• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Инфрақұрылым 06 Ақпан, 2024

«EcoQoldau» жүйесі іске қосылды

157 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте қалдықтарды қайта игеруге қатысты бір­қатар мәселе айқындалып, нақты бастамалар қол­ға алынғаны туралы айтылды.

Экология және табиғи ресурс­тар министрі Ерлан Нысанбаев өңір әкімдіктеріне коммуналдық қал­дықтарды игеріп, реттеуге мін­дет жүктелгенін жеткізді.

– Әкімдіктердің ақпаратына сәйкес, еліміздегі 207 қала мен аудан орталықтарынан 130 ел­ді мекенде әртүрлі кезең­дер­де қалдықтарды бөлек жинау, 103 елді мекенде сұрып­тау желі­лері және қолмен сұрып­тау ұйым­дас­тырылған. 2023 жы­лы республика бойынша қат­ты тұр­мыстық қал­дық полигон­дар­ы­ның саны 3 016 болды. Оның ішінде, өкінішке қарай, экологиялық және санитар­лық нормаларға сәйкесі – 624 ғана (яғни 20,6%). Әкімдіктермен және орталық мемлекеттік орган­дар­мен (Өнеркәсіп және құры­лыс, денсаулық сақтау, төтен­ше жағдайлар министрлігі) бірле­сіп, елді мекендерде қатты тұрмыс­тық қалдық полигондарын ресім­деу тетіктерінің пысықталып жат­қанын айтып өткен жөн. Мәсе­лен, осы орындарға қойыла­тын мін­детті ең төменгі экология­лық, са­ни­­та­рлық-эпидемиология­лық және құ­рылыс саласындағы талаптар тал­қыланып жатыр, – деді Е.Нысанбаев.

Оның айтуынша, әкімдіктер­ге қалдықтарды басқару инфра­құры­лымын дамытуға қажетті құзыреттер беріліп отыр. Атап айт­қанда, жер учаскелерін беру, инф­рақұрылым тарту тәсіл­­­дерін әзір­­леу, экологиялық эмис­сия­­­лар­­­ды пайдалану, бизнес субъекті­­­­­леріне артықшылық (пре­фе­рен­­ция­лар) беру, мемле­кет­тік-жеке­шелік әріптестік шарт­та­рын жасасу бойынша құзы­рет­­тері бар. Әкімдіктер ком­му­нал­­дық қалдықтарды игеру бағ­дар­ламаларын әзірлеп жатыр.

Елімізде қалдықтарды игеруге қатысты тағы бір жаңалық мәлім болды. Ендігі уақытта қалдықты қайта өңдеушілерге «электронды аукцион» қағидатымен қалдық сатуға мүмкіндік беретін ақпарат­тық жүйеге тіркелу басталады.

– «EcoQoldau» автоматтан­ды­рыл­ған жүйесі іске қосылды. Жа­қын арада өңірлерді мате­риал­дық-техникалық жарақ­тандыруға бағытталған жобаларды қаржыландыру басталады. «EcoQoldau» қалдықтарды басқару саласындағы бизнес үдерістерді жеңілдетіп, елдегі экологиялық ахуалға оң әсер етеді. 2021 жылы осы мақсатта 6,1 млрд теңге төленді. Оның ішінде автокомпонеттерді қайта өңдеуге – 1,1 млрд теңге, плас­тик, картон, шыны қаптамаларды қайта өңдеуге 5 млрд теңге төленді, – деді «Жасыл даму» АҚ басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбай.

Сондай-ақ ол «EcoQoldau» авто­мат­тандырылған жүйесі арқылы қалдық сату қалай іске асатынын түсіндірді.

– Бірінші жеке немесе заңды тұлға мобильді қосымша арқылы жүйеге тіркеліп, жиналған қал­дықты сататыны туралы өтінім қалдырады. Одан әрі қалдық жинаушылар өз бағаларын ұсынып, қал­дық иесінен оны сатып алады. Жинаушылар ай бойы жина­ған қал­дық туралы деректі «EcoQoldau» жүйесіне енгізіп, хабар­лан­дыру жариялап отырады. Жинау­шы­лар көңілінен шыққан сатып алушымен келісімшарт жасайды. Одан кейін жинаушы қалдықты тасымалдау жөнінде хабарландыру шығарады. Ал оны кімнің таситынын қалдық иесі дербес таңдап, қалдықты қайта өңдеушіге дейін жеткізу туралы келісімшарт жасасады. Қайта өңдеуші сенімді салмақ өлшейтін құрал арқылы сатып алынған қалдықты қабылдап, тиісті актіге қол қояды. Осыдан кейін қалдықты сатушы мен қайта өңдеуші операторға есеп жібереді. Сол есептің негізінде төлем жасалады. Қалдық сатушы аяқталған айдың есебін келесі айдың 15-іне дейін, қалдық өңдеушілер тол­ған тоқсанның есебін келесі ай­дың 25-іне дейін жіберуі керек. Бұл үдеріс ақпараттық жүйеге тір­кел­ген бар­лық пайдаланушыға қол­жетім­ді. Баға саясатын нарық­тық қа­тынас реттейді, – деді Е.Сәрсенбай.