Қор нарығына қадам басу ерекше сауат пен білікті талап етеді. Бірақ бұған қарап биржада мәміле жасау соншалықты қиын әрі онымен тек ірі инвесторлар ғана айналысады деген көзқарас тумауға тиіс. Қазір биржа үдерістері әлдеқайда жеңілдетілді. Түрлі қосымшалар шықты. Күнделікті жұмысын істеп жүріп-ақ қор нарығынан тәуір пайда табуға машықтанған адамдар өте көп. Дегенмен кейбір ерекшеліктерді біліп жүргеннің артығы жоқ. Өйткені мұнда ұсақ-түйек қателік деген мүлде болмайды.
Елімізде екі биржа – Қазақстан қор биржасы (KASE) және Астана халықаралық қаржы орталығы (AIX) жұмыс істейді. Біздің биржалардың ерекшелігі – олардың аумағындағы саудаға салық салынбайды. Биржа – сатып алушы мен сатушының кездесетін алаңы. Мұнда бағалы қағаз, акция, облигация, ETF қорларындағы үлестер, сондай-ақ мұнай, металл, астық сияқты тауарлар саудаланады.
Биржада кез келген құнды қағазды сатып алу үшін сізге делдал қажет. Делдал дегеніміз – салалық қызметті жүзеге асыруға тиісті лицензиясы бар брокерлік компания. Брокер инвесторға биржаға кіруге мүмкіндік береді және сол үшін ақы алады. Сіз брокерлік шотты ашасыз, оны қажетті валютада толтырасыз және брокерге қандай бағалы қағаздарды сатып алу керегі туралы тапсырма бересіз.
Брокер таңдау да аса жауапты жұмыс саналады. Сенімді компанияны табу үшін ресми ресурстарды пайдалану керек. Мысалы, KASE брокерлер туралы көп ақпарат алуға мүмкіндік береді. Оларды таңдау кезінде мына критерийлерге мән бересіз:
Ұлттық банк берген лицензиясы бар ма? Ыңғайлы онлайн платформасы бар ма? Қолжетімді құралдар мен нарықтары қандай? Қашықтан қызмет көрсетіле ме? (кеңсеге бармай-ақ)Есте ұстайтын жағдай – брокер ешқашан шотты дереу толтыруды талап етіп, жоғары кірістер мен төлемдерге уәде бермейді. Кепілді табыс туралы уәдені үйіп-төккен брокерден алыс жүрген абзал.
Қош, брокер таптыңыз, биржаны таңдадыңыз, ендігісі – бағалы қағаздарды түстеп тану. Ол да оңай емес. Бірақ қиын да емес. Көпшілікке ерекше таныс, жиі аталатыны – акция. Бұл – құнды қағаз, бизнестің үлесіне құқығыңызды растайтын құжат. Үлестік бағалы қағаз болып саналады. Акция ағымдағы пайданың үлесін дивиденд түрінде алу, компания таратылған кезде мүліктің бір бөлігін алу, ұйымды басқаруға қатысу мүмкіндігін иелену сияқты мүмкіндіктер береді.
Облигация дегеніміз – қарыз қағаз. Компания дамуға немесе кеңеюге ақша жетпеген кезде облигациялар шығарады. Инвестор өз кезегінде, тұрақты купондық төлемдер алып отырады. Облигациялардың мерзімі аяқталғанда инвестор барлық ақшасын қайтарып алады.
Пай қоры – кәсіпқойлардың стратегиясына сәйкес басқарылатын бағалы қағаздардан тұратын дайын портфель. Ал биржалық қорлар немесе ETF түрлі сала мен елдерді қамтып, жаһандық индекстерге негізделеді. Үлесті сатып ала отырып, сіз бірден барлық бағалы қағаздарға немесе активтерге инвестициялайсыз. Сондай-ақ ETF дивиденд төлейді.
Биржадағы өміріңіз сәт өткен сайын күрделене береді. Акциялардың түр-түсін ажыратумен іс бітпейді. Мейлі, табыс тауып жатырсыз, бірақ атқарар шаруа әлі орасан. Ендігі міндет – инвестициялық портфеліңізді жасақтау. Портфель ішіне қай компаниялардың, қанша акциясын, облигациясын кіргізесіз деген сауал алдыңыздан кесе-көлденеңдейді. Мәселен, портфельді өңкей мұнай компанияларының акцияларынан қалыптастыруға болмайды. Алда-жалда мұнай бағасы құлдыраса, сіздің табысыңыз да күрт төмендейді. Ал егер технологиялық компания, IT компания, мұнай компаниясы, банк корпорациясы секілді әр алуан компания акцияларын ұстасаңыз, онда тиімді табысқа қол жеткізуге болмайды. Өйткені бұлардың бәрі бір сәтте құнсызданбайды, тіпті сәті келіссе барлығы бірдей табысқа жол ашуы әбден мүмкін.
