2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аумақтарды дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы Жарлыққа қол қойды. Президент ауылдарды көркейтейік, дамытайық деп бастама көтеріп отырғанда, Солтүстік Қазақстан облысының бірқатар атқамінерлері стратегиялық маңызды елді мекендерді «жабылатын ауыл» қатарына енгізіп жатыр.
Биылғы 23 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының Жамбыл аулында жиын өтті. Бұл жиын – осы ауданға қарасты Амангелді, Суаткөл ауылдарын тарату туралы Жамбыл ауылдық округі әкімдігінің ұсынысына орай өткізілді. Жиынға Амангелді, Суаткөл ауылдарының тұрғындары қатысты. Қазақстан Республикасының ауылдық жерлерді жою туралы заңының 8-бабын алға тартқан Жамбыл ауылдық округінің әкімі Нұржан Тұрсынбаев Амангелді, Суаткөл ауылдарының жабылатыны туралы мәлімдеді. Себеп? Себебі осы ауылдар тұрғындарының саны заң талабында көрсетілгеніндей, 50 адамнан аз. Алайда Суаткөл, Амангелді аулының азаматтары бұл уәжбен келіспейді.
Жамбыл ауылдық округінің әкімі Нұржан Тұрсынбаев: «Заң бар. Біз сол заңға сәйкес жұмыс істейміз. Заңда ауылда адам саны 50-ден кем болмауы көрсетілген. Сіздер айтып отырған Амангелді, Суаткөл ауылдарындағы тұрғын саны 50-ден аз. Жыл сайын екі рет ауылдарды аралап, қанша адам тұратыны туралы есеп жүргіземіз. Сол есепке сай, осы екі ауылдағы халық саны 50-ге жетпейтіндіктен, оларды жабу туралы бастама көтерілді», дейді.
Сондай-ақ ол екі жыл бұрын ауыл азаматтары көші-қон бағдарламасымен оңтүстіктен отбасыларды көшіріп әкелетінін айтқанын, алайда ешкім көшіп келмегенін алға тартты. Амангелді, Суаткөл ауылдарын тарату туралы шешім қабылдаушы 4 адамнан тұратын жергілікті қоғамдастықтың бір өкілі Нұржан Кенжеғозин басқа аймақтан арнайы бағдарламамен көшіп келген азаматтардың көбі кері көшіп кеткенін, көп адамның ауылдарда тұрақтамайтынын айтады. Аталған ауылдардан өз тұрғындары көшіп жатқанда, басқа аймақтан көшіп келген адам қалай тұрақтап қалсын? Ауыл халқы тұрақтап қалуы үшін ауылдың инфрақұрылымы талапқа сай болуға тиіс. Ал ол инфрақұрылымды жергілікті атқарушы билік өкілдері жүзеге асыруы керек. Ауыл мен халыққа жағдай жасауы керек әкім-қараларға Амангелді мен Суаткөлдің атын картадан өшіре салу әлдеқайда жеңіл сияқты. Қыс маусымында көлік қатынасы қиындайтын, жолдары ойық-шұқыр, ал ауыз су проблемасы шешімін таппаған ауылдарға кім көшіп барады? Біздің тарапымыздан қойылған бұл сұраққа Жамбыл ауылдық округінің әкімі Н.Тұрсынбаев та, шешім шығарушы қауымдастық өкілі Н.Кенжеғозин де жауап берген жоқ. Әкім Н.Тұрсынбаев ауылды жабу туралы заңды алға тартпас бұрын, округтің әкімі ретінде заңмен бекітілген міндеттерін толығымен орындағанын тізіп айтып берер деп күткеніміз бекер болды. Сонымен қатар Амангелді, Суаткөл ауылдарын екі жыл бұрын болашағы жоқ ауылдар қатарына қосып қойған жергілікті билік өкілдері «аулымызға ешкім келмейді» деп шағымдануын қалай түсінеміз?
Амангелді аулының азаматы, танымал журналист Сайын Шаймерден: «Қазіргі кезде «Екпін – 2002» ЖШС басшысы Екпін деген біреудің Өмірсерік Әбиев атты баласы 4000 қойын аулымыз Амангелдіде жайып отыр. Ауылдағы мектептің де күл-талқаны шығып, қирап жатыр. Бұл мәселеде халқы жоқ ауылды адамға толтырып, көркейтіп, дамыту емес, керісінше ауылды жойып, жерді босатып, иемденуге жанталасып жатқан астыртын әрекеттің сұлбасы байқалады. Ауылда заңды, тұрақты тіркеуде қазір ондаған адам тұр. Соған қарамастан, жергілікті атқарушы билік өкілдері ауылды жабудан басқаға бас ауыртқылары келмей отыр. Президентіміз ауылдарды көтерейік, көркейтейік деп ауқымды жұмыс атқаруға шақырады. Ал бізде бар ауылды жойып, босаған жерді ұстағанның қолына, тістегеннің аузына беруге жанталас басталды. Зұлмат ашаршылықта да, соғыс заманында да жабылмаған аулымыз айдың-күннің аманында жабылатыны жанымызға батады», дейді.
