Қазақстанның екі бірдей кәсіпқой боксшысы жарқын жеңістерімен жанкүйерлерін қуантты. Олар – Ангелина Лукас пен Асқат Жантұрсынов.
Ангелина Лукас Әзербайжанның астанасы Бакуде өткен жарыста пәкістандық Рома Юсафпен қолғап түйістірді. 26 жастағы Тараз қаласының тумасы алғашында әуесқойлар арасында елеулі табыстарға қол жеткізді. Ел чемпионы атанды, бірқатар халықаралық додада дараланды. 2021 жылдың желтоқсан айында кәсіпқой рингтегі тұсаукесер кездесуін өткізді. Сол кезден бері алты жекпе-жек өткізіп, бесеуінде жеңіске жетті. Екі қарсыласын нокаутқа жіберді. Қысқа ғана мерізімде UBO және WBC International нұсқалары бойынша алтын белбеуді иеленді.
25 жастағы Рома Юсаф та осалдар санатынан емес. Ол бес бәсекенің барлығында басымдық танытты. Қос мықты аса жеңіл салмақтың WIBA нұсқасының чемпиондық атағы үшін таласты. Бірақ Пәкістанның өкілі жерлесімізге лайықты қарсылық көрсете алмады. Сегіз раундқа есептелген кездесу бірінші раундта аяқталды. Бәсеке басталған бетте Лукас Юсафты есінен тандырып, алтын белбеуді иеленді.
Дәл сол жарыста өнер көрсеткен аса ауыр салмақтағы Асқат Жантұрсынов та көпшіліктің қошеметіне бөленді. Осыған дейін ол жеті рет шаршы алаңға шығып, алатауында жеңіске жеткен еді. Бес қарсыласын ұрып жықты. Бакуде Асқатқа грузиялық Мугавил Мұсаевты айқын жеңу үшін небәрі 12 секунд жеткілікті болды.