Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң талаптарын қатаңдату, қылмыстың алдын алу жұмыстарын тиімді жүргізу, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жүйесін жаңғырту, осы іске азаматтық қоғам институттары мен сарапшыларды тарту мәселелері өткір көтерілді. Елімізде осы бағытта құқық қорғау органдары көп жұмыс атқарып жатқанына қарамастан, жасөспірімдер қолымен жасалатын және жасөспірімдерге қарсы жасалатын қылмыс түрлері азаймай отыр. Бұл жағынан Ақтөбе облысындағы ахуал қандай?
Кәмелетке толмағандардың тәртібі мен тәрбиесіне қатысты облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, полиция подполковнигі Венера Абдуллинаның да айтары көп.
«Ақтөбе облысында 2022 жылы әйелдер мен балаларға қарсы жыныстық қолсұғушылық бойынша 41 қылмыс, 2023 жылы 33 қылмыс тіркелген. Былтырғы тіркелген 33 қылмыстың 18-і кәмелетке толмағандарды жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу бойынша қозғалды. Былтыр полиция департаментінің өндірісінде жатқан осы сипаттағы 107 қылмыстық істің 20-сы сотқа жолданып, 72-сі қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Осы қаңтарда тағы 15 қылмыстық іс өндіріске енді», дейді ол.
Кәмелетке толмаған жасөспірімді күдіктінің жыныстық қатынасқа мәжбүрлеуі дәлелденсе, ол бес жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Алайда адам тағдыры ойыншық емес. Бұл жерде күдікті мен жәбірленушінің арасындағы барлық әрекет бүге-шігесіне дейін қарастырылып, антропологиялық-медициналық сараптама тағайындалады. «Бізге түскен барлық қылмысты зерделеу барысында жәбірленуші мен күдіктінің көбінесе әлеуметтік желіде танысатыны анықталады. Назар аударарлық жайт, мұндай кезде 16 жастағы қыздар өздерін 18-20 жастамыз деп таныстырады. Қылмыстық істердегі жәбірленушілер негізінен колледждердің төменгі курсында оқитын қыздар, арасында ауыл мектептерінің оқушылары да ұшырасып жатады. Қала мектептерінен жүктілік дерегімен оқиғалар тіркелген жоқ. Көбіне ерте жастағы жүктілік мектептер мен колледж оқушыларын медициналық тексерістен өткізу кезінде анықталды. Бізге арыз түскен бойы істі бақылауға алып, тергеу жұмыстарын бастаймыз», дейді Венера Серікбайқызы.
Кәмелет жасына жетпеген қызының жүкті болып қалғанын білген бойы ата-ана полицияға арызданады. Осы санаттағы қылмыстарды зерделеу барысында анықталғаны, жыныстық зорлық-зомбылыққа көбіне толық емес немесе тұрмысы төмен отбасылардың кәмелетке толмаған қыздары көбірек ұшырап жатады. Бұл жерде ата-ананың жеткіншектер тәрбиесіне жеткілікті мән бермейтінін ерекше атап өткен жөн. Қыздары «құрбымның үйінде боламын» деген сылтаумен жиі үйіне қонбайды, түн ортасына дейін көшеде жүреді. Қылмыстық істердегі жыныстық зорлықтың ортақ бейнесі қандай? Ол орта жастағы, тұрақты жұмысы жоқ, кездейсоқ табыстармен күнелтетін ер адам, білімі орта. Тергеу басқармасында туған нағашысынан жүкті болып қалған қызға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Басында қыздың достасып жүрген жігітінен күдіктенген. Алайда медициналық сараптама қорытындысы қыздың туған нағашы ағасынан жүкті болғанын көрсетті. Халқымыз «Ұлыңды бөтен үйден тойдырма, қызыңды бөтен үйге қондырма» деп текке айтпаған.
Үйіндегі үлкендерден тыйым көрмейтін жеткіншекке түнгі көшеде жау көп. Жасөспірім қыз, не ұл неге үйде отырғысы келмейді? Оған неге туған ата-анасы емес, көшедегі күмәнді адамдар жақын? Өйткені үйде балаға қолдау жоқ, онымен ашық сөйлеспейді, жақындарының ұрыс-керісі, маскүнем әке баланы үйден бездіреді. Әке-шеше баланы көзден таса жібермей, шын жанашырлық танытып, үнемі қолдау көрсетіп отырса, көшеден қызық іздемейді.
Венера Абдуллинаның айтуынша, кейінгі уақытта кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстардың өршуіне оңаша кинотеатрлардың көбеюі де себеп болып отыр. «Пандемиядан кейін қалада кез келген жерде екі адамдық кинотеатрлар ашу сәнге айналды. Екі адам оңаша бөлмеде бірнеше сағат кино көреді. Бұл жерде ішімдікке де, тамаққа да тапсырыс беруге болады. Жасөспірім қыздар түнде осындай жерлерге көп барады. Қылмыстық істерде жәбірленуші мен күдіктінің әлеуметтік желілерде танысып, осындай күдікті орындарда уақыт өткізетіні анықталған», дейді аға тергеуші.
Жасөспірім тәрбиесінде басты жауапкершілік ата-анасында болмаса бәрі бекер. Кәмелетке толмағандарға қарсы жасалатын қылмыс санын азайту үшін әке-шешенің жауапкершілігін күшейту өз алдына, одан басқа шағын және орта кәсіпкерлікке мораторий жарияланған кезде қаптап кеткен интимдік қызмет көрсетуге бағытталған орындарды қатаң тексеру керек.
Ақтөбе облысы