• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Ақпан, 2024

Ұлттық қор – ұрпақ игілігіне

122 рет
көрсетілді

Елімізде балалардың да қазба байлықтан алар еншісі бар екені ескеріліп, шоттарына тұңғыш табыстары түсті. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында есептелген кірісті зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) шоттан көруге болады. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бағдарламаға 2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша кәмелетке толмаған, Қазақстан азаматы болып есептелетін барлық балалар қатысушы ретінде тіркелген. Дәл қазіргі сәтте бағдарламаға 2006 жылдан бері өмірге келген 6 919 131 бала қатысады.

6 миллионнан астам баланың 304 815-і 2024 жылы 18 жасқа толады. Олар­дың барлығына өтк­ен жыл үшін Ұлттық қордан 100 дол­лар және 52 цент мөл­ше­рін­де бір­дей сома есептелген. Бұл – тек ал­ғашқы есептеу­лер ғана. Жыл сайын сома Ұлттық қор ак­тив­терінің өсуі және ин­вестициялық кіріс алу есебінен ұлғайып отырады. Бұдан бөлек, есептелген қаражат Ұлттық қор­дың валюталық активтерінің құ­рамында инвестициялануын жал­ғастыра береді, сөйтіп, бала 18 жас­қа толғанға дейін қосымша ин­вес­тициялық кіріс әкеледі. Ескере ке­тетін жайт, шотқа түсіп жатқан қара­жатты қазір пайдалану мүм­кін емес. 18 жасқа толғаннан ке­йін бағ­дарлама қатысушылары өздері­нің нысаналы жинақтарын тұр­ғын үйге жұмсауға немесе бі­лім алуға пайдалануға құқылы болады.

«Қазақстан азаматтары болып табылатын және ағымдағы жылы 18 жасқа толатын балалардың БЖЗҚ-дағы нысаналы жинақтау шоттарында жинақталған ақша нысаналы жинақтар деп аталады. Осы қаражатты пайдалану үшін бағдарламаның кәмелетке толған қатысушысы нысаналы жинақтарды БЖЗҚ-дан АҚШ дол­­ларымен аударылатын банк­­тік шот ашып, уәкілетті опера­торларға жүгіне алады. БЖЗҚ-мен келісім жасас­қан және «Ұлттық қор – бала­ларға» бағдарламасы бойынша жұмыс іс­тейтін уәкілетті опера­тор­лар­дың тізімі enpf.kz сайтында орналастырылған», делінген қор мәлімдемесінде.

Баланың бағдарламаға қа­тысуы туралы және есептелген нысаналы талаптар туралы ақпаратты кәмелетке толмаған баланың ата-анасы (немесе басқа да заңды өкілдері) арнайы ашылған kids.enpf.kz сайтында (баланың ЖСН бойынша) тексере алады. БЖЗҚ бағдарламаға қатысушы балалардың толық тізімін жыл сайын «Жеке тұл­ғалар» мемлекеттік де­рек­­қо­ры­нан алынған ресми мә­лі­меттер негізінде қалып­тас­тырады. Егер бала осы дерек­қорға қосылған болса, ол авто­матты түрде «Ұлттық қор – ба­­­ла­­ларға» бағдарламасының қа­тысу­шысы атанады және оған бағдарламаға қатысқан барлық жылдар ішінде нысаналы талаптар мен инвестициялық кіріс есептелетініне кепілдік беріледі.

Егер бала қандай да бір себеп­тер­мен «Жеке тұлғалар» мем­­лекеттік дерекқорында болмаса және осы себепті бағдар­ла­ма­ға қатысушылардың тізіміне ен­гізіл­меген болса (бірақ оның қатысушы болуға құқығы болса), онда нысаналы талаптар келесі күнтізбелік жылы өткізіп алған кезең (өткізіп алған кезеңдер) үшін толық көлемде (инвес­ти­циялық кірісті қоса алғанда) есеп­теледі.

Бұл жағдайда балалардың ата-аналары (заңды өкілдеріне) мына деректерді тексеруі керек:

Балада жеке басын куәлан­ды­ратын құжаттың болуы (туу туралы куәлік, 16 жастан бас­тап – Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі); Жеке басын куәландыратын құжатта деректемелердің болуы және олардың дұрыс көрсетілуі: Т. А. Ә., туған күні, ЖСН, азамат­тығы; egov.kz порталындағы жеке ка­бинетінде балалар туралы мәлі­­меттердің болуы, тіркелуі және дұрыстығы (осы ресурста бала­­ның ата-анасына бекітілген ба­ла­ның нысаналы талаптары бойынша егжей-тегжейлі үзінді көшірме ұсынылады).

Егер балада жеке басын куә­­лан­дыратын құжат, ЖСН жоқ болса, тұрғылықты жері бо­йын­ша «Азаматтарға арналған үкі­мет» мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) жүгінген жөн. Сондай-ақ азаматтығы жоқ, анық­талмаған немесе ол дұ­рыс көр­сетілмеген болса, онда тұр­ғы­лықты жері бойынша көші-қон қызметінің көмегін пайдалану қажет. «Жеке тұлғалар» мем­ле­кеттік дерекқорына қа­жетті түзетулер енгізілгеннен кейін баланың нысаналы талаптары мен инвестициялық кірісі өткізіп алған кезеңді ескере отырып, ке­лесі жылы толық есептелетін болады.