• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 01 Ақпан, 2024

Көрікті Көкшетау

152 рет
көрсетілді

Облыс орталығында Арқаның кербез сұлу Көкшетауының тамыл­жыған табиғатын, құт-қойнауын, ғажайып сән-салтанатын паш ететін мазмұнды, әсерлі концерт қойылды.

Әуелі Көкшенің көркем бей­несін кестелейтін «Көкшетау» поэзия­лық композициясы көрермен назарына ұсынылды. Көз жауын алатын жақұттай жарқыраған сұлулық, киелі табиғаттың қастерлі бейнесі көрермен көңілін жаулап, көкірегіндегі мақтаныш сезімін оятты. Іле Дина Орманшина жетекшілік ететін «Асыл мұра» халықтық би ансамблі көркемдеген Сәкен Сей­фуллиннің «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» орындалды. Ән жауһары жер шоқтығы Көкшетаудың бар қасиетін бейнелеп, көрікті етіп жет­кізді. Әлдилеген әуені қандай. Ілкідегі талассыз дарындардың лайықты ізбасары, көкшелік композитор Иран сал Тасқараның «Көкшетау вальсін» тыңдарман қауым сүйсіне тыңдады. ҚР еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәскенова, ҚР мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші Кен­жебай Мұқышев, халықаралық, рес­публикалық байқаулардың лауреаттары Азамат Қабдыл мен Әділ Құ­сайыновтар Үкілі Ыбырай мен Ақан серінің әндерін тамылжыта орындады.

Кеш барысында бүгінгі өнерпаз­дардың да шығармалары орындалып, тұсауы кесілді. Мәселен, «Сал Көкше» әні. Әннің сөзін белгілі ақын Қуаныш Оспан жазса, әнін Марғұлан Оспанов шығарған. Сондай-ақ Қаратай Бәйкеновтің сөзіне жазылған Есімжан Жапа­ров­тың «Көкшем менің» әні де көп­­шілік көңілінен шықты. Белгілі ақын Төлеген Қажыбаевтың сөзіне жа­зыл­ған композитор Құрмет Са­қай­дың «Көкшетау вальсі» шұрайлы шығармалардың бірі болды.

Бұл ежелден ән әуелеп, өлең қон­ған өлкеде туған жердің мәрте­бесін биік­тетіп, қадір-қасиетін кейінгі ұрпақтың көкірегіне құйып, сүйегіне сіңіретін әдемі кеш болды.

 

Көкшетау қаласы