Сөз болып отырған Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Амангелді аулы – Қазақстанның халық жазушысы, драматург Сафуан Шаймерденовтің туған мекені. Қаламгердің қара шаңырағы Амангелді аулында қаз-қалпында сақтаулы тұр. Тарихи тұлғаның табаны тиген туған аулын ел азаматтары сақтап қалайық десе де, Жамбыл ауданының атқамінерлері мәселені шешуді бір-біріне сілтеп, сиырқұйымшақтандырып отыр.
Жамбыл аулындағы жиынға қатысқан ел азаматтары бұл істің астарында Амангелді, Суаткөлді жауып, босаған жерлерін иемденгісі келген әлдекімнің қитұрқы әрекеті болуы да мүмкін екенін айтады. Қазірдің өзінде «Екпін – 2002» ЖШС Амангелді аулына тиесілі 260 гектар жерді жалға алып, мал жаяды.
«Аулымызға тиесілі үш мыңдаған гектар жер ондаған жыл бойы пайдаланылмай жатыр. Сол жерлерді игерейік, мал асырап, егін егейік десек, жергілікті билік өкілдері түрлі сылтауды алға тартып, бермейді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев игерілмеген жерлерді кері қайтару туралы арнайы құжаттарды қабылдады. Ал біздегі жағдай мынадай. Мыңдаған гектар жеріміз барын қайтейін, пайдасын көре алмай отырған соң. Осыдан екі жыл бұрын Қытайдағы қандастарымыз бір ауыл болып көшіп келгісі келді. Мал өсіріп, егін егеміз деді. Өкінішке қарай, жергілікті басшылардың «бос жер жоқ» деген жауабынан кейін қандастарымыз келуден бас тартты. «Біз Қытайда да жалданып жұмыс істеп, құлдың күйін кешіп жүрміз. Атажұртта өз кәсібімізді дөңгелетіп, елге де, жерге де пайдамыз тисе дейміз», деді олар. Осылайша, келейін деп отырған адамдардан айырылып қалдық», деп күйінеді Амангелді аулының азаматы Жапар Төлегенов.
Жамбыл ауылдық округінің әкімі Нұржан Тұрсынбаев та, жергілікті қоғамдастық өкілі Нұржан Кенжеғозин де «Аулымызға ешкім келмейді. Ауылда адам жоқ» дейді. Ашығын айтқанда, қирап-қаңырап бос жатқан ауылға кім келеді? Қоныс аударатын әрбір азаматтың ең бірінші қалауы – мал өсіріп, егін егу. Өкінішке қарай, Солтүстік Қазақстан облысындағы мыңдаған гектар жер санаулы кісілердің уысында. Көшіп келем деушілер әлгі кісілерге жалданып жұмыс істеуі керек, болмаса өз кәсібін игеремін дейтіндерге жалға беріле қояр жер жоқ. Барлық проблеманың туындайтын тұсы да осы.
2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мен сайлауалды бағдарламамда ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан, ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын», деп елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен ұлықтау рәсімінен кейін Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы шекаралас ауылдық елді мекендерді дамытуға ерекше назар аударылатынын да сол жиында қадап айтқан болатын.
Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданы шекаралық аймаққа жатады. Ал Жамбыл ауданының әкімі Азамат Бектасов пен осы аудандағы Жамбыл ауылдық округінің әкімі Нұржан Тұрсынбаев Амангелді, Суаткөл ауылдарын жауып, аңыраған бос далаға айналдыруға неге күш салып отыр? Жамбыл аулында өткен жиында ауыл әкімі Н.Тұрсынбаев бұйрықтың Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатынан келгенін алға тартумен болды. Олай болса, Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Владимир Бубенко да Мемлекет басшысының тұжырымдама, бағдарламаларымен келіспейтін болғаны ма? 2023 жылы 4 желтоқсан күні Астанада өткен брифингте Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те аймақтағы жабылу алдында тұрған ауылдарға қатысты тоқталып: «Облыста 635 елді мекен бар. Оның 125-інің халық саны 50-ге де жетпейді. Тағы 39 ауылда 3-4 адам ғана тұрады. Жалпы, өңірде халық санынан да, аумағы жағынан да талаптарға сай келмейтін елді мекендер көп. Алайда болашағы жоқ ауылдарға қатысты мәселеге біз өте мұқият қараймыз. Ауыл тұрғындарымен, кәсіпкерлермен сөйлесіп, бұл мәселені әлі де қарастыратын боламыз», деген болатын. Өкінішке қарай, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің сөзі Жамбыл ауданы мен ауылдық әкімдерін ойландырмай тұр.
P.S. Соңғы ақпаратқа сүйенсек, Жамбыл аулында өткен жиын хаттамасында Амангелді, Суаткөл ауылдары тұрғындары толық көшіп кетпегеніне байланысты таратылмайтыны туралы шешім қабылданыпты. Алайда Жамбыл ауданының әкімі Азамат Бектасовқа осы мәселемен арнайы барып-қайтқан Жапар Төлегенов: «Аудан әкімі Азамат Бектасов соңғы нүктені Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты қоятынын айтып, шығарып салды», дейді. Амангелді, Суаткөлдің халқы ауылдарын сақтап қалу үшін бар күшін салатынын, мәселені Парламентте көтеріп, Үкіметке және Мемлекет басшылығына хат жолдайтынын жеткізді.
Меруерт ХУСАИНОВА
Солтүстік Қазақстан облысы