• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Сұхбат 01 Ақпан, 2024

Жастар – қоғамның қозғаушы күші

171 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында 2024 жыл елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтетінін айтты. Еліміз Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ), Түркі мемлекеттері ұйымына және өзге де беделді халықаралық ұйымға төрағалық етеді. Әлемдік аренада ынтымақтастық деңгейін көтеруде «Жастар рухы» жастар қанаты да үлес қосады. Осы орайда «Жастар рухы» жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Ақерке ЕСКЕНДІРОВАНЫ сөзге тарттық.

– 2024 жыл Қазақстан үшін халықаралық аренада байланы­сын нығайтып, саяси алаңда маңыз­ды­лығын арттыратын ерекше жыл болады. Бұған «Жастар рухы» қа­лай атсалысасыздар?

– Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы­ның елдер арасында жастардың байланысын нығайтып, ортақ мүдде үшін жұмыс істейтін Жастар кеңесі бар. Тиісінше, ШЫҰ Жастар кеңесіне Қазақстаннан «Amanat» партиясы­ның «Жастар рухы» жастар қанаты кіреді. Осындай ауқымды ұйымға төраға­лық ету бізден үлкен жауапкершілік пен сенімді талап етеді. Өздеріңіз білесіздер, 2023 жылдың шілде айын­да Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшы­лары кеңе­сінің отырысында сөйлеген сөзін­де, «үш зұлым күшке»: трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқылмысқа қарсы күреске баса мән берілетінін айтқан болатын. Сондай-ақ Пре­зидент цифрлық технологияларды дамытудың өзектілігіне және эко­­логия саласындағы өзара іс-қи­мыл­ды нығайтуға назар аударды. Жоға­ры­да айтылған 4 бағытты негізге ала отырып, Алматы облысында Шан­хай ынтымақтастық ұйымы Жас­тар кеңесінің аясында «Жастар кеңіс­­тігі: Әділетті әлем және келісім» ха­лық­ара­лық жастар саяси лагері өтті. Онда Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Өзбекстан және Үндіс­таннан келген қонақтар, Жас­тар қанаты мүшелерінің қатысуымен 300 делегаттың басы қосылды. Бела­русь республикасы бақылаушы тарап ретінде қатысты.

ШЫҰ Жастар кеңесінің жұмысы тек лагерьмен шектеліп қалған жоқ. Ұйымға мүше елдермен жұмысты ны­ғайту және экология, есірткімен күрес, цифрландыру, креативті индустрия бағыттарындағы мәселелерді қозғау мақсатында онлайн форматта кездесулер өткізіп жүр.

– Сол іс-шаралардың бір­қата­рын айта өтсеңіз.

– Мәселен, өткен жылдың қара­ша­сында XXI ғасырдың басты мәсе­лесінің бірі – нашақорлықпен күресті қозғадық. Жастар қанатының Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Жас­тар кеңесіне төрағалық ету аясында өткен кездесуге Шанхай ынтымақтас­тық ұйымының Жастар кеңесінің жетекшілері мен мүшелері, сондай-ақ нашақорлықпен күрес саласының сарапшы мамандары қатысты. Ал 30 қаңтар күні жаһандық экология та­қырыбын қозғап, әр елдің осы са­ладағы мамандарының пікірі мен ұсы­­ныстарын тыңдау жоспарла­нып отыр. Қазақстан атынан су тап­шылығы, ауаның ластануы сынды ба­ғытта жұмыс істеп жүрген танымал эколог мамандар да қатысады.

Алдағы уақытта креативті индус­трия, цифрландыру тақырыптары шеңберінде жас сарапшылар, білікті мамандардың қатысумен кездесулер өткізу ойда бар. ШЫҰ Жастар кеңесіне мүше елдер арасында саяси-экономикалық байланысты күшейтіп, Қазақстан жастарының халықара­лық аренадағы абыройын биіктетері­мізге сенімдіміз.

Сондай-ақ Қазақстанның төр­аға­лығы шеңберінде биыл жазда Мем­лекет басшыларының біріккен отырысы өтеді. Басқосуда алдағы уақыт­та бекітілетін күн тәртібі шеңбе­рін­­де ШЫҰ Жастар кеңесі Ұлттық бө­лік­терінің жетекшілерін жинап, іс-ша­ра­лар кешенін өткізеді.

– ШЫҰ кеңістігінде 3,5 мил­лиардқа жуық халық тұрса, олар­дың жартысы – жастар. Ал Қазақ­стан ұйымның Жастар кеңесіне 2009 жылдан бастап мүшелік етеді екен. Жасалған жұмыстармен бө­ліссеңіз.

– «Жастар рухы» жастар қанаты Ислам Ын­тымақтастығы Ұйы­мы­ Жастар ­фору­мының (ICYF-ERC)­ мүшесі. Атаулы ұйыммен ын­ты­мақтас­тық аясында жастар қанаты бір­неше нәтижелі іс-шаралар өткізді. 2021 жылы Түркістан облысын­дағы халықаралық жастар-саяси лагері, 2022 жылы Жамбыл облысында және 2023 жылы Алматы қаласында өткен республикалық пікірсайыс турнирлері де Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Жастар форумының ұйытқы болуымен өтті. Жақында ғана Әзербай­жан Республикасының астанасы Баку­де Ислам Ынтымақтастығы Ұйы­мы Жастар форумының (ICYF-ERC) бас­қарма мүшелерінің басын қосқан жиын өтті. Басқосуда әр елде өткен іс-шаралар қорытындыланып, ұйымның 2024 жылға жоспарлаған жобаларын талқыладық. Қазақстан тарапынан біз де әлеуметтік-мәдени жобаларға қатысты ұсыныстарды айттық.

Одан бөлек, француз-әзербай­жан университетінің студент­тері­мен кездесуде болдық. Кездесуге қаты­сушылар Қазақстан, Пәкістан, Румы­ния және Татарстанның жас­тар саясаты мен сайлау науқаны ке­зеңіндегі қолданылған саяси технологиялар және іс-тәжірибелері­мен танысты. Бірнеше сайлауал­ды науқанның қа­тысушысы әрі негізгі аудиториясы ретінде «Жастар рухы» жастар қана­тының белсенділері ат­қарған жұ­мыстар жөнінде айттым.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»