• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Үкімет 28 Қаңтар, 2024

Автоөнеркәсіптің жаңа деңгейі

105 рет
көрсетілді

Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Премьер-министр Әлихан Смайылов машина жасау саласының бірқатар өндіріс орындарын аралады. Үкімет басшысы, алдымен, жылына 70 мыңға дейін көлік шығаратын «Kіа» автомобиль зауытының құрылысымен танысты.

Кәсіпорынның бас директоры Ким Де Ки зауытта 1,5 мың жаңа жұ­мыс орны ашылатынын атап өтті. Бас­тапқы кезеңде «Sorento», «Sportage» және «Cerato» сияқты шағын торапты 3 модель өндірісін жолға қою көзде­ліп отыр. Зауыт 2025 жылы іске қосылады.

Әлихан Смайылов бүгінде Үкімет экономиканы әртараптандыруға және өңдеу өнеркәсібінде локализациялау­ды тереңдетуге үлкен көңіл бөліп отырғанын атап өтті.

«Біз Қазақстанда осындай ірі инвес­тициялық жобаның іске асырылуын құптаймыз. Менің білуімше, бұл – Еуразия құрлығындағы жалғыз зауыт. Біреуі АҚШ-та, екіншісі осында. Аталған зауыттың қуаттылығын ескерсек, бұл – біздің республика үшін өте маңызды жоба», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы атап өткендей, бүгінде отандық машина жасау сала­сы, оның ішінде автомобиль өнер­кәсібі қарқынды дамып келеді. Өткен жыл­дың қорытындысы бойынша, елі­мізде 148 мың автокөлік шығарылды, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыс­тырғанда 30%-ға артық.

«Біз ішкі нарықты әртүрлі авто­көлік түрлерімен толықтыру мақ­сатында ғана емес, сонымен қатар экс­портқа шығару үшін де осы сер­пінді сақтауды жалғастыруымыз керек. Бұл – біздің одан әрі тұрақты дамуымыз тұрғысынан өте маңызды», деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ Премьер-министр жаңа «Kіа» зауытында шағын торапты құрастыру әдісімен 50 мыңға жуық ав­токөлік шығарылатынын айтты.

«Бұл – отандық автомобиль өнді­рісін дамытудағы өте маңызды кезең. Біз аталған жобаның жедел жүзеге асуын толық қолдаймыз», деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр «Allur» зауытына барып, «Chevrolet Оnix» авто­көлігінің өндірістік жоспарымен танысты. «Allur» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төр­ағасы Андрей Лаврентьевтің айтуынша, зауыт толығымен ішкі нарыққа бағ­дарланған және қолжетімді баға­мен автокөліктер шығарады. Се­риялық өндіріс көлемі жылына 30 мың көлікке жеткенде, конвейерде 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Әлихан Смайылов өңдеу өнер­кәсібінің экономикадағы үлесі қазір­дің өзінде шикізат өндіру саласымен теңесіп отырғанын атап өтті. Үкімет қосылған құны жоғары салалардың пайдасына шикізат бағытынан бірте-бірте шегіну үшін өңдеу өнер­кәсібінің даму қарқынын жеделдету жұмыстарын жалғастырады.

«Жаңа өндіріс орындарын іске қосу автомобиль өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін айтарлықтай арт­ты­руға мүмкіндік береді. Ол қазір­дің өзінде экономикамыздың страте­гиялық маңызды саласына айналып отыр. Біз оның қарқынды дамуына және ел экономикасының орнықты болуына одан әрі ықпал ететін боламыз», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы өңірде ауыл шаруа­шылығы техникаларын құрас­тыратын, компоненттер мен қо­салқы бөлшектер шығаратын «АгромашХолдинг KZ» локализация ор­талығында болды. Бүгінде кәсіпорын жылына 1 мың комбайн, 3 мың трактор, 300-ге жуық тұқым сепкіш және 200 жинаушы платформа шығара алады. Атап айтқанда, өткен жылы ел көлемінде диқандардың егіс алқабына 1 200-ден астам трактор мен комбайн жеткізілді.

Әлихан Смайылов қазіргі таңда ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласы жоғары өсу қарқынын көрсетіп отырғанын атап өтті. Мәсе­лен, өткен жыл қорытындысы бойынша 6,4 мың астық жинайтын комбайн мен трактор шығарылған. Бұл – 2022 жылмен салыстырғанда 20%-ға артық.

«Біз осы қарқынды сақтап, өндірісті арттыруымыз қажет. Осы тұр­ғыдан алғанда, жергілікті қамту­дың үлесін арттыру, жұмыс орындарын ашу және аймақтағы шағын және орта кәсіпорындарды жұмыспен қамту мақсатында мұндай локализациялау орталығы жұмысының маңызы зор. Біз әкімдікпен бірлесе отырып, мұндай кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсететін боламыз», деді Премьер-министр.

Қостанай облысындағы өнеркәсіп кәсіпорындарының өсу қарқынын ескерсек, ел аумағы бойынша жүк тасымалдарын ұлғайту қажеттілігі артып келеді. Әлихан Смайылов заманауи теміржол терминалын салу жобасымен танысты. Құрғақ порт Қостанай облысы арқылы өтетін контейнерлік тасымалдау көлемін 5 есеге арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Премьер-министр жылына 170 мың тонна дайын өнім шығаратын «Кайдзэн» дәнді-бұр­шақты дақылдар өңдейтін жаңа кәсіп­орында болды. Мұнда шикізаттан бас­тап қаптамаға дейін толық өндірістік цикл жолға қойылған. Жобаға 4 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 70 жұмыс орны ашылды.

Әлихан Смайылов Үкіметтің алдында агроөнеркәсіптік кешенде шығарылатын өнім көлемін екі есеге арттыру бойынша үлкен міндет тұр­ғанын атап өтті.

«Жуырда ғана біз осы тақырып бо­йынша үлкен жиын өткіздік, онда әрбір өңірдің биылғы және келесі жылдарға арналған нақты көр­сеткіштерін белгіледік. Бұл – егіс алқаптарын ұлғайтуға, су үнемдеу технологияларын іске қосу, минералды тыңайтқыштарды енгізу, қайта өңдеуді дамыту және басқа да салаларға қатысты. Аталған міндеттерді уақтылы әрі толық көлемде жүзеге асыру маңызды», деді Үкімет басшысы.

 

Қостанай облысы