Бұл күндері барша жанкүйер аралас жекпе-жектің хас шеберлері – Дамир Исмағұлов пен Эдуард Вартанянның күш сынасқанын тағатсыздана күтіп жүр. Бұл бәсеке 2 наурызда Мәскеудегі әйгілі «Лужники» стадионында өтеді.
Ресейдің Орынбор облысында туып-өскен 33 жастағы Дамир Исмағұловтың осы спорт түрін серік еткеніне 10 жылға таяды. Сол аралықта 27 жекпе-жек өткізген қандасымыз 24 рет жеңіске жетіп, 13 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. 2017 жылы ол өзінің туған өлкесінде Максим Дивничті нокаутқа жіберіп, М-1 Global нұсқасы бойынша жеңіл салмақтың чемпиондық белбеуін иеленді. Содан кейін Дамир өз атағын екі рет сәтті қорғады.
Ол 2018 жылы UFC-мен келісімшартқа отырды. Әлемнің ең белді промоушенінде Д.Исмағұлов жеті жекпе-жек өткізді. Алғашқы кездері ол жанкүйерлерін тек жарқын жеңістерімен қуантты. Дамир аустралиялық Алекс Горджис, испаниялық Хоэль Альварес, бразилиялық Тиагу Мойзес пен Рафаэл Алвис, швециялық Гурам Кутателадзені қапы қалдырып, өз салмақ дәрежесінде ТОП-15 спортшының қатарына еркін қосылды. Бірақ кейінгі екі кездесуінде қандасымыз жеңілістің кермек дәмін татты. Атап айтсақ, 2022 жылдың желтоқсанында ресейлік Арман Царукян мен былтыр жазда америкалық Гранд Доусонға ұпай санымен есе жіберді. Содан кейін Исмағұлов UFC-ден кетті.
Эдуард Вартанян – 1991 жылдың тумасы. Ол Арменияда дүниеге келгенімен, бала кезінде ата-анасымен бірге Ресейге қоныс аударды. 2011 жылы аралас жекпе-жектен өткен жарыстарға шыға бастады. Сол кезден бері 29 кездесу өткізіп, 25 мәрте жеңіс тойын тойлады. 14 қарсыласын есінен тандырды. Осы табысы арқылы АСА чемпионы атанды. Эдуард тек Абдул-Азиз Абдулвахабовтан екі рет, Алим Коков пен Али Баговтан жеңілді. 2018 жылдан бері армян файтері сегіз рет октагонға шығып, барлығында басымдық танытты.
Көпшілік Вартанянның қаншалықты қарулы жігіт екеніне былтыр 16 маусымда Сочиде ұйымдастырылған АСА Гран-при турнирінің финалында анық көз жеткізді. Жеңіл салмақтың бас жүлдесі үшін ол Қазақстанның танымал спортшысы Артем Резниковпен күш сынасты. Бәсеке басталған бетте тізгінді қолына алған Эдуард жерлесімізді оңдырмай сабады. Үшінші раундтың бел ортасында төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды.
Әрине, Дамир Артем емес екені анық. Қазақ файтерінің UFC-де жиған мол тәжірибесі бар. Оның үстіне Д.Исмағұлов бірде-бір рет айқын ұтылған жоқ. Қандасымыз октагонда армян жігітінің еркін ойқастауына мүмкіндік бере қоймас. Сондықтан да бізді алда өте қызықты әрі тартысты жекпе-жек күтіп тұр деп ойлаймыз.