Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында «Air Astana» әуе компаниясын IPO-ға шығару мәселелері талқыланды.
IPO Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру аясында биыл өтуге тиіс екені айтылды. Бүгінде «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Air Astana» компаниясы халықаралық кеңесшілермен бірге үлкен дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жиында қаралған өзекті мәселе – биыл 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында жоспарланған өтініштерді қабылдау үдерісін бастау үшін компанияның бір қарапайым акциясы мен бір ғаламдық депозитарлық қолхатының баға диапазонын анықтау.
Естеріңізге сала кетейік, IPO (Initial Public Offering) – инвестиция тарту мақсатында компания акцияларын қор биржасында бастапқы орналастыру. IPO кезінде компания ашық айналымға акцияларын шығарады, оларды институционалды инвесторлар да, жеке инвесторлар да сатып ала алады.