• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 02 Ақпан, 2024

Үкімет басшылары келіссөз жүргізді

106 рет
көрсетілді

Алматыда Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов пен Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин кездесіп, келіссөз жүргізді. Келіссөздер Еура­зиялық үкіметаралық кеңес отыры­сының қарсаңында өтті.

Тараптар сауда, инвестиция, өнеркәсіптік кооперация, энергетика, көлік және логис­тика, ауыл шаруашылығы және білім беру салаларындағы мемлекетаралық ынты­мақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.

Атап айтқанда, қазақстандық көмірді РФ аумағы арқылы тасымалдау, отандық тасымалдаушылардың Ресейге кіруіне қатысты проблемаларды шешу мәселелері жан-жақты талқыланды. Әлихан Смайылов екі мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында ҚР мен РФ арасындағы қарым-қатынастар өзара сыйластық қағи­даттары негізінде ілгері дамып келе жатқанын атап өтті.

«Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі. Бұған өткен жылдың 11 айындағы көлемі 24 млрд доллар болған сауда айналымы дәлел», деді ол.

Үкімет басшысының айтуынша, Қазақстан өңіраралық және шекаралық ынтымақтастықты дамытуға үлкен көңіл бөледі. Бұл бағытта өңіраралық ынты­мақтастық форумы тиімді алаң болып саналады. 

«Биыл түрлі деңгейдегі өзара байланыс­тар мен бірлескен іс-шаралар көп болатынына сенімдімін. Қазақстан Үкіметі барлық сала бойынша толық форматты және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға дайын», деді Ә.Смайылов.

Михаил Мишустин дәстүрлі қонақ­жайлылық үшін алғысын білдіріп, Ресей Қазақстанмен өзара тиімді қарым-қаты­настарды нығайтуға аса мән беретінін атап өтті.

«Біз өнеркәсіп, машина жасау, энергетика, мұнай-химия, көлік инфрақұрылы­мы, цифрлық экономика және басқа да көп­теген салада ірі инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асырып жатырмыз. Біз жаңа өндірістік тізбектер құрылысын жеделдетуді ұсынып отырмыз. Бұған Ресей мен Қазақстанның экономикалық, өндірістік және технологиялық әлеуеттерінің өзара бірін-бірі толықтыруы жақсы негіз», деді РФ Үкіметінің төрағасы.