстырып қарасақ, 2024 жылы атқарылатын жұмыс ауқымы былтырғыға қарағанда екі есе жоғары екен. Нақтырақ айтар болсақ, осы жылы 180 миллиард теңгеден астам қаражатты құрайтын 28 жобаны іске асыру жоспарланған. Түсіне білгенге бұл, әрине, аз шаруа емес.
Өңір басшысының сөзіне сенсек, алдағы уақытта жалпы сомасы 2,3 триллион теңгені құрайтын 69 жобаны іске асырудың қам-қарекеті жасалып жатыр. Нәтижесінде, 5,5 мың адам жұмыспен қамтылатын көрінеді. Бұл жұмыстар алдағы бірнеше жылдың бедерінде іске асатын секілді.
Өңірге қауқарлы инвесторларды тартудың маңызы зор екені анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі өңірлерде жұмыс орнын арттыру қажетін шегелеп тапсырғаны мәлім. Президент тапсырмасын іске асыру үшін жергілікті атқарушы биліктің тізгінін ұстағандар тынбай жұмыс істеуі керек. Шетелдік әлеуетті инвесторлармен бірлесіп жұмыс істеуге баса ден қойған өңір басшысы Ербол Қарашөкеев алыс-жақын шет мемлекеттердегі қуатты компания өкілдерімен жиі-жиі жүздесіп, олардың жобаларына қолдау көрсетіп жүр.
Таяуда ғана өңір басшысы Е.Қарашөкеев Қытай Халық Республикасына сапармен барып қайтты. Іссапар барысында Шаньдун провинциясындағы бизнес форум шеңберінде әлеуеті зор шетелдік инвесторлармен жүздесіп, бірлесіп жұмыс істеудің жоба-жоспарын пысықтаған. Іскерлік байланысты нығайту мақсатында ұйымдастырылған кездесу барысында жергілікті инвесторлар Жамбыл жерінде қолға алынған іс-шараларды жоғары бағалапты. Жұмылған жұдырықтай бірлесе жұмыс істеуге ниет білдіргендер де жоқ емес. Әрине, облыс басшысы олардың инвестициялық жобаларын толыққанды зерделеуге мән беріп отырғаны анық. Ең бастысы, жергілікті халықты жұмыспен қамту мәселесі назардан тыс қалмақ емес.
Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан дерекке жүгінсек, облыс басшысының Қытайға барған сапары жемісті түйінделген көрінеді. Қытайлық «GUOFENG» компаниясы Байзақ ауданы аумағында жаңа жобаны қолға алмақшы. Компания басшылығы Байзақ жерінде трактор құрастыру ісін жетілдіруге құлшынып отыр. Бұл жұмыс тараптардың қолдауы негізінде толықтай жүзеге асса, жамбылдық шаруалар үшін де тиімді болатынына талас жоқ.
Жергілікті атқарушы билік жылдар бойы Әулиеата жерінде жаңартылған энергия көздері нысандарының санын арттыру мәселесіне айрықша назар аударып отырғаны мәлім. Қытайлық әлеуетті компаниялар бұл істі де қолға алуға, нақты нәтиже шығаруға ниетті. Анығырақ айтар болсақ, «Zaozhuang Zeneng Electric Power Engineering Go Ltd» компаниясының ресми өкілдері бұған дейін де Жамбыл облысына ат басын бұрып, инвестиция салудың екі тарапқа қаншалықты тиімді болатынын зерделеп кеткен еді. Енді бұл компанияның басшылары алдағы уақытта жобаны іске асырудың жолдарын қарастырып отыр. Соған қарағанда инвестициялық жоба қос тарап үшін де тиімді секілді.
Аймақ басшысы өңірде ауыл шаруашылығы техникасын шығару, астықты, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мәселелеріне айрықша ден қойып отыр. Ол осы бір өткір мәселені ретке келтірудің маңызы зор екенін бірнеше мәрте айтқан да болатын. Ол үшін, әрине, әлеуетті компаниялармен тонның ішкі бауындай араласып, жұмыс істеу керек. Соңғы деректерге зер салсақ, қытайлық инвесторлардың осы бағыттар бойынша жобаларды қолға алу мақсатымен Жамбыл облысына ағылатын уақыты да алыс емес.
Жамбыл облысы фосфор өндірісінде еліміздің локомотив өңіріне айналғанына талай жыл болды. Жеті мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтып отырған «Қазфосфат» ЖШС-ның жұмысы жыл өткен сайын жанданып келеді. Өндіріс көлемі де бірнеше жылғы көрсеткішке қарағанда артқан. Ірі серіктестіктің қолға алған жұмысын әрмен қарай жетілдіре түсу үшін шетелдік әріптестермен бірлесе жұмыс атқарудың маңызы зор екені анық. Е.Қарашөкеев Қытайдың Хубай провинциясына барған сапарында бұл мәселені де назардан тыс қалдырмаған.
Дерекке жүгінсек, «Қазфосфат» ЖШС мен қытайлық «Wuhan Top Resources Holdings Co Ltd» компаниясының арасында өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған. Қазіргі уақытта аталған компаниямен электромобильдерге арналған литий-темір-фосфат аккумуляторларын өндіру, «Жаңа Жамбыл фосфор» зауытында өндірілетін сары фосфорды Қытайға экспорттау, сары фосфор мен құрамында фосфор бар өнім өндіретін жаңа кешен салу мәселелері жан-жақты зерделеніп жатыр екен. Тараптар тіл табысса, Жамбылда жаңа кешен бой көтеруі ықтимал.
Қытайлық «ВNK Group» және «Ningbo mengkwa machinery co ltd» компанияларымен де тиісті деңгейде келіссөз жүргізілді. Компания басшылығы 2024 жылдың соңына дейін жалпы құны 4,4 млн долларды құрайтын тамшылатып суару жүйелері мен полиэтилен құбырларын шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр. Жергілікті атқарушы билік оларға қолдан келгенше қолдау көрсетуге әзір.
Жалпы алғанда, өңір басшысы Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысында өндіріс ошақтарының санын да, олардың жұмысының сапасын да арттыру мәселесіне айрықша назар аударып отыр. Жауапты басқармалардың басшылары мен аудан әкімдеріне шетелдік инвесторларға қолдан келгенше қолдау көрсетудің маңызды екенін де шегелеп тапсырды. Бір анығы, Е. Қарашөкеев шетелдік компанияларды Жамбылға шақыру арқылы өңірде өндірісті өркендетуге ден қоймақшы. Нәтижесі қандай боларын уақыт көрсетер.
Жамбыл облысы