Астанада әйелдер күресінен Қазақстан чемпионаты аяқталды. Республикамыздың барлық аймағынан келген 107 бұрымды бір тәуліктің ішінде 10 салмақ дәрежесі бойынша белдесіп, өзара бәсекеде мықтылар мен осалдарды анықтады.
Көрермендер назары 76 кг салмақ дәрежесіне ауды. Себебі бұл салмақта Рио Олимпиадасы мен Джакартадағы Азия ойындарының қола жүлдегері, Азия чемпионатында жеті рет (2 алтын, 2 күміс, 3 қола) жеңіс тұғырына көтерілген қарағандылық Елмира Сыздықова мен астаналық Жәмила Бақбергенова күресті. Дәл бүгін, яғни 5 ақпанда Елмира 32 жасқа толды. Десек те оның қарсыласы да осал емес еді. Осыдан тура бір ай бұрын 28 жасқа толған Жәмила – әлем чемпионатының екі дүркін күміс және бір мәрте қола жүлдегері, Азияның үш дүркін чемпионы және екі мәрте жүлдегері. Десек те ол бұл атақтың барлығына 72 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен кездері қол жеткізді. Ал Бақбергенованың түпкі мақсаты – Олимпия ойындарында атой салу. Сол себепті де оған дереу салмағын ауыстыруға тура келді.
Аса ауыр салмақтағы қатысушылар санының аздығынан жарыс айналмалы жүйе бойынша өтті. Алғашында екеуі екінші кезеңде кездесіп, аса шиеленісті бәсеке 5:3 есебімен Сыздықованың пайдасына шешілді. Бұл жағдай Жәмиланы жасытқан жоқ. Керсінше, жігерлендіре түсті. Одан кейін өзге балуандары сыпыра ұтқан ол ақтық сайыста сыралғы қарсыласымен қайта жолықты. Бұл жолы Бақбергенованың бағы жанды. Бәсеке барысында ұтылып жатқанына қарамастан ол соңына дейін аянбай айқасты. Ақыры оңтайлы тұста Елмираны кеудесінен асыра лақтырды. Төреші Жәмиланың бұл әдісін төрт ұпаймен бағалады. Осылайша, чемпиондық атақ елордалық аруға бұйырды. Елмира күміс жүлдені қанағат тұтты. Қола медальді Гүлмарал Еркебаева еншіледі.
68 кг салмақта күш сынасқан Жәмиланың сыңары Азия чемпионы Мәдина Бақбергенова ақтық сынға дейін алқынбай жеткенімен, финалда көпті көрген 37 жастағы шымкенттік спортшы Елена Шалыгинамен белдесті. Оның Бейжің Олимпиадасы (1 қола), әлем чемпионаты (1 күміс, 2 қола), Азия ойындары (1 алтын), құрлық біріншілігі (2 алтын, 2 күміс, 2 қола) және Ислам ынтымақтастығы ойындарында (1 алтын) атой салғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Мәдина Еленаны еңсере алмады.
Өзге салмақ дәрежелерінде мына балуандар алтыннан алқа тақты: 50 кг – Лаура Ғаниқызы (Алматы қаласы), 53 кг – Жұлдыз Ешімова (Астана), 55 кг – Зүлфия Яхьярова (Қарағанды), 57 кг – Эмма Тисина (Астана), 59 кг – Диана Каюмова (Астана), 62 кг – Ирина Кузнецова (Акмола), 65 кг – Ирина Казюлина (Абай) және 72 кг – Анастасия Панасович (БҚО).