Аңғарған адамға бүгінде барлық салада бақылау мен тәртіптің күшейіп келе жатқаны байқалады. Мәселен, Алматыда сатушыларға зергерлік бұйымдар мен әшекейлерді сынамасыз саудалағаны үшін жауапкершілік бар екені ескертілді.
Зергерлік бұйымдарды сатумен айналысатындарға тиісті таңбалар болмаған жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылған? Бұл туралы Алматы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Алматы қалалық департаментінің басшысы Қанат Қабылбеков баяндады.
Департамент жетекшісі сауда нысандарына бармай-ақ 509 профилактикалық бақылау мен қадағалау жүргізіліп, нәтижесінде барлық жағдайда заң бұзу фактілері анықталғанын атап өтті.
«Бекітілген стандарт бойынша бағалы алтын металдарында барыс басты белгі мен Қазақстанның халықаралық аббревиатурасы – KZ болуға тиіс. Осы стандартты бұзу фактілері нақты анықталған жағдайда департамент бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік және басқа да бұйымдарды сатушыларға қатысты жоспардан тыс тексерулерді бастайды», деді Қ.Қабылбеков.
Департамент қызметкерлері айғақты материалдармен заңға бағынбаудың дәлелді және нақты фактілері анықталған кезде алтын бұйымды өткізушіге қатысты жоспардан тыс тиісті тексеру тағайындалып қана қоймай, фактілер расталған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалады.
Жеке тұлғаларға – 50, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 80, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 100, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 150 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
«Сондай-ақ сатушыға заңсыздықты жою туралы нұсқау беріледі. Яғни сатушы өз өнімінің нормативтік құжаттандыру талаптарына сәйкес келетіндігі туралы акт алғаннан кейін, басты сынамалық таңбамен таңбалауды жүргізуі керек», деп түсіндірді спикер.
Заң бұзу жойылып, мәселе реттелгеннен кейін зергерлік бұйымдар қайтадан саудаға шығарылуы мүмкін.
АЛМАТЫ