Қытайдың Шанхай шаһарында мәнерлеп сырғанаудан төрт құрлық чемпионаты аяқталды. Бұл жарыста Қазақстанның үш спортшысы бақ сынады.
Жерлестеріміздің арасынан ең жақсы нәтижеге 19 жастағы Михаил Шайдоров қол жеткізді. Жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері қос бағдарламаның қорытындысы бойынша 244,80 ұпай жиып, 6-орынды иеленді. Диас Жиренбаев (195,88 ұпай) 16-орын алса, Рахат Бралин (177,89 ұпай) 19-сатыға табан тіреді. Ал бас жүлдені 20 жастағы Жапонияның жұлдызы, Бейжің олимпиадасы (1 күміс, 1 қола) мен әлем чемпионаттарының (2 күміс) екі дүркін жүлдегері Юма Кагияма (307,58 ұпай) олжалады. Оның отандасы Сун Сато (274,59 ұпай) күміс медальды мойнында жарқыратса, Оңтүстік Кореяның өкілі Чха Джунхван (272,95 ұпай) қолаға қол созды. Сондай-ақ жапониялық Сота Ямамото (263,43 ұпай) мен қытайлық Боян Цзинь (256,89) сынды сайыпқырандар үздік бес мәнерлеп сырғанаушылардың қатарына енді.