Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапарымен барып, БАӘ Әділет министрі Абдулла бин Сұлтан бин Ауад әл-Нуаймимен және осы елдің Бас прокуроры Хамад Сейф әл-Шамсимен кездесулер өткізді.
Кездесулер барысында әріптестер ведомствоаралық ынтымақтастықты кеңейту және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін кеңінен талқылады.
Еліміздің бас қадағалау органының басшысы Қазақстан Республикасы Біріккен Араб Әмірліктеріне ұқсас сын-қатерлер мен қауіптерге тап болатындығын, сондықтан қылмыспен күрес мәселелерін бірлесіп шешу, үздік жұмыс тәжірибесімен ұдайы алмаса отырып, заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы тұру маңызды екенін атап өтті.
Сондай-ақ Қазақстанның Бас прокуроры қылмыстық-құқықтық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың кейбір аспектілеріне, атап айтқанда, іздеуде жүрген адамдарды экстрадициялауға және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелеріне жан-жақты тоқталды. Кездесу аясында араб тарапының заңсыз алынған активтерді қайтару мақсатында оларды іздеу үшін жасанды интеллектіні (ЖИ) пайдалану тәжірибесі де талқыланды.
Сапар нәтижесінде, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен БАӘ Әділет министрлігі арасындағы ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды. Тараптар бұл құжатты жүзеге асыру қылмысқа қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсетініне сенім білдірді.