Ат құлағы көрінбейтін ақ түтек боран Жуалы ауданында жиі болады. Содан болса керек, жұрт арасында «Жамбылдың қысын көргің келсе, Жуалыға бар» деген сөз жиі айтылады. Үш ай қыстың жартысында «күре жол жабылды» деген хабарлама толассыз келіп жатса да, жұрт жолға шығуын тоқтатар емес. Ескертуге құлақ аспаудың салдары көбіне-көп жол-көлік оқиғасына алып келеді.
Қаңтардың соңғы күні «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолының 567-шақырымында болған жол-көлік оқиғасы жұртты алаңдатып қойды. Мәліметке сенсек, боранды күні 26 көлік соқтығысқан. Оның төртеуі жолаушылар автобусы болса, қалғаны – жүк көлігі және жеңіл автокөліктер. Нұрлыкент ауылының маңында болған апат салдарынан 31 қаңтар күні 26 адам Жуалы аудандық орталық ауруханасына жеткізілген. Олардың арасында нәресте де бар.
Мамандардың айтуынша, түрлі дәрежеде жарақат алғандардың ішінде төрт азаматтың жағдайы ауыр. Олар мамандардың жедел іске кірісуімен жансақтау бөліміне жатқызылған. Ал бір азамат санавиация арқылы облыс орталығына жеткізілген.
«Баланың жағдайы орташа, ал төрт адам жансақтау бөліміне орналастырылды. Он бес азамат аяқ-қолы, кеудесінен жарақат алған. Олардың да жағдайы орташа. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жарақат алған азаматтарға тиісті медициналық көмек дер кезінде көрсетілді», дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Толқын Өмірбаева.
Бет қаратпайтын боран кезінде апатқа ұшыраған автобуста елуге жуық жолаушы болған. Олар жергілікті атқарушы биліктің жауапты мамандарды шұғыл жұмылдыруының арқасында жақын маңдағы жылыту пунктіне орналастырылған.
Ал облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Руслан Орынбековтің айтуынша, ТЖД азаматтық қорғау қызметін жедел жұмылдырған. Ауа райының алдағы күндері мың құбылуы мүмкін екенін еске салған ол азаматтардың алыс жолға шықпағанын мақұл көріп отыр.
«Балаларымызбен келе жатқан едік. Мына жол апаты есімізді шығарды. Келініміз басын ұрып алды, қалғанымыз не болғанын түсінбей дағдарып қалдық. «Жол азабын жүрген білер» деген осы шығар. Бастысы, діттеген жерімізге дін аман жетсек болғаны. Бұл да бір бізге берілген сынақ шығар», дейді шымкенттік азаматша Айнұр Оспанова.
Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін сақтау, қолайсыз ауа райында жолға шықпау туралы бірнеше мәрте ескерту жолдағандарына қарамастан, жүргізушілер ережені бұзуды тоқтатар емес. Жылдамдықты асырып, қашықтықты сақтамайтын, жазғы доңғалақтармен жүретін автокөлік иелері әлі күнге дейін азаяр емес.
Нұрлыкент ауылындағы жол-көлік оқиғасына кім кінәлі? Бұл мәселені тиісті органдар зерделейтіні анық. Алдағы күндері қорытындысы белгілі болады. Жол-көлік оқиғасына айыпты бірнеше адам болуы да мүмкін. Өйткені бір емес, 26 автокөлік апатқа ұшырап отыр. Қалай болған күнде де мәселенің мән-жайын құқық қорғау органдары анықтайды.
Қыстың көзі қырауда автокөлік жүргізушілері сауысқандай сақ болғаны жөн. Жұрт арасында «Боранды бекет» атанып кеткен Жуалы ауданының аумағымен жүрмес бұрын автокөлік иелері жолдың жағдайы мен ауа райы туралы мәліметті біліп отырса құба-құп. Ең дұрысы, қарапайым хабарламаға құлақ асқан жөн.
Жамбыл облысы,
Жуалы ауданы