Әсілінде, инвестициялаудың екі негізгі стилі бар – актив және пассив. Актив портфельде өсу акциялары басым болады, ал екінші жағдайда индекстік қорлар және облигациялар басымырақ. Сіздің жетістігіңіз портфельдің кірісімен өлшенеді. Бұл – бағалы қағаздардан алынған пайданың инвестициялардың жалпы сомасына қатынасы. Ол әдетте пайызбен көрсетіледі, яғни сіз акцияны сатып алу үшін 1000 доллар инвестициялайсыз да, кейінірек оны сатып, 1 500 доллар аласыз. Мұнда сіздің табысыңыз 50% болады. Кейбір инвесторлар тұрақты қаржы құралдарын сатып алса, кейбірі жоғары тәуекелді акцияларға құмар. Инвестициялаудың бастапқы кезеңінде кез келген инвесторға тәуекелге төзімділікті анықтау өте маңызды. Бұл инвестордың стратегиясы мен инвестициялау мерзімін анықтауға мүмкіндік береді.
Консервативті портфельде көбіне облигациялар басым, ал акциялар аз болады. Портфельдің бұл түрі инвестициялауды енді бастап жатқандарға ыңғайлы. Агрессивті портфель табысы жоғары бағалы қағаздардан тұрады. Табыс жоғарылаған сайын, тәуекел де жоғарылайды. Сондықтан онда акциялар көбірек болады, ал облигациялар өте аз болады. Тәжірибелі, тәуекелге баруға қорықпайтын, нарықтың мінез-құлқын болжай алатын инвесторлар көп жағдайда агрессивті портфель қалыптастыруға бейім.
Инвестициялау стратегиясының өзі бірнеше түрге бөлінеді.
P Өсу стратегиясы: Кемінде 20% әлеуетті өсімі бар компанияға инвестициялау. Әдетте дивиденд төлемейтін компаниялар барлық таза табысты өз дамуына инвестициялайды.
P Дивидендтік стратегия. Мұнда біз дивидендтерді тұрақты төлейтін компанияларды таңдаймыз. Осындай инвестициялық стиль пассив инвесторлар арасында танымал.
P Құндық әдіс. Бағаланбаған бағалы қағаздарға нақты құнына сәйкес келмейтін төмен нарықтық құн белгіленеді. Инвестициялаудың бұл әдісінде инвестор қор нарығының «климатын» бақылайды да ондағы бағаланбаған акцияларды алады.
P Индекстік инвестициялау. Индекс – бағалы қағаздар жиынтығы. Бұл белгілі бір елдің акциялары болуы мүмкін. Әр активтің мөлшері алдын ала анықталған.
Стратегия ұзақ және қысқамерзімді болып та ажыратылады. Ұзақмерзімді стратегияның артықшылығы – компанияны дұрыс таңдаған жағдайда жоғары кіріс түсу ықтималдылығы артады, эмоционалды стресс азаяды және шешім қабылдау үшін уақыт жеткілікті болады. Ал кемшін тұсы – жоғары кіріске жету үшін бір жылдан аса уақыт күту керек және ұзақмерзімді стратегия фундаменталды талдау негіздерін оқуды қажет етеді. Ал қысқамерзімді стратегияны таңдаған кезде аз уақыт ішінде көп пайдаға кенелу мүмкіндігі туындайды. Бірақ мұның тәуекелі жоғары. Сонымен бірге техникалық және фундаменталды талдау негіздерін оқу қажеттілігі, мәміле көбейген сайын комиссиялық шығынның да көбеюі, жаңалықтар мен қауесеттерге көңіл бөлуге көп уақыт жұмсау – осы стратегияның кемшіліктері деп айтылады.
Қор нарығының сарапшылары тәуекелді де бірнеше нұсқамен қарастырады. Компания менеджменті нашар болуынан табыс болжамының ақталмауы мүмкін екенін эмитент тәуекелі деп атайды. Секторлық тәуекел – сектордағы барлық компанияның өнімдеріне деген сұраныстың төмендеуі. Сыртқы факторлар салдарынан компания табысының құлдырауы экономикалық және саяси тәуекелге жатады. Әрине, пандемия, табиғи апат секілді форс-мажор жағдайлар – бақыланбайтын тәуекелдер.
Инвестициялау мерзімі ұзартылса, тәуекел де төмендейді. Өйткені ұзақмерзімді перспективада нарықтың өсу ықтималдығы айтарлықтай жоғары. Ал қысқамерзімде баға ауытқуы ерекше сезіледі. Жоғарыда атап өткен портфельді әртараптандыру туралы да осы жерде тағы айтамыз. Өйткені портфельді әртараптандыру инвесторды түрлі тәуекелден қорғайды. Салалар арасында теңгерімді сақтау және құралдардың әртүрлілігі салынған ақшаның жоғалту қаупін азайтады.