• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Қаңтар, 2024

Қармақ емес, қамыс сал

224 рет
көрсетілді

Су астындағы тіршілікке де ауа керек. Ихтиолог ма­мандардың айтуынша, балықтар оттегі ерітін­дісі­мен тыныс алады екен. Су құрамында оттегі азайып кетсе, балықтан да тәбет қашып, өсуі баяулайтын кө­рінеді. Тіпті жаппай қы­рылып қалуы да мүмкін.

Жылда осы уақытта өзен-көлге бай Қостанай облысында табиғат жанашырлары көл бе­тінде мұз бұрғылап, су астына ауа жіберуге кірісіп кететін. Биылғы бұрғылау жұмыстары Заречный ауылының маңындағы шағын көлден басталды. Мамандардың айтуынша, қыс мезгілінде мұз қалыңдаған сайын, балықтарға оттегі жетпей қалатын көрінеді.

«Содан жаппай қырылып қалуы мүмкін. Осыған байланыс­ты балық шаруашылығы инспекциясы, әуесқой балықшылар қауіптің алдын алу іс-шараларын өткізуді дәстүрге айналдырған. Мұзды бұрғылап, ойық жасаймыз да, оған қамыс бау саламыз. Осылайша, су астына ауа жіберіп, балықты аман сақтап қаламыз. Бұған қоса аэратор сияқ­­ты қондырғыларды да пайдаланып жатырмыз», дейді Та­биғи ресурстар және табиғат пай­да­лануды реттеу басқармасы Балық, аңшылық және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Амангелді Исмайылов.

Бұрғы тескен ойық бір түнде мұз болып қатып қалуы мүмкін. Ал ойыққа отырғызылған қа­мыс­тың түбі суға малынып тұр­­ғандықтан оңайлықпен қата қоймайды. Осылайша, қуыс өзек қамыс суға оттегі жіберіп тұра­тын түтікше қызметін атқарады.

Жалпы, облыс аумағында шамамен 8 мыңнан аса су ай­ды­ны бар. Оның 384-і жер­гі­лікті маңызы бар балық шаруа­шылығы айдындарының тізіміне енгізілген. Бүгінде өңірде 173 кә­сіпкер 245 су айдынын пайдаланып отыр. Өздеріне бе­кітілген көлдің тазалығы мен су астын­да­ғы тіршіліктің аман­дығы осы кә­сіпкерлердің мойнына жүктелген.

Әуесқой балықшылар өңір­дегі су айдындарында негізінен мөңке, табан, шортан, алабұға, оңғақ, тұқы балық мекендейтінін айтады.

 

Қостанай облысы