Канвон қаласында өтіп жатқан қысқы спорт түрлерінен IV жасөспірімдер Олимпиадасының кезекті жарыс күндері өтті. 26-27 қаңтарда сайысқа шыққан спортшыларымыздың ешқайсысы, өкінішке қарай, жүлдегерлер қатарынан көрінген жоқ.
Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі хабарлағандай, жетінші жарыс күні алдымен конькимен жүгіруден масс-стартта Алина Шүмекова іріктеуден 3-сатыдан көрініп, жүлдеге таласуға мүмкіндік алған. Алайда финалдық сында құлап, жүлдеден қағылды. Ал Кристина Шүмекова 5:58.38 секунд нәтижесімен 12-орынға тұрақтады. Алтын медаль – Ангел Далеманның еншісінде. Бұл – Нидерланд атлетінің осы ойындардағы үшінші алтыны. Күміс тағы да бір Нидерланд спортшысы Жасмин Винхуистаға бұйырды. Үздік үштікті Юнжи Луи (Қытай) қорытындылады.
Ерлер арасында Михаил Матрюхин финалға шыға алмады. Руслан Жанәділов (5:31.80) 11-сатыда қалды. Финн Соннекалб (Германия) Канвонда осымен үшінші рет чемпион атанса, Қытай өкілі Баошуо Пан – күміс, Эйрик Андерсен (Норвегия) қола медальге ие болды.
Фристайл-могулдан Денис Раструба/Юлия Феклистова жұбы алысқа бара алмады. Олар жұптық сында 1/8 кезеңде Францияға есе жіберді (20:50). Ал 28 қаңтар күні таңертең фристайл-могул бәсекесінде қос атлетіміз үздік ондыққа кірді. Параллель сайысында Юлия Феклистова 10 балл жинап, 9-сатыға жайғасса, Денис Раструба 10-орынға табан тіреді. Қыздар арасында Элизабет Лемли (АҚШ) топ жарды. Лотти Лодж (Канада) – күміс, Эбби МакЛарнон (АҚШ) қола медальді мойнына тақты. Ерлер арасында Оңтүстік Корея өкілі Син Юнг Ли чемпион атанса, Портер Хафф (АҚШ) – екінші, Такута Накамура (Жапония) үшінші орынға тұрақтады.
Ал кешкі сессияда еліміздің кёрлинг шеберлері алғашқы ойынын өткізді. Қазақстан намысын қорғаған ағайынды Мерей және Ибрагим Тастемір (суретте) жұбы Аустрия құрамасындағы ЭммаМюллер мен Луис Хайнхичке 4:5 есебімен жеңіліп қалды. Кеше Мерей мен Ибрагим Германиядан келген құрдастарымен күш сынасты.
Бүгінде 1 алтын, 2 қола медаль еншілеген Қазақстан бейресми жалпы есепте 15-сатыда тұр. Елімізге алғашқы алтынды Илья Мизерных сыйласа, Полина Омельчук (шорт-трек) пен хоккейден ұлттық құрама қола медаль жеңіп алды.
Жасөспірімдер олимпиадасы 2 ақпанда мәресіне жетеді.