Бәрекелді!
Кеше Тараз қаласындағы №1-ші перзентханада облыс іскер әйелдері қауымдастығының қоғамдық бірлестігі “Бірлігіміз жарасқан!” ұранымен өткізіліп жатқан акция шеңберінде “Ашық жүрек” атты қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырды.
Облыс орталығындағы бұл перзентханада еліміздің көптеген болашақ батырлары мен ақындары, ғалымдары мен дарындары дүниеге келіп жатыр деуге толық негіз бар. Өйткені, перзентхана бас дәрігері Қ.Сағынғалиеваның айтуынша, мұнда бір айда 600-ге жуық нәрестенің кіндігі кесіледі екен. Ал үстіміздегі жылдың өткен 5 айы ішінде іңгәлаған 3000 сәби дүние есігін ашыпты. Атам қазақ “адамды санамайды” деп ырым етсе де, “балалы үй базар” дегендей, еліміздің өсіп-өркендеп жатқан қуанышын жүрек түкпірінде жасырып тұра алмадық. Сонымен...
Перзентхана залына босанғандарына небары бір аптаның көлемі болған, бүгін-ертең отбасына сәбилі болып оралуға дайын отырған 20 ана шақырылыпты. Бәрі де өрімдей жас. Бәрінің қолында құндақтаулы сәбилер. Ал “қызыл шақалардың” өздеріне арналған сән-салтанатпен “шаруасы” жоқ, әр қайсысы өз мінездерімен, өз үндерімен перзентхананы “бастарына көтеріп” жатыр. Бейне бұл да “Ашық жүрек” акциясының “бас әні” сынды құлақққа оғаш естілмейді.
Облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы К.Тоғызбаева, облыс іскер әйелдері қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Г.Нұрымова аналарды қуаныштарымен құттықтады.
Шынында, әйел мерейі – өмірге сәби әкелуімен асқақтай түседі. Нағыз бақыт деген де осы. Осыған орай, бүгінде еліміздегі халық санының өсіп-өнуіне қал-қадерінше үлес қосып отырған аналар үшін жасалып жатқан қамқорлық та аз емес. Соның арқасында “Алтын алқа” мен “Күміс алқаға” және көптеген әлеуметтік жеңілдіктерге қол жеткізген көп балалы аналардың қатары да жыл санап көбейе түсуде.
Облыста өткізіліп отырған осы қайырымдылық іс-шара да сол қамқорлықтардың бірі болып табылады. Гүлдар Нұрымова алыстағы Мойынқұм ауданынан келген жас ана Айсұлу Әбдірахманова дүниеге әкелген Мирас атты ұлға “нағашы әже” атанып, бесік сыйлады. Айсұлудың күйеуі Мэльс Әбдірахманов қарапайым жұмысшы. Өзі үй шаруасындағы әйел. Сондықтан жабдықтары жалт-жұлт еткен бұл сыйлық, шынында облыста бұрын-соңды қолға алынбаған және алдағы уақытта еліміз бойынша игі дәстүрге айналдыруға болатын жақсы бастама екен деп түйдік. Сөйтіп, салтанатқа шақырылған басқа аналарға да барлығы 200 мың теңге көлеміндегі бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Халқымызда “Қуаныш бөліссе көбейеді, қайғы бөліссе азаяды” деген қанатты сөз бар. Елбасы да, ел де ата-бабалардың осы өсиетіне үнемі адалдық танытып келеді. Бұған мысал ретінде, Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облысындағы топан су алған ауылдардың орнынан бой көтерген жаңа қонысты айтуға болады. Ал перзентханадан отбасына оралғалы отырған отбасылардың қуанышына ортақтасып, жағдайы төмен жас отбасыларға “нағашылық” жолмен бесік сыйлау – тек қана жаңа тұрпатты қазақстандықтардың ғана қолынан келетін іс. Беделді, берекелі елдің дәстүрі де бекзат!
Елде “дос сүйініп, дұшпан күйінетін” осындай жаңа да, жақсы бастамалар көбейе берсін деп тілейік, ағайын!
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы.