Францияның Монпелье қаласында теннистен жүлде қоры 579 320 еуроны құраған «АТР 250» турнирі аяқталды. Финалдық сайыста Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик хорватиялық Борна Чоричпен күш сынасты.
Бублик финалға дейін канадалық Денис Шаповалов (№137), жуырда ғана Қазақстан азаматтығын алған Александр Шевченко (№59) және Үйеңкі жапырақтары елінің тағы бір өкілі Феликс Оже-Альяссимнен (№30) айласын асырды. Ал шешуші кездесудің алғашқы сеті Борна Чоричтің жеңісімен аяқталса, қалған екеуінде Александр Бублик басымдық танытып, бас жүлдені олжалады. Есеп – 5:7, 6:2, 6:3. Осы табысы арқылы ол 88 125 еуроны еншіледі.
Бұл күндері Дубайда тұрып жатқан 27 жастағы Загреб қаласының тумасы Б.Чорич өзінің спорттық мансабында АТР турнирлерін үш рет ұтты. 2019 жылы Аустралияның ашық біріншілігінің төртінші кезеңіне дейін жетсе, 2020 жылы «US Open» додасының ширек финалында ойнады. Бес рет Ролан Гарростың үшінші айналымында өнер көрсетті. Осыдан бес-алты жыл бұрын Борна әлемдік рейтингте 12-орынға дейін көтерілген. Қазіргі кезде ол 37-сатыға тұрақтады.