• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әлем 28 Қаңтар, 2024

Әлемдегі ең алып круиздік кеме жолға шықты

2519 рет
көрсетілді

«Icon of the Seas» деп аталатын лайнер АҚШ-тың Майами қаласынан өткен сенбі күні сапарға аттанды. Бұл кеменің ерекшелігі сол, толықтай сұйытылған газбен жүзеді. Жоба авторлары осылайша парникті газ шығарылымын азайтуға тырысқан.

Лайнерді «Royal Caribbean» компаниясы басқарады. Кеменің жобасы 2016 жылы қазанда басталған-тұғын. Ал 2021 жылы «Meyer Turku» компаниясы оны құрастыру жұмыстарына қызу кірісті. Лай­нер­дің алыптығы соншалық, биіктігі Эйфель мұнарасынан да үлкен. Ұзындығы 365 метрге жетеді. Салыстыру үшін айтсақ, бұл – ең үлкен үш футбол алаңына тең.

«Icon of the Seas» мұхитта жүзген қала секілді. Оның 20 палубасы бар. Шамамен, жеті мыңға жуық жолаушы мен экипаж мүшесі сыя­ды. Салмағы 250 мың тоннадан асады. Әлемге әйгілі «Титаник» лайнерінен бес есе үлкен. Кемеде жолаушылар бос уақытын көңілді өткізу үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, «Көңілді арал» деп аталатын лайнерлерде орналасқан ең алып аквапарк бар. Сондай-ақ бұған 17 метрлік сарқырамасын қосыңыз.

«Royal Caribbean» компаниясының президенті Джейсон Либертидің айтуынша, «Icon of the Seas» – әлемдегі ең алып, керемет кеме. Дегенмен компания алдағы жылдарда одан да үлкен лайнерлер жасауды жоспарлап отыр. «Icon of the Seas» – осы серия бойынша құрастырылған алғашқысы. Осы орайда, сарапшылар Флоридадан жолға шыққан «теңіз қаласы» круиз туризміне тың серпін беретінін алға тартады. Мұның бірнеше себебі бар.

Біріншіден, круиз кемелер арқылы сапарға шығып, әлем аралаудың қоршаған ортаға тигізер зияны орасан. Мәселен, таза экологияны жақтайтын ұйымдар жүргізген зерттеулерге сүйенсек, бір апта круизде демалу кезінде бөлі­нетін парникті газдар көлемі ұшақпен ба­рып, қонақ үйде тоқтауға қарағанда сегіз есе көп. Сондықтан круиздік саяхатқа қырын қарай­тындар жетерлік.

Екіншіден, «Icon of the Seas» сұйытылған газ тұтынады. «Royal Caribbean» компаниясы лайнердің осы ерекшелігін алға тартып, оны «ең таза отын» деп сипаттады. Бірақ бұған келіспейтіндер бар. Халықаралық таза көлік кеңесінің теңіз бағдарламасының директоры Брайан Комер мұндай отынды пайдалануды көзбояушылыққа балайды.

«Сұйытылған газды тұтынамыз дегенге ерекше басымдық береді. Алайда бір сапар кезінде жұмсалатын сұйытылған газдан бөлінетін шығарылым қарапайым теңіз кемелері қолданатын отыннан бөлінетін зиян­ды қалдықтардан 70-80 пайызға көп. «Icon of the Seas»-де әлемдегі ең үлкен сұйы­тылған газ цистерналары орнатылған. Осылайша, көзбояушылыққа барып отыр», дейді Б.Комер.

Сарапшы жалпы сұйытылған газдың басқа теңіз көліктерінде қолданылатын отын­дар­ға қарағанда көмірқышқыл газын төрт есе аз бөлетініне келіседі. Бірақ круиздегі сұйытылған газ «метанның бөлінуі» деп аталатын ерекшелікке байланысты көбірек қалдық шығарады. Яғни газ жанудың орнына сол күйінде ауаға тарайды. Өздеріңізге мәлім, метан көмірқышқыл газына қарағанда қоршаған ортаға әлдеқайда зиянды. Мәселен, атмосферадағы метан CO2-ге қарағанда 80 есе көп жылуды ұстайды.

«Royal Caribbean» вице-президенті Ник Роуздың айтуынша, «Icon of the Seas» жобасы басталғанда сұйытылған газ кең көлем­де қолдануға болатын отын түрі ретін­де са­нал­ған. «Біз оны кеме дизайнына икемділік орнатуға көмектесетін өтпелі отын деп са­наймыз. Сонымен қатар нарық дамып, басқа да ауқымды баламалар енгізілген кезде отын­ның әртүрлі түрлеріне оңай бейімделуге мүмкіндік береді», дейді Н.Роуз.

Тағы бір айта кетерлігі, «Icon of the Seas» қолданылған суларды тазартуға арнал­ған же­тіл­дірілген тазарту жүйесімен жаб­дық­тал­ған. Кемедегі тұщы судың 93 пайыздан астамы судан ластаушы заттарды кетіретін кері осмос жүйесі арқылы бортта өндіріледі.