Францияның астанасы Парижде Grand Slam турнирі өз мәресіне жетті. Әдетте біз 60 және 66 кг салмақ дәрежелерінде белдесетін дзюдошыларға айрықша сенім артамыз. Себебі түрлі дүбірлі додаларда көбіне-көп олжаға кенеліп жүргендер – солар. Бірақ бұл жолы балуандарымыз ел сенімін ақтамады.
Аса жеңіл салмақта Елдос Сметов күресті. Кейінгі кездері бағы жанбай жүрген даңқты балуан осы жолы жақсы өнер көрсетіп, әлемдік рейтингтегі жағдайын түзейді деп үміттендік. Алайда ол екінші айналымнан аса алмады. Тұсаукесер кездесуде мысырлық Әдел Хамаданы ұтқан Елдос іле-шала Оңтүстік Кореяның оғланы, әлем мен құрлық чемпионаты және Азия ойындарының жеңімпазы Ли Харимге есе жіберді. Дәл осы салмақтағы Нұрқанат Серікбаев бірінші кезеңде өзбекстандық Достон Рузиевтің осал тұсын таба алмады.
66 кг салмақтағы Ғұсман Қырғызбаев конголық Крист Мупатаны қапы қалдырғанымен, көп ұзамай әлемнің екі дүркін чемпионы, екі дүркін күміс жүлдегері, Азия ойындарының финалисі жапониялық Дзёсиро Маруяманың оңай олжасына айналды. Есет Қуанов үшінші айналымға дейін жетті. Ол венесуэлалық Уиллис Гарсия мен молдовалық Раду Извореануды жеңіп, Панамерика ойындарының екі дүркін жүлдегері, өз құрлығының екі дүркін чемпионы, бразилиялық Вилиан Лимаға жарытып қарсылық көрсете алмады.
Келесі күні ерлер тағы екі салмақ дәрежесінің жүлделерін сарапқа салды. 73 кг салмақтағы Асқар Нарқұлов алғашқы айналымда кипрлық Андреу Киприаносты қапы қалдырғанымен, іле-шала өзбекстандық Шахрам Акхадовтан айласын асыра алмады. Есесіне, Данияр Шамшаевтың екпіні күшті болды. 2022 жылы Астанада Азия чемпионы атанған қазақ балуаны бастапқы бәсекелерде Хосе Антонио Аранда Олалла, латвиялық Абдулфаз Насировс, франциялық Хуан-Бенжамин Габаны ұтып, ширек финалда жапониялық Тацуки Ишихараға жол берді. Жұбаныш белдесуде Данияр косовалық Дардан Ценаның аяғын көктен келтірді. Алайда келесі кездесуде ол да Нарқұловты жеңген Акхадовқа есе жіберді. Сөйтіп, Шамшаев бесінші орынды қанағат тұтты.
81 кг салмақтағы Руслан Мұсаев тұсаукесер кездесуінде өзбекстандық Мұса Собировтан ұтылса, Абылайхан Жұбаназар аргентиналық Томас Моралес, аустриялық Вахид Борчашвили және Португалияның атақты дзюдошысы Анри Эгутидзені жолынан ығыстырғанымен, Олимпиаданың қола жүлдегері, әлем чемпионы, Еуропа ойындарының жеңімпазы, бельгиялық Маттиас Касстан жеңілді. Жұбаныш белдесуде де Абылайханның асығы алшысынан түспеді. Ол молдовалық Михаил Латышевтан ұтылды.
Үшінші жарыс күні 90 кг салмақтағы Айдар Арапов пен Ермахан Әнуарбеков алғашқы айналымдарда түркиялық Михаэль Жганк пен ресейлік Егор Воропаевтан жеңілді. 100 кг салмақ дәрежесінде белдескен Бекзат Шағатаев бразилиялық Рафаэль Бузакариниден жығылды. Америкалық Натаниэль Кивті қапы қалдырған Нұрлыхан Шархан одан кейін нидерландтық Михаэль Коррелмен күш сынасты. Әлемнің үш дүркін қола жүлдегері, Еуропа чемпионы қазақтың нар тұлғалы азаматының алдында тізе бүкті. Ширек финалда Шархан Сербияның саңлағы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы Александар Кукольге жер сипатып кетті. Жартылай финалда ол Испанияның туы астында өнер көрсетіп жүрген грузин жігіті Николоз Шеразадашвилидің осал тұсын таба алмады. Қола медаль үшін болған бәсекеде жерлесіміз Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері, швейцариялық Даниэль Эйхтен басым түсіп, жанкүйерлерді қуантты.
Соқыр жеребе Ғалымжан Қырықбайды бірден даңқы жер жарған Тедди Ринермен жолықтырды. Олимпиаданың үш және әлемнің 12 дүркін чемпионы қандасымызды еш қиналмай ұтты. Есесіне, Ерасыл Қажыбаев Францияның екінші нөмірлі дзюдошысы Тергек Джозевті жолынын ығыстырып, келесі кезеңде әлем чемпионы, Панамерика ойындары мен біріншілігінің үш дүркін жеңімпазы кубалық Энди Гранданы оңдырмады. Бірақ одан әріге Ерасылдың шамасы жетпеді. Ширек финалда ол жапониялық Канто Наканоға және жұбаныш белдесуде грузиялық Ираклий Деметрашвилиге жол берді.
Осылайша, Парижге сапар шеккен Қазақстанның дзюдошылары арасынан тек Нұрлыхан Шарханның ғана жеңіс тұғырына көтерілуге күш-жігері жетті. Ал Данияр Шамшаев бесінші орынды қанағат тұтты. Міне, Францияның астанасында өткен Grand Slam турниріндегі ең үздік нәтижеміз – осы.