Испанияның Лас-Нусия қаласында әйелдер арасында өткен Boxam Elite-2024 турнирінің финалына Қазақстанның тоғыз боксшысы шыққанымен, солардың екеуіне ғана бас жүлде бұйырды.
52 кг салмақтағы Жазира Орақбаеваның финалда франциялық Каэлья Мопеннен мерейі үстем болса, аса ауыр салмақтағы Ләззат Күнгейбаева испаниялық Саира Гарсия Гарайдың тас-талқанын шығарды. Алғашқы бәсекеде 4:1, екіншісінде 5:0 есебі тіркелді. Өкінішке қарай, өзге жеті былғары қолғап шеберлеріміз шешуші тұста сүрінді. Атап айтсақ, Аида Әбікеева (63 кг) мен Фариза Шолтай (81 кг) ағылшын Сача Хайки мен Эмбер Мосс-Берчке жарытып қарсылық көрсете алмады. Назым Қызайбай (50 кг) филиппиндік Айра Вильегастан бір ғана ұпай айырмашылығымен жеңілсе, Гүлсая Ержан (75 кг) Херги Басядан ойсырай ұтылды. Сол секілді Әйгерім Сатыбаева (48 кг) испаниялық Кармен Гонсалес Ортегаға, Әнел Сақыш (54 кг) италиялық Сирин Шаарабиге және Мәдина Нұршаева (70 кг) тайпейлік Чень Ньень Чиньге жол берді.