• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Пайдалы қазбалар 01 Ақпан, 2024

«Қашаған» тереңіндегі «қара алтын»

516 рет
көрсетілді

Елімізде әлем көз тіккен, құр­лықтан да, су түбінен де «қара алтын» өндіру тәжірибесімен төрткүл дүниеге танылған ірі мұнай компаниялары көп емес. Мәселен, Атырау облысында дәл сондай екі кеніш бар. Бірі – «Теңіз», екіншісі – «Қашаған» кен орны.

Кен орнының екеуі де еліміз тәуелсіз­дік алғаннан кейін игерілді. Бірі құр­лықта, дәлірек айтқанда, «Теңіз» кен орны Жылыой ауданында орналас­қан. Ал Каспий теңізінің біз жақ секторында игеріле бастаған «Қашаған­ның» ерекшелігі, тіпті өз алдына бөлек әңгіме.

Біріншіден, бұл – еліміздегі су астынан мұнай өндіріліп жатқан алғашқы кен орны. Екіншіден, Солтүстік Каспий жобасы аясында аталған кеніш алдымен игерілді. Үшіншіден, «Қашаған» кейінгі 40 жыл ішінде ашылған ең ірі мұнай кен орындарының бірі ретінде ерекшеленеді. Төртіншіден, кеніштен өндірілетін мұнай қоры шамамен 9-13 миллиард баррельді (1-2 миллиард тонна) құрайды. Төртіншіден, кен орнының коллекторы Атырау қаласынан 80 шақырым қашықтықта, Каспий теңізінің қайраңындағы 3-4 метр, ал су түбіндегі 4 200 метр терең­дікте жатыр.

 

«Қашаған» қалай игерілді?

Су астынан мұнай өндірудің өзіндік қиындығы бар. Мұнай-газ өнер­кә­сі­бінің кәнігі мамандарының айтуын­ша, мол тәжірибе қажет. Бірақ ел мұнай­шыларында Каспийдей тұйық су қой­ма­сы­ның тереңінен «қара алтын» өндіру тәжірибесі болмады. Бұл әрине біраз қиындық тудырып, ойда жүрген істі қолға алуды кешеуілдеткенін жоққа шы­ға­руға болмайды. Не істеу қажет?

Ел мұнайшылары алдымен Каспийдің біз жақ секторындағы Солтүстік бөлігінен кен орындарын барлау үшін шетелдік компанияларды жобаға инвестор ретінде тартуға ұйғарым жасады. Осылайша, Каспий теңізінің айтылған секторындағы алғашқы сейсмикалық барлау 1993 жылы басталды. Теңіз тұңғиығындағы мол мұнайды барлау мақсатындағы бұрғы ұшы 1999 жылдың 12 тамызында салынды. Бұл үшін бұрғылау қондырғысы қажет болды. Сол кездегі ОКИОК компаниясы «Сұңқар» атауы берілген жылжымалы бұрғылау қондырғысын Ресейдің Астрахань қаласында құрастырды. Ал 2000 жылдың жазында «Қашаған» кені­шін­де мол мұнайдың қоры табылды.

Содан соң Қаламқас (қыркүйек, 2002 ж.), Оңтүстік-батыс Қашаған (тамыз, 2003 ж.), Ақтоты (қыркүйек 2003 ж.) және Қайраң (қыркүйек 2003 ж.) кен орындары ашылды. Ал «Қашағанды» игеру үшін «Эни» компаниясы оператор ретінде таңдалып, «Аджип ҚКО» атты операциялық компания құрылды. Кен орнының шикізаттық қоры бағалау жөніндегі жұмыстар жүргізіліп, 2002 жылғы маусымда «Қашағанның» ком­мерциялық ашылуы туралы хабарланды. Бұл – еліміздегі ауқымды жоба. Ел Үкіметіне де, инвесторларға да мұндай жобаны тиімді басқару қажеттігі туын­да­ды. Сол себептен, 2009 жылғы 22 қаң­тарда «Норт Каспиан Оперейтинг Ком­па­ни Б.В.» (НКОК) компаниясы СКӨБК ая­сындағы жоба операторы болып танылды.

