• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Қаңтар, 2024

Сенімнің кілті – бірлікте

437 рет
көрсетілді

Бүгінде әлем де, қоғам да сәт сайын жаңарып жатыр. Жылдар бойы қалыптасқан, мызғымастай көрінген геосаяси, геоэкономикалық қағидалар қайта қаралып жатыр. Халықаралық қатынастар түбірімен өзгерді. Блоктік сана қайта жаңғырып, тұрақсыздық шекарасы кеңейіп барады. Жер-жердегі қақтығыс, соғыс әлемді алаңдатып тұр.

Бұл жағдай мемлекет­терді, халықтарды бір-бірінен алшақ­татып, қоғамда наразылық, сенімсіздік пен үрей туғызады.

Күні кеше Швейцарияның Давос қаласында 54-Дүние­жүзілік экономикалық форум өтті. Форумның тақыры­бы да өткір, өзекті – «Сенімді қайтару». Сенім орнату немесе сенімді күшейту емес, сенімді қайтару. Осының өзінен-ақ жалпы даму мен жаңарудың кепілі саналатын «сенім» ұғымы­ның да шатқаяқтап, дағдарыс­қа ұшырай бастағанын аңғаруға болады. Бұл ұғым әу бастан тұрақтылықтың іргетасы, алға жылжудың бірегей шарты еді. Ал сенімнің азаюы кез келген мемлекетке, қоғамға қауіп туғызатыны айтпаса да түсінікті.

Давос форумына биыл 60-қа жуық мемлекет басшылары мен 100-ден астам елден келген әлемдік элитаның өкіл­дері, халықаралық ұйым жетек­шілері, белгілі сарапшылар қатыс­ты. Олар «шытынаған әлем­дегі» қауіпсіздік пен ынтымақ­тастық, экономика мен экология, цифрлық валюта мен жасан­ды интеллектке дейінгі өзекті сұрақтарды, күмәнді құбылыс­тарды қайта таразылады.

Осы жерде бәрінің назарын аударған бір зерттеуге кеңірек тоқ­тала кету керек. Давос фо­ру­мының қарсаңында 1 490 са­рап­шының болжамы негізінде құрастырылған «Global Risks Report 2022» жаһандық сын-сынақтарға байланысты дәстүрлі есеп ұсынылды. Баяндама қысқа және ұзақмерзімді жаһандық тәуекелдерді қамтиды. Құжатта әлемді алдағы 10 жылда аумалы-төкпелі, турбулентті перспективалар күтіп тұрғаны айтылады. Бұл – сарапшылардың ортақ ұйғарымы. Соның ішінде, 2024 жылғы Топ-7 сынақты бөле-жара қарастырады.

Олар: экстремалды ауа райы­ның жағдайы (66%), жалған ақпа­рат пен фейк, оның ішінде жа­санды интеллект көмегімен жасалғандар (53%), қоғамның әлеуметтік-саяси поляриза­циясы (46%), өмір сүру құнының төмендеуі (42%), киберша­буылдар (39%), экономикалық құлдырау (33%), маңызды та­уарлар мен ресурстарды жеткізу тізбегінің бұзылуы (25%), бір немесе бірнеше мемлекетаралық қарулы қақтығыстардың өршуі немесе басталуы (25%).

Көріп отырғанымыздай, тәуекелдер бір-бірімен өзара тығыз байланысты және бірін-бірі толықтырып тұр. Есепті баян­дамада ұзақ мерзімдегі негізгі әлемдік қауіп ретінде климаттың өзгеруі мен мемлекеттердің оны тоқтатуға қабілетсіздігі аталады.

Болжамға сәйкес, алдағы 10 жылдың ішінде адамзат жаһандық деңгейде Жер бетіндегі күрделі өзгерістерге, биоалуандықтың жоғалуына, эко­жү­йелердің ыдырауына және табиғи ресурстардың жетіс­пеу­шілігіне тап болуы мүмкін. Бұл қатер Орталық Азия аймағында да күн өткен сайын өткір сезіледі. Кейбір отандық мамандардың айтуынша, елімізде орташа жылдық температураның жоғарылауына байланысты құрғақшылық, орман өрті, өзен тасқыны сияқты табиғи апаттар әдеттегі жағдайға айналуы мүмкін.

Қазірдің өзінде мемлекетіміз «IQAir» ауа сапасын бақылау жаһан­дық платформасының рей­тин­гінде 131 мемлекеттің ішінде 40-орынға тұрақтап, әлемдегі ең ластанған Топ-50 елдер мен аймақтардың қатарына қосылған.

Экология және табиғи ре­сурс­тар министрлігінің түсінік­темесіне сәйкес, кейінгі 100 жылда Қазақстанда орташа темпера­тура 2 градусқа көтерілген. Дү­ниежүзілік метеорологиялық ұйымның есептеулері бойынша 2050 жылға қарай орташа жылдық температура 2-3°С жоға­рыламақ.

Бұл ретте сарапшылардың пікірі де екіге айырылатыны жасырын емес. Бірі климаттың өзгеруімен күресу үшін барлық күш-жігерді жұмсауға шақырса, басқалары алдымен мұқтаждарға жәрдемдесу керек дейді. Яғни негізгі жаһандық қауіпке қатысты мәселеде адамзат баласында әлі бір ортақ келісім жоқ.

Еліміздің Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылы қоршаған ортаны қорғауға 444 млрд теңге бөлінген. Оның 113 млрд-ы ағынды суларды тазартуға, 107 млрд-ы қалдық проб­лемаларын шешуге, 8 млрд-ы энергия үнемдейтін техноло­гиялар мен жаңартылатын энергия көздеріне, 3 млрд-ы ғылыми зерттеулерге арналған. Соған қарамастан экологиялық тиімділік рейтингінде 180 елдің ішінде Қазақстан 93-орында тұр. Бұл да – ойланатын мәселе.

Қысқамерзімді жаһандық тәуекелдердің қатарына биыл алғаш рет жалған ақпараттар мен теріс мәліметтердің таралуы енген. Есепте фейк ақпарат кибершабуылдар мен жасанды интеллект технологияларының жағымсыз әсерлері сияқты тәуе­келдерді басып озған. Бұл кез келген мемлекеттің, қоғамның ішкі тұрақтылығына, ақпараттық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін фактор екенін естен шығармау керек.

Мысалы, биыл 64 елде, жер ша­рындағы халықтың 4 млрд-қа жуығын қамтитын сайлау науқандары өтеді. БАҚ қазірдің өзінде 2024 жылды «барлық сайлау жылдарының көкесі» немесе «демократиялық Супербоул» деп атап кетті.

АҚШ, Әзербайжан, Индо­незия, Иран, Мексика, Оңтүстік Корея, Оңтүстік Африка Рес­пуб­ликасы, Ресей, Украина, Үндістан сияқты мемлекеттерде президенттікке және парламентке сайлауалды талас-тартыс қазірдің өзінде бас­талды. Ең көп сайлау Еуропа құрлығында өтпек. 11 мемлекетте парламент құрамы жаңарып, 10 елде президент ауысуы мүмкін. Сондай-ақ брекситтен кейінгі Еуропарламентке алғашқы сайлау, қоғамдағы оңшылдық көңіл-күйдің артуы осы құрлық үшін «тағдыршешті» болғалы тұр.

Супербоул шымылдығын бірінші ашқан Тайвань ара­лындағы президенттік таң­дау алпауыт мемлекеттер ара­сындағы ақпараттық текеті­рестің қаншалықты күрделі екенін көрсетіп берді.

Сайлау науқаны барысында жалған ақпарат, теріс мәліметтер мен фейк жаңалықтар саясаткерлер мен үкіметтердің имиджі мен легитимділігіне елеу­лі әсер ететіні анық. Сарап­шы­лар­­дың пайымдауынша, бұл бірін­­шіден, азаматтар тарапынан өш­пенділіктің артуына, екін­ші­ден, қоғамдағы ашық нара­зы­лық­тардың өршуіне және үшін­ші­ден, терроризм сипаты бар ха­лық­тық толқуларға әкелуі мүм­кін. Ал ереуілдердің салдары үкімет­тердің демократияны одан сайын тұншықтырып, ақпарат көздерінің қолжетімділігін шектеуге әкелуі кәдік.

Сондай-ақ сарапшылар ал­дағы жылдарда технология­лар адамзат тұрмысының ажы­ра­­мас бөлігіне айналып, қоғам­ның оларға деген сенімі артатын­дығын болжап отыр. Дегенмен көптеген форум қатысушылары жасанды интеллект жұмысы адамдардың қатаң бақылауында болуы керек деп ескертеді.

«Amanat» партиясы Қоғам­дық саясат институтының 2023 жылы жүргізген сауалнамасы­на сүйенсек, отандастарымыз­дың 48,7 пайызы жасанды интеллект пен нейрондық желі­лер тех­нологияларынан хабардар (13,1%-ы – егжей-тегжей, 35,6%-ы – хабардар). Қатысу­шылардың 40,5 пайызы бұл туралы бірінші рет естіп отыр­ғандығын айтқан. Ал рес­пон­­денттің жасы неғұр­лым үлкен болған сайын ЖИ-дан хабар­дарлығы соғұрлым төмен және пайдасын да аз көреді екен.

Жасанды интеллекттің оң және теріс жақтарын бағалау бойынша: респонденттер пайдалы жақтары ретінде (81,7%) адамды зиянды және қауіпті өндірістен босататындығын (29,1%), жұмыс тиімділігін арт­ты­ратындығын (28,1%) және ресурстарды үнемдейтіндігін (24,5%) атап көрсеткен.

Жасанды интеллектінің дамуы­ның жағымсыз салдарын 69,6% қатысушы атап өткен: жұ­мыс орындарын қысқартуға әкеледі (33,4%), адамдарға қарсы қолданудан қорқады (18,8%), шығармашылық мәселелерді шешуге қауқарсыз (17,4%).

Меніңше, бұл ретте ескеретін нәрсе – жасанды интеллект көмегімен жасалатын бұқаралық ақпараттардың ықпалына назар аудару. Өйткені қоғам «өзі қабылдайтын ақпаратының айнасы» екені жасырын емес.

Сарапшылардың айтуынша, жалған ақпараттардың таралуымен күрес цензура, адам құқықтарын бұзу және «ішкі дезинформацияның» пайда болуы сияқты бірқатар тәуекелді де тудыруы мүмкін. Айналып келгенде, ол саяси, әлеуметтік тұрғыдан қоғамның алшақтануын жеделдете түседі. Бұл үрдіс алдағы жылдары әлемдік деңгейде барынша өткір сезілетін сияқты.

Тағы бір тәуекел. Сарапшы­лардың ойынша, жаһандық пандемиядан кейін қарқын ал­­ған қоғам­ның әлеуметтік, сая­­си поля­­­ри­­зациясы барған са­йын ү­­дей түспек. Әсіресе табыс дең­­­­ге­­йінде, денсаулық сақтау және білім беру қызметтеріне қол­­же­тімділік, цифрлық орта, тех­но­логия және жұмысқа орна­ласу мүм­кіндіктерінде әлеумет­тік жік­ке бөліну зорая бермек. Ал әлеу­мет­тік бөліністің ауылы сая­си по­ля­­ри­­зациядан алыс емес екені анық.

Ашығын айтқанда, бұл – демократиялық бастамалар­дың, реформалардың іске асуына кедергі болатын, керек десеңіз, мем­­лекеттердің іргетасын шай­қалт­уға алып келетін фактор. Қоғамдағы алауыздықтың неге апарып соқтыратынын өзіміз де жақсы білеміз.

Бүгінде әлем «жаңа ойын ережелеріне» бейімделмеген жағдайда өмір сүріп келеді. Геосаяси қақ­тығыстар, пандемиядан айық­паған қоғам, әлсіре­ген еңбек нарығы сенімсіздік пен поля­ри­зацияның артуына алып келетін қазіргі «қалыпты шындықтар».

Әсіресе Ресей мен Украина, Израиль мен Палестина, Қытай мен Тайвань арасындағы шие­леністер әлемдік саяси поляризацияны тереңдетіп, әлеуметтік жікке бөлінушілікті одан сайын алшақтатып жібергендей.

Міне, осы үш тәуекелдің өзінен-ақ бізді алда қандай сынақтар күтіп тұрғанын болжай беруге болады. Жоғарыдағы жаһандық тәуекелдер мен үдерістер Қазақстанды да айналып өтпейтіні түсінікті. Әрине, олардың жүгі мен салмағы ауыр. Бірақ оларды еңсерудің жолдары мен мүмкіндіктері бізде кешенді, жүйелі түрде жасалып жатыр.

Ең бастысы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауқымды саяси, экономикалық реформалары жаңа жағдайларға бейімделудің басты алғышарты болды. Мемлекеттің табанды, батыл қадамдары сынақтар мен тәуекелдер күшейген сәттен анағұрлым ерте, жоспарлы, мақсатты түрде басталғанын атап айтуға тиіспіз.

Елде түбегейлі конституционалды өзгерістер жасалды. Мемлекеттік институттардың сипаты мен құрылымы толықтай жаңғырды. Қоғамдық ой-санада позитивті, прагматикалық көңіл-күй ауаны қалыптасып келеді.

Өзгерістер – халықтың сарыла күткен қалауы, талабы болатын. Және бұл ешқандай баламасыз, артқа қайырылмайтын, тек алға жетелейтін таңдау еді. Өткен жылдардағы саяси науқандар кезінде бұған біздің де көзіміз анық жетті.

«Amanat» партиясы өзінің саяси платформасында, Сай­лауалды бағдарламасында Мем­лекет басшысының реформаларын темірқазық етіп алды. Ел­дегі оң өзгерістер халықтың үмі­тін еселеп, сенімін оятып қана қой­майды. Қоғамның, түрлі әлеу­меттік топтардың, саяси күштер­дің осы идеялар төңірегіне тұтас бірі­гуіне, жоғарыдағы тәуекел­дер мен сынақтарға қарсы тұрып, еңсе­руде басты факторға айналады. Өйткені сенімнің кілті – бірлікте.

Алдымызда әлі де қыруар шар­уа тұр. Жаңа жағдайларда ішкі-сыртқы кез келген құбылысқа жан-жақты, объективті талдау жасау маңызды. Мемлекеттік институттар қандай да бір сын-сынақтар мен тәуекелдерді барынша зерделеп, таразылап отыруы қажет. Біз осы дәуірдің тынысын, болмысын, ой-әрекет жүлгесін болжап, қадағалап қана қоймай, соған дер кезінде беймделуге, жауап беруге әзір болуымыз қажет. Болашақты болжаудың ең дұрыс жолы – оны өз қолыңмен жасау.

 

Дәулет КӘРІБЕК,

«Amanat» партиясының

атқарушы хатшысы