• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Ақпан, 2024

Инватакси: Саны мен сапасы қандай?

135 рет
көрсетілді

Елордада ерекше қажеттілігі бар 2,5 мыңға жуық адам тұрады. Соған қарамастан, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз орта құру мәселесі әлі толық шешімін тапқан жоқ. Әсіресе қоғамдық көлік пен инватаксиге қолжетімділік мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Бұл мәселе «Amanat» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау алаңында өткен дөңгелек үстелде көтерілді.

Астанадағы ерекше қажеттілігі бар тұрғындар партияға жүгініп, инватакси тапшылығы мәселесін шешуге көмек көрсетуді өтінген. Осыған орай партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі Көлік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ден­саулық сақтау министрліктері және Астана қаласы әкімдігі өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйым­дастырды.

Жоғары сұранысқа қарамастан, қалада тек 6 инватакси бар. Ол – гидравликалық көтергіші бар арнайы көліктер. Сарыарқа ауданы әкімінің инклюзия жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Жанат Қабдолланың айтуынша, инватаксилер таңғы сағат 9-дан кешкі сағат 6-ға дейін ғана жұмыс істейді. Бұл ерекше қажеттілігі бар адамдардың жүріп-тұруын айтарлықтай шектейді.

«Мұндай кестемен түнгі көрсе­тілімге киноға да бара алмайсың. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар адамдар көлікке өз күшімен отыра алмайды. Мәселен, электр арбаға таңылған адамдарды айтуға болады. Менің арбамның салмағы 120 кило әрі жиналмайды. Бұл жыл сайын қайталанып жатқан мәселе, себебі біз қыста сыртқа шыға алмаймыз. Өйткені боранда аялда­ма­ға жете алмайсың, ал мамандан­ды­рыл­ған арнайы такси барлығына бірдей жете бермейді», деді Жанат Қабдолла.

Астана қаласының тұрғыны Әсем­гүл Әбдірахманова ерекше қажет­тілігі бар адамдардың қоғамдық көлікті кеңінен пайдалануы үшін коммуналдық қызметтердің жұмысын жақсарту қажет деп санайды. Омбы қар жүріп-тұруында ақауы бар мүге­дектерге кедергі келтіреді.

«Көліктер 2010 жылдан бері жа­ңартылмаған. Жолай бұзылып қалатын кездер де болады. Амал жоқ, өз есебіңнен қарапайым таксиге ауысып отыруға тура келеді. Кейде диспетчерге хабарласу да қиын. Қоғамдық көліктерге келетін болсақ, 10 жылда айтарлықтай өзгеріс болғанын байқадым. Қазір жүргізушілер пандусты түсіріп, жағдай жасайды. Яғни оң өзгеріс бар», деді ол.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, былтыр Астана және Алматы қалаларында ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін инватакси қызметін көрсету кезінде такси агрегаторларын пайдаланудың қанатқақты жо­басы сынақтан өткізілді. Бұл қыз­мет бір жылда 53,9 мың рет пай­даланылған. Екі қалада аталған қанат­қақты жобаға 639 адам қатысты. Жоба аясында азаматтар «Яндекс Go» мобильді қосымшасы арқылы инватакси негізінде жеңіл автокөліктерге тапсырыс бере алады.

2024 жылы елордада инватакси қызметіне шамамен 1,2 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб мәлімдеді. «Егер «Яндекс Go»-мен кооперация сәт­ті жалғасатын болса, мемлекет қаражатты қалай тиімді бөлу керек екенін анықтау үшін белгілі бір сапар санын күніне 3-4 рет белгілеуді ұсынамыз. Такси бағасы маусым сайын өзгеретінін ескерсек, қыста тариф бағасы қымбаттайды», деді ол.

Партияның Республикалық қоғам­дық қабылдау бөлмесінің меңгеру­ші­сі Әлия Садырбаеваның айтуынша, елордада инватакси тапшылығын шешу – өзекті мәселенің бір парасы ғана. «Партияның қоғамдық қабыл­дау бөлмелеріне жүгінген ерекше қажеттілігі бар адамдардың өтініші олар­дың әл-ауқатын жақсартуға ерекше назар аударуды қажет ететінін көрсетеді. Былтырдың өзінде 4,2 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Мін­детіміз – барлық азаматқа, әсі­ресе жүріп-тұруында ақауы бар адам­дарға қолжетімді, қолайлы орта қалып­тастыру», деді ол.

Айта кетейік, ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау – «Amanat» жұмысындағы басты басымдықтың бірі. Мәселен, партияның «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында былтыр меди­циналық мекемелердің элек­трондық құжаты негізінде мүгедектікті белгі­леу үдерісі заңнамалық түрде бекі­тілді. Сонымен қатар 5 мыңға жуық әлеуметтік нысан бейімделу, даму кемістігі және олардың туындау қаупі бар жас балаларға арналған 8 ер­те араласу орталығы ашылды. Сон­дай-ақ мектептерде инклюзия­ны қолдаудың 61 кабинеті ашылды. Бұ­дан бөлек, биыл 1 қаңтардан бас­тап I топтағы мүгедектігі бар адам­дар­ға арналған жәрдемақы 89 248 тең­геден 95 496 теңгеге дейін, II топ­тағы адамдардың жәрдемақысы 71 398 тең­геден 76 397 теңгеге дейін, III топтағы азаматтардың жәрдемақысы 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін өсті.

Талқылау қорытындысы бойынша, іс-шараға қатысушылар партияға жүгінген Астана тұрғындарын Көлік министрлігі жанындағы жұмыс тобына мүшелікке кіргізу туралы келісімге келді. Жұмыс тобы мүгедек адамдарды тасымалдау қызметіне қатысты қолданыстағы ережелерге бірқатар түзету әзірлейді.