Түпқараған ауданындағы Сайын Шапағатов ауылы тұрғындарының саны артып келеді. Сондықтан аталған ауылдық округте халық тұрмысына қажетті нысандарды іске қосу күн тәртібінде тұр. Жуырда ел мен жерді жаудан қорғаған халық батыры Сүйінғара Үргенішбайұлы атындағы жаңа спорт ғимараты пайдалануға беріліп, жергілікті тұрғындарды қуанышқа кенелтті.
«Сүйінғара батыр» спорт кешенінде қазақша күрес, жекпе-жек, дзюдо, көркем гимнастика, еркін күрес, тоғызқұмалақ, шахмат, зумба және стрип пластика сынды т.б. үйірмелер жұмыс істейді. Аталған іс-шараға қатысқан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары З.Есбергенова көпшілікті жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, өңірде спорт саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Жаңадан ашылған «Сүйінғара» жекеменшік нысанында балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануы үшін барлық жағдай жасалған. Бұл ғимарат ауылдың барлық балалары үшін қолжетімді болады. Сондай-ақ спорт кешені іске қосылса, ауыл спортының дамуына үлкен септігін тигізбек. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әр Жолдауында спортты дамыту бағытында нақты атқарылуға тиіс жұмыстарды айтып келеді. Осындай нысандардың ашылуы өңірімізде жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын көрсетеді, деді Есбергенова.
Өз кезегінде ауылдықтар ризашылығын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.
– Бүгін ауылымызда жаңа спорт мектебі ашылып жатқанына өте қуаныштымыз. Бізде мықты спортшылар бар. Алдағы уақытта осы жерде жаттыққан балалар әрі қарай үлкен спортта жетістікке жетеріне сенеміз, дейді ауыл тұрғындары.
Түпқараған ауданында бұқаралық спортты дамыту бағытында өзге де жоспарлар бар. Атап айтсақ, алдағы уақытта Сайын Шапағатов ауылдық округінен 160 орындық спорт кешенінің құрылысын салу және Қызылөзен ауылынан футзал салу көзделіп отыр.
Маңғыстау облысы