 

Солтүстік Каспийдің ерекшелігі

Әлемде Каспий секілді тұйық су қоймасы көп кездеспейді. Өйткені оған құятын өзен арналары болғанымен, өзге теңізбен, не мұхитпен еш байланысы жоқ. Сол себептен шығар оны теңіз деп те, көл деп те атай береді. Бірақ Каспийдің теңіз екеніне қарсы пікір де айтылмайды. Оның ұзындығы аз емес, тарихи дерекке жүгінсек, 1 200 шақырымға жетеді. Теңіздің орташа ені – 280 шақырым, су бетінің ауданы 393 мың шаршы шақы­рым­ға дейін созылады. Оның 5 360 шақы­рым­дық жағалауында бес мемлекет – Қазақстан, Ресей, Иран, Әзербайжан мен Түрікменстан орналасқан.

Солтүстік Каспий жобасының опе­ра­торы – NCOC компаниясының ақпа­ратына қарағанда, Каспий теңізін терең­дігіне байланысты үш аймаққа бөлуге болады. Ең терең тұсы – Оңтүстік бөлігі. Тереңдігі орташа тұсы Ортаңғы Каспий аталады. Ал Қазақстанның аумағындағы Солтүстік бөлігінің суы таяз.

Бір ерекшелігі Солтүстік бөлігі те­ңіз­­­дің төрттен бір бөлігін алып жатыр. Оның тереңдігі – шамамен 3-6 метр. Таяз болғандықтан шығар, бұл бөлікте теңіздегі су көлемінің бір па­йыздан азы орналасқан. Ал ортаңғы аймағындағы судың орташа тереңдігі 190 метрге құ­бы­лады. Ең терең тұсы оңтүстік аума­ғын­да орналасқан. Мұндағы терең­дік 1 мың метрден асады.

Каспий теңізіне құятын 130-дан астам ірілі-ұсақты өзен бар. Оның ішінде Еділ мен Жайық өзенінің суы теңіздің солтүстік бөлігіне құяды. Еділге Еуропа аймағындағы су айдындарының 20 па­йызынан ылғал түсетінін ескерсек, бұл Каспий теңізіне келетін тұщы судың 80 пайызын құрайды. Теңіздің солтүстік бөлігіне құятын судың құрамында тұз мөлшері өте аз. Оның үстіне тайыз су әрі субарктикалық температураның қыс айларында -30С градусқа дейін төмендеуі Солтүстік Каспийде бес айға дейін мұз қатуына ықпал етеді. Сол себептен, теңіздің бұл бөлігінде екпіні қатты жел соғып, тау-тау төмпешіктерді құрайтын жылжымалы мұзды қалыптастырады.

 

Жеті жылдың жетістігі

Каспий теңізінің төріндегі «Қаша­ғанды» игеру күнделікті атқарылып жат­қан істің бірі емес. Мұны шын мәнінде ел тарихындағы оқиғаның бірегейі деуге әбден болады. Өйткені ұлттық экономиканың өркен жаюы мұнай-газ өнеркәсібімен біте қайнасып жатқаны даусыз. Осы тұрғыдан айтқанда, 2016 жылғы 11 қыркүйекте «Қашағанның» алғашқы мұнайы алынды.

Содан бері теңіз төріндегі кен орнынан мұнай өндіру әсте тоқтаған жоқ. Бастапқыда тәулігіне 75 мыңнан астам баррель мұнай коммерциялық деңгейде өндірілді. Ал 2017 жылдың басында өнім өндіру көлемін алғашқы мақсатты деңгейге жеткізудің қамы жасалды. Сөйтіп, компания алынған «қара алтынды» тәулігіне 180 мың баррель деңгейіне дейін жылдам әрі қауіпсіз арттыруға қол жеткізді. Сол жылғы тамыздың ортасында күкіртті газды қойнауқатқа кері айдау үдерісі басталды.

Компания мамандары мұны ең ма­ңызды техникалық жетістікке балап отыр. Неге? Өйткені газды кері айдау көлемін арттыру «Қашаған» кен орнынан алынатын мұнай өндіру көлемін бірте-бірте ұлғайтуға, оңтайландыруға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде 2017 жылдың аяғына қарай «қара алтын» өндіру деңгейі тәулігіне 270 мың баррельге жетті. Қазір теңіз табанында тұнған табиғи байлықты өндіру көлемін тәулігіне 370 мың баррельге дейін арттыру жұмыстары жалғасып жатыр.

Ал былтырғы жылдың соңында «Қа­шаған» кен орнынан өндірілген мұнайдың көлемі 100 млн тоннаға жетті. Бұл – жеті жылдың жетістігі. Сондай-ақ былтыр «Қашаған» кен орнынан 17 млн 897 мың 972 тонна мұнай Каспий құбыр консорциумының құбырымен экспортқа тасымалданған.

«Біз айрықша белеске ең алдымен қауіпсіздікке, одан кейін өнімділікке басымдық беретін қызметкерлеріміз бен мердігерлеріміздің адалдығы және тәжірибесінің нәтижесінде қол жет­кіз­дік. Солтүстік Каспий жобасын игеру кезеңінде акционерлеріміздің, рес­пуб­ликалық және аймақтық мемле­кеттік органдардың ерекше қолдауын сезіндік. Бұл жетістік – командалық жұмыстың, кәсіпқойлықтың және бар­лық қатысушының қосқан үлесінің нәти­жесі», дейді NCOC компаниясының басқарушы директоры Оливье Лазар.

Оның айтуынша, Солтүстік Кас­пий жобасының ауқымы зор. Бұл – техникалық тұрғыдан өте күрделі жоба. Сол себептен, бұл жобаны іске асыру кезең-кезеңге бөлінген. Мәселен, 2016 жылы бастау алған «Қашаған» кен орнын игеру жобасының бірінші кезеңіне шамамен 55 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынған. Бірінші кезеңде теңіздегі өндірістік қауіпсіздік, жобалау, логистика саласындағы қиын­дықтар мен қатаң экологиялық жағдай ескерілген.

Түйіндей айтқанда, Солтүстік Каспий жобасы 1997 жылғы 18 қарашада Вашингтонда Қазақстан Республикасы мен әлемнің жеті жетекші мұнай-газ компаниясы кіретін халықаралық консорциум арасында жасалған Солтүстік Каспий бойынша Өнім бөлісу туралы келісімнің (СКӨБК) шеңберінде жүзеге асырылып жатыр. Қазір халықаралық консорциумның құрамында әлемдегі ең ірі әрі тәжірибелі жеті энергетикалық компания бар. Олар – «ҚазМұнайГаз» (16,88%), «Эни» (16,81%), «Шелл» (16,81 %), «ЭксонМобил» (16,81%), «ТотальЭнерджис» (16,81%), «CNPC» (8,33%) және «Инпекс» (7,56%) компаниясы. Жобаны басқаруды акционерлер атынан әрекет ететін оператор жүзеге асырып отыр. Мұнда 2015 жылға дейін Солтүстік Каспий жобасындағы кен орнын игеру мен өнім өндіру бойынша белгіленген жұмыстарды төрт агент-компанияға жүктеген операциялық үлгі қолданылып келді. Кейін акционерлер бірыңғай оператор – North Caspian Operating Company N.V. (NCOC) компаниясын құру арқылы басқаруды одан әрі біріктіру мен нығайту туралы шешім қабылдаған.

 

Атырау облысы