Күй – қазақтың қан тамырымен жазылған рухани шежіресі. Оған талайлы тағдыры сарсаңға салса да қос ішектен қасиет іздеген әйгілі күйші Қожеке Назарұлының шығармалары дәлел. Мұны жазушы Есболат Айдабосын «Тас көмірдің шоғы» атты әсерлі әңгімесінде де жазған. Осы ретте Жетісуда «Күй шақыртқы» атты кітаптың тұсауы кесіліп, қалың оқырманға жол тартты. Жинақты құрастырған – Мәдениет қайраткері, күйші Талғат Оразаев.
Сөз басында Қожеке Назарұлының ғұмырдариясынан сыр тартсақ. Қазақ сахарасының сызылған әні мен күмбірлеген күйін зерттеуге арнап, ұлтының жоғын түгендеген Ақселеу Сейдімбек: «Қытай жерінде, Шыңжаң өңірінде Қожеке Назарұлы деген әйгілі күйші өткен. Қазақстанның шығыс өңіріндегі күйшілік мектептің өкілі ретінде Қожекенің дарын тегеуріні Құрманғазы, Тәттімбет сияқты ұлы күйшілермен өрелес», деп күйшінің өмір тарихын суреттейді.
Шынымен, даңқты дарын иесі Жетісудың бір баласы. Ел басына екіталай күн туғанда жұртының жел жағына қорғаны, дауылдан сақтар орманы бола білген бірегей тұлға. XIX ғасырда патша билігіне қарсы шығып, елін аман алып қалу үшін Қытайға көш бастаған. Алайда Қытай билігі күйшіні қамауға алып, азаптап өлтірген. Бүгінде сазгердің 100-ден аса күйі көпшілікке белгілі. Тарихи тұлғаны «Тағдыры күйге айналған Қожеке» атты екі томдық туынды арқылы кеңінен тануға болады.
«Аспантаулар аясындағы табиғаты ғажайып Қарқара төрінде дүниеге келген күйші Ресей отаршыларына қарсы күресудің салдарынан қудалауға түсіп, Қытай елі дегенмен, қазағымның қасиетті топырағы ғой деп Сайрамкөлді сағалап кеткеніне қарт тарих куә. Сайрамкөлге жеткенімен сайран өмір қайдан болсын, ол жақта да қудалауға түсіп, тар жол, тайғақ кешуге жазылған тағдырының соңы сол бір қаныпезер қоғамның азапты өлімімен өмірден өтеді», дейді облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Жұматай Оспанұлы.
Рухани іс-шарада күйшінің барлық композициясы жинақталып, сыр сандыққа айналған «Күй шақыртқы» кітабының таныстырылымы өтті. Оған бастамашы болған қожекетанушы Талғат Оразаевтың еңбегі зор. Ұмытыла бастаған биік тұлғаның мұрасын зерттеуге талай жылын сарп еткен. Табан етін сөгіп, маңдай терін төгіп еңбектенгеніне жерлестері куә. Сондықтан Талдықорған төріндегі І.Жансүгіров атындағы Мәдениет үйі халыққа лық толды.
Әуелі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әли Алпысбаев пен «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Әміре Әрін кітаптың лентасын қиса, одан кейін облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қуаныш Сұлтанұлы ақжарма тілегін арнады. Тұсаукесер концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Кеш аясында Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрі, ҚР мәдениет қайраткері, күйші Талғат Оразаев пен шәкірттері және жеке орындаудағы әріптестері өнер көрсетті. Олар Қожеке Назарұлының «Сайрам көл», «Күй шақыртқы», «Кеңес», «Шалқайма», «Қамбархан», «Естірту» «Шешеме», «Раушан» сынды тағыда басқа таңдаулы күйлерін орындады.
«Шынында тек қана күйден тұратын және бір ғана автордың шығармалары орындалған кешті алғаш рет көруім. Бір сағат, бес минутқа созылған күй кеші бір демде өте шықты. Көрермен тарапынан да тұрып кету, жүріп кету болмады. Режиссерлік шешімі де әсерлі болғаннан шығар. Соңында тік тұрып қошемет көрсеткен көрерменнің ерекше әсерге бөленгенін байқадым», дейді ақын Жангелді Немеребаев.
Айта кетейік, «Күй шақыртқы» кітабы, Қожеке Назарұлының туғанына 200 жыл толуына орай Жетісу облысы әкімі Бейбіт Исабаевтың қолдауымен жарық көріп отыр.
Жетісу облысы