Өңірде мүгедектігі бар 5 мыңнан аса бала тіркеуде тұр. Олардың қатарында көбіне жүйке жүйесінің аурулары мен туа біткен ақаулар жиі кездеседі. Мұндай дерттің мейлінше ерте анықталып, қажетті ем-дом қабылдап, кешенді оңалтудан өткенінің септігі мол. Қарағандыда ашылған «Қамқорлық» атты оңалту орталығы ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға қанат байлағандай, бүлдіршіндерге көп мүмкіндік беріп отыр.
Ашылғаннан бастап бірнеше ай уақыт ішінде орталықта 400-ге жуық бала ем алып шықты. Оның ішінде 52 бала емін-еркін жүре бастаса, 29-ы сөйлей бастаған. Орталықта тәжірибелі невропатологтер, оңалту дәрігерлері, жаттығу терапиясының нұсқаушылары, психологтер, логопедтер мен реабилитолог мамандар жұмыс істейді. Церебральды сал ауруы, аутизм және дамудың кешеуілдеуі бар балалар реабилитация мен оңалтудан өтеді. Бүгінде орталық айына – 50, жылына 600 баланы қабылдайды. Аурухана директорының медициналық бөлім бойынша орынбасары Нина Деркачтың аурухананың жаңа ғимаратқа көшуі оңалту орталығының ашылуына мүмкіндік бергенін айтады.
– Жаңа ғимаратқа көшкенге дейін бізде оңалту орталығы болған жоқ. Осы жерде осындай маңызды қызметті іске қостық. Ерте араласу орталығында 3 айдан 3 жасқа дейінгі балалар көмек алады. Оңалту орталығына 18 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Тұз шахтасы, шунгит бөлмесі, сенсорлық бөлме, толығымен жабдықталған емдік-дене шынықтыру кабинеттері жұмыс істеп тұр. Кішкентайлар үшін «Посейдон» иммерсиялық ваннасы бар. Қазірдің өзінде нәтижелер жаман емес. Ата-аналар да риза болып қайтады, – дейді Нина Григорьевна.
Мұнда тұрақты түрде оңалту курсын алатындар келеді. Ем-домын толық қабылдап алған соң, араға бірнеше ай салып, жолдамамен қайта келе алады. Алыс аудандардан келгендер тәуліктік стационарда болса, қала басынан келгендер күндіз келіп тұрады. Бірегей орталық осындай мүмкіндікті ойластырып қойған.
Ерекше баланың анасы Сымбат Бекмағамбетова осымен екінші рет келіп, оңалту курсынан өтіп жатыр.
– Бұған дейін басқа жерлерде болдық. Бірақ мұндағы мамандардың балаға деген қарым-қатынасы ерекше. Балаға жаны ашып тұрады. Содан да болар, нәтиже де бар, – дейді ол.
Артем есімді баланың анасы Аня да орталыққа екінші рет келіп, ем-дом шараларын қабылдап жатыр.
– Біз осымен екінші рет келдік. Молодежный кентіненбіз. Осында келгелі балам өздігінен тұра алатын болды. Бірнеше секунд болса да, бұл – біз үшін үлкен жетістік. Бір жасында реанимацияға түсіп, даму үдерісі тежелген еді. Қазір бәрін қайтадан үйреніп жатырмыз, – дейді Аня.
Бастысы, бірегей орталықта АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Ресей және Қазақстан өндірген ең заманауи медициналық оңалту және диагностикалық жабдықтар бар. Мұны «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорлары жеткізген. Өткен аптада сол қордың өкілдері орталықтың жұмысымен танысқан еді. Біздің өңірдегі орталық қор атсалысқан 35-нысан екен.
– «Самұрық-Қазына» қоры 2020 жылдан бері ерекше балаларды оңалтудан өткізетін орталықтарға қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Үш жыл ішінде біз Қазақстанда инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған 15 оңалту, 14 ерте араласу және аутизмі бар балаларға арналған 5 орталықтың тұсауын кестік. Осы жылдар ішінде 40 мыңға жуық бала оңалтудан өтті, – дейді «Samruk-Kazyna Trust» қорының басшысы Альфия Адиева.
Алдағы уақытта Қарағанды облысында тағы бір оңалту орталығы, 4 ауылда ангарлық типтегі спорт кешенін ашу жоспары бар екен. Мұндай игілікті хабармен «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорының басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева бөлісті.
– Президент оңалту қызметі қолжетімді болуын тапсырды. Екі жылдың ішінде «Қазақстан халқына» қайырымдылық қоры Қарағанды облысында жалпы сомасы 11 млрд теңге болатын 23 жобаны жүзеге асырды, – деді ол.
Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов тағы бір орталықтың ашылатынынан хабардар етті.
– Қазіргі уақытта ерте араласу орталығы жүйелі жұмыс істеп тұр. Енді 18 жасқа дейінгі балаларға арналған оңалту орталығы ашылады. Мамандарымызды үйреткен, осындай заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен «Samruk-Kazyna Trust», «Қазақстан халқына», «Қамқорлық» қорларына алғыс айтамыз. Мұндай әлеуметтік жоба Балқаш, Шахтинск қалаларында да жалғасын табады деп ойлаймын, – деді Е.Алпысов.
Осылайша аймағымызда ерекше балаларға жасалып жатқан қамқорлық айтарлықтай-ақ. Тәжірибелі мамандар мен ата-аналардың бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі баланың дамуына зор ықпал ете алады.
Қарағанды